Қыркүйек айының соңғы күні елордамыздағы «Нұр Астана» орталық мешітінде Астана қаласындағы жастар арасында азан айтудан іріктеу байқауы өтті. Бұл, бұған дейін өздеріңізге хабарланғандай, қазан айының 21-інде өтетін республикалық «Әдемі әуезді азаншы» атты азан жарысына іріктеу байқауы болып табылады. Мұндай жарыстың еліміз тарихында алғаш рет қолға алынып отырғанына қарамастан, елордада өткен байқауға қатысамын деп тілек білдірген жас азаншылар көп болды. Дегенмен, солардың ішінен 30-дан астам үміткер ғана жарыс додасына шықты. Олардың көрсеткен өнерлеріне, яғни азан шақыру шеберліктеріне аталған мешіт қызметкерлерінен құралған әділқазылар алқасы баға беріп отырды. Азаншыларға қойылатын талаптарды атап айтар болсақ, алдымен олардың араб әріптерінің оқылу қағидалары мен созу ережелеріне сай айтылуына назар аударылды. Азан қай мемлекетте болсын, тек арабша шақырылатындықтан, осы мәселеге баса көңіл бөлінеді. Одан кейін жамағатты ұйытатындай азаншының дауыс әдемілігіне баға берілді. Сонымен қатар, азан дұғасын және азан сөздерінің мағынасын жатқа білуі керек. Осы айтылған талаптармен қоса, жарысқа қатысушыларға азан төңірегінде қосымша сұрақтар да қойылды. Астана қаласы бойынша іріктеу сайысынан 5 азаншы іркілмей өтіп, республикалық додаға жолдама алды. http://muftyat.kz
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.