|
|
 | |  |
Негізгі бет » 2009 » Қараша » 5 » [05.11.2009.] Қажылыққа жолдаманы жеңіп алды
[05.11.2009.] Қажылыққа жолдаманы жеңіп алды | 12:45 | Рамазан айының ізін ала Алматы Орталық мешіті өзінің www.meshit.kz cайты арқылы «Қажылық - Исламның қасиетті парызы», «Ислам - келісім және бірлік діні» және «Ұлт діңгегі, ұрпақ мұраты - Ислам» тақырыптары бойынша бәйге жариялаған еді. Әр тақырыптың бір-бір жеңімпазына үлкен қажылыққа тегін жолдама беру ұйғарылған болатын. Бәйгеге қазақ және орыс тілдерінде жазылған 30 мақала түсті. Құрамында 5 кісіден тұратын (Ә.Дәуренбеков, ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі; Е.Қарақұлов, ҚМДБ-ның ғылыми талдау және сараптама бөлімінің меңгерушісі; О.Өмірбек, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы; Қ.Маханбет, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы; М.Ахметов, Алматы Орталық мешітінің наиб имамы) әділқазылар алқасы материалдарды жіті қарап, зерделей келе «Қажылық - Исламның қасиетті парызы» тақырыбы бойынша - алматылық зейнеткер, 63 жастағы Ақзада Қожақұлқызы Мықтыбаеваны, «Ислам - келісім және бірлік діні» тақырыбы бойынша - Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің І курс студенті Ақжарқын Бердібекқызы Жетебаеваны, «Ұлт діңгегі, ұрпақ мұраты - Ислам» тақырыбы бойынша - «Иман» журналының жауапты хатшысы Кеулімжай Кәрімбайұлы Құттиевті жеңімпаз деп таныды. Үлкен қажылыққа жолдама салтанатты жағдайда, жұма намазына қатысушылар алдында тапсырылды.
*** Алматы Орталық мешітінің тікелей қолдауымен Медеу аудандық «Аманқұл ата» мешітінің жанындағы қарилар курсында 40-қа тарта шәкірт қарилар Жұманазар Садырханов пен Данияр Жұмабаевтың ұстаздық етуімен күндіз-түні Құран жаттауда. Аз уақыт ішінде-ақ шәкірттердің үздіктері байқалды. Олар Алматы қаласы бойынша өткен Құранды мәнерлеп, әрі жатқа оқу жарысында жүлделі орындарға ие болды. Құран жаттаумен қатар, бұл үздік шәкірттер Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде де жақсы оқып жүр. Өткен рамазан айында бұл үздік шәкірттердің ішінен тарауих намазында Құран хатым түсіргендері де болды. Тәртібі мен біліктілігі жағынан ерекше көзге түскен: Бақытнұр Мұхамеджанов (6 айда 10 пара жаттады); Бейсен Нығметұлы (1 жылда 20 пара жаттады); Мейірхан Жолдасбеков (жаттаған 30 параны қайта пысықтады) демеушілер арқылы үлкен қажылыққа тегін жолдамаға ие болды.
Жолдарың болсын, жас қарилар! (Өз тілшімізден).
АҚЫН АРМАННЫҢ НИЕТІ - ҚАЖЫЛЫҚ Жақында көкшелік ақын Арман Бердалин Алматыдан қуанышты хабар алды. Ол «Асыл арна» діни танымдық телеарнасы ұйымдастырған республикалық мүшәйрадан бас жүлдені иеленіп, қажылық сапарға барып қайтуға берілетін жолдаманы иеленді. Арман Бердалин жастайынан суырып салмалық хас өнердің биігінен көрініп келе жатқан талантты жастардың бірі. Ол соңғы жылдары намазға жығылып, имандылық тақырыбына өз еңбектерін жазып жүр. Оның «Қазақ пен арақ» туындысы жеке кітап болып шығып, оған бейнефильм де түсірілді. Біз де Арманды бұл алған жүлдесімен құттықтап, бес парыздың бірі - қажылық сапарын да аман-есен атқарып қайтуына тілектестігімізді білдіреміз. http://muftyat.kz/ Бақыт СМАҒҰЛ. Көкшетау қаласы.
|
|
|
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.
© 2008-2012 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
|
|
|
|