Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында қыз балалардың хижабпен мектепке, тіпті жоғары оқу орындарына бару, бармауы туралы қоғамдық пікірталас жүріп жатыр. Бұл мәселенің аяқастынан кең түрде бұлайша талқылануына Әділет министрлігінің мектептерге мұсылманша киініп баруға рұқсат етуінен туындады. Біз, зайырлы елміз, заңға бағынуға тиіспіз. Әділет министрлігінің бұл шешімі, расында да, мұсылман қыз-келіншектердің ойынан шықты. Бұл шешімнің шығуына дейін қаншама машақатты басынан өткізді десеңізші?! Діни басқармаға мектеп оқушылары да, жоғары оқу орындарының студенттері де, тіпті, ұстаз қыздар мен келіншектер де келіп, орамал тартқаны үшін қудалауға түскенін, басшыларының: «Не орамалмен бол, не оқумен, не жұмыспен бол»,- деп талап қойғанын қинала жеткізіп, араша түсуді сұрайды. Әлбетте, діни басқарма заң шығарушы орын не министрлік емес. Мұндай жағдайда не деуі мүмкін? Ең алдымен қыз балалардың төлқұжат пен куәлікке орамалмен түсуіне рұқсат беруін сұрап, сол кездегі Әділет министрі Зағипа ханым Балиеваға Дінбасы қол қойған ұсыныс жіберілді. Мың болғыр, Зағипа қарындасымыз көп созбастан ұсынысты оң қабылдады. Бірақ, хижаб мәселесі жабулы қазан күйінде қалып қойды. Алғашқы жеткен жетістік одан әрі Әділет министрлігіне енді хижаб мәселесін де шешу талабын қоюға батыл жол ашты. Бұл көптен күткен орынды талапты жаңа Әділет министрі Рашид Түсіпбеков бауырымыз оң шешті. Оған Алла разы болсын! Ал бұған қатысты Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы ақпарат көздерінің хабарлауынша, әлі баяғы сол сіреу мұз қалпында жібімей қалып қойған сыңайлы. Әділет министрлігі орамал тартуға рұқсат береді. Ал негізгі тетік - Білім және ғылым министрлігі болса, рұқсат етпейді. Қарама қайшылық! Күлесің бе, жылайсың ба? Жағдай - осы. Осы мәселеге байланысты ел тұрғындары-ның 77 пайызы ұстанатын Ислам дінінің ең бас-ты кітабы қасиетті Құран не дейді? Онда: «Ей, Мұхаммед! Мүминдерге айт: бөгде әйел-дерге сұқтанып, көз сүзбесін, абиырларын (ұятты жерлерін) ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы... Мүмин әйелдерге айт: жат еркекке көз сүзбесін, абиырларын жапсын (бет, қол, аяғынан басқа) ішкі (тән) көріктерін көрсетпесін. Көкіректерін желектерімен жауып жүрсін. Сырт мүсіндерінен басқа көріктерін жасырып... адамдар алдында ашық-шашық жүрмесін» («Нұр» сүресі, 30-31-аяттар),- делінген. Бұл өзін мұсылман санайтын балиғат жасына жеткен әрбір қыз баласына да, жалпы әйел затына да ортақ Аллаһ тағаланың бұлжымас әмірі. Өкінішке орай, кешегі дінсіз қоғамда атеистік тәрбие көріп, насихатына уланған, бүгінгі күні де арамызда дардай қызмет атқарып жүрген, атақ-шеннен кенде емес замандастарымыз осы хижабқа үрке қарайды. Тіпті, оны кері кету (?) деп санайды. Сондай пікірдің бірін «Айқын» газетінде (№185, 6 қазан) педагогика ғылымдарының докторы Ұлжалғас Есназарова былайша білдіріпті: «Біріншіден, ана ретінде, екіншіден, ұстаз ретінде қыз балалардың мектепке хижаб киіп баруына қарсымын. Неге дейсің, исі қазақ мұсылман дінін қабылдағанға дейін де, одан кейін де қыз балалардың бетін жаппаған. Тек тұрмысқа шыққан келіндер ғана жаулық тартқан... Жалпы, қазақ қыздарын әлпештеп, әлдилеп ұстаған. Басына әшекейлі сәукеле кигізген, бірақ қазіргідей беті-басын тұмшалатып, хижаб кигізбеген... Біз хижаб киіп кері кетуді ойлаудамыз...» Бұған не деуге болады? Пікір білдірушінің хижаб туралы түсінігі мүлдем жансақ. Оның түсінігінше, хижаб дегеніміз «беті-басын тұмшалату» екен. Біле-білсек, хижаб ұятты жерлерді жабу. Ал бет-ауызды тұмшалату ол паранжа саналады. Қазақ өз қыздары мен келіндеріне, әйелдеріне ешқашан да паранжа кигізбеген. Бұл үрдіс көршілес Өзбекстанның жекелеген аймағында әлі күнге дейін сақталған. Рас, қазақтар қыз балаларын жатжұрттық аманат деп ерекше қамқорлық танытқан. Пікір білдіруші айтқандай, «басына әшекейлі сәукеле кигізген». Бұл қазіргідей ашық-шашық жүру емес қой. Бүгінгі қыз-келіншектеріміздің, жалпы әйелзатының (газеттегі суретіне қарағанда, пікір білдірушінің өзі де) жалаң бас, шашын күнге қақтап жүруін қазақы болмысымызға сиғыза аламыз ба?! Сонда бұл пікір біздің ұлттық болмысымызды білдіре ме? Әлбетте, жоқ. Осындай жат пікірді сан мыңдаған оқырманы бар басылым бетінде білдірудің қаншалық қисынсыз әрі ұят екенін сезінсе етті?! Мұғалімдер дайындайтын жоғары оқу орнының білдей профессорының пікірі осындай болғанда, мектептегі ұстаздардың хижабқа байланысты оқушыларына қояр орынсыз, әрі сыңаржақ ұлттық болмыстан мүлдем ада талабына таңдануымыз қалай болмақ?!
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.