[19.11.2009.] Сүннетті мойындамау - дін бұзудың амалы - 19 Октября 2009 - Бала-Бүргемге қош келдіңіз
Жексенбі, 12.Ақпан.2012, 17:25
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
•  ОБЛЫСТАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ - ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ
•  Құрбан айт намазы
сауалнама
Намаз оқуыңа не кедергі?
Жауап берілді: 810
 

Негізгі бет » 2009 » Қазан » 19 » [19.11.2009.] Сүннетті мойындамау - дін бұзудың амалы


[19.11.2009.] Сүннетті мойындамау - дін бұзудың амалы
14:13
Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы:
- Ең әуелі ол топтың өздерін «құраншылар» деп атауы дұрыс емес. Себебі «құраншылар» деген сөз «біз Құранды дұрыс түсініп, әр ісімізде оны басшылыққа аламыз» дегенге саяды. Ал енді Құранды Алланың адамзатқа жіберген ақырғы елшісінің хадистерінсіз дұрыс түсіну мүмкін бе? Әрине, жоқ. Олай дейтініміз, Алла елшісі Мұхаммед (с.а.у.) қасиетті Құран кітапты адамзатқа жеткізуші жай дәнекер ғана емес, оны егжей-тежейлі түсіндіруші, жалпысын жалқылайтын, кесек айтылған үкімдер мен жалпы айтылған ереже-қағидаларды тарқатып талдайтын ұлы ұстаз ретінде жіберілген. Құранда құлшылық мәселесі болсын, дүниелік қарым-қатынастарды реттейтін басқа құқықтық мәселелер болсын, барлығы көбіне жалпы ереже күйінде айтылған. Ал сол негізгі ережелерді тарқатып түсіндірген, кесек үкімдердің тармақтарын талдап берген ақырғы елші Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың сахих хадистері болмақ. Мысалға, Құранда «намаз оқып, зекет беріңдер» деген тоқсанға жуық аят бар. Бірақ бұл аяттардың ешбірінде намаздың нақты уақыттары, рәкат сандары және намаз ішінде оқылатын сүрелер мен дұғалары көрсетілмеген. Ал енді хадисті жоққа шығарсақ, ғасырлар бойы оқылып келе жатқан намаз қалай оқылады? Сондай-ақ Құранда зекет берілуі тиіс мал-мүліктің түрлері мен мөлшері де нақты көрсетілмеген. Тіпті мұсылмандықтың рәмізіне айналған бес уақыт шақырылатын «Азан» Құранда мүлде айтылмайды. Мәйіттің қалай кебінделіп, жаназа намазының қалай атқарылып, қалай жерленетіндігі де білдірілмеген. Ендеше, хадиссіз Құранды, исламды дұрыс түсіну мүлдем мүмкін болмағандықтан, бұл топтың өздерін бұлай атауларының астарында Құранды өздерінің теріс әрекеттеріне перде ету жатыр. Сондықтан оларды «құраншылар» дегеннен көрі «Сүннетті мойындамайтындар, хадистерді жоққа шығаратындар» дегеніміз жөн. 
- Жалпы, «сүннет», «хадис» дегеніміз не? Оның дініміздегі шынайы орны қандай?
- Алла Елшісінің айтқан сөздері мен жасаған іс-әрекеттері және басқа адамдардың жасаған істері мен сөздерін пайғамбарымыздың мақұлдауы сүннет немесе хадис делінеді. Сүннет пен хадистің қысқаша түсіндірмесі - осы. Ал енді олардың дініміздегі дәлеліне келер болсақ, Алла Тағала Құранның бірқатар аяттарында Алла Елшісінің сүннеттерінің маңызын айқын көрсеткен. Мысалы, «Ниса» сүресінің 113-аятында: «Алла саған кітапты әрі хикметті түсірді. Саған бұрын-соңды білмеген нәрселеріңді үйретті. Алла Тағаланың саған деген кеңшілігі тым көп» делінсе, «Бақара» сүресінің 151-аятында: «Сендерге аяттарымызды (ғаламдағы Алланың құдіретін білдіретін дәлелдер) оқу мақсатында әрі сендерді рухани тазартып, кітабымызды және хикметті һәм басқа да білмеген нәрселеріңді үйрету үшін араларыңнан бір кісіні пайғамбар етіп жібердік» делінген. Құранда Алла тарапынан пайғамбарымызға кітаппен бірге хикмет берілгендігі шамамен жеті жерде айрықша айтылған. Алла Елшісіне берілген кітап - Құран, ал хикмет - пайғамбарымыздың сүннеттері екендігіне барлық ислам ғалымдары бірауыздан келіскен. Себебі аталмыш аяттарда Алла Елшісіне Құранмен бірге хикмет берілгендігі айрықша айтылып отыр. Ендеше, Құран бөлек, хикмет бөлек дүние. Олай болса, Алла Елшісіне берілген хикмет - ол сүннет. Мұны басқаша түсіну мүмкін емес. Пайғамбардың әрбір сөзі мен ісі, расында да, Құранда айтылғандай, хикмет десе, хикметтің нағыз қайнар көзі. Алла Елшісі бір хадисінде: «Мен хикмет ордасымын» деп аятта айтылған хикметтің өзінің сүннеті екенін түсіндірген. Яғни Алланың пайғамбарына құйған хикметі, хадис ретінде көрініс тапқан.
Хақ Тағала «Құранның басқа бір аятында: «...Сендер үшін Алла Елшісінде керемет өнеге бар» делінеді. Пайғамбарымыздың тамақ ішу мен отырып-тұрудағы, отбасындағы өнегелік мінездері, адамдармен болған барша қарым-қатынасы, соғыс сәтінде қалай қару асынып, қол бастағандығы, қиыншылықтарға қалай қарсы тұрғандығы, тағысын тағы үмметіне үлгі боларлық іс-әрекеттерінің көбі хадистерде қамтылған. Сондықтан бұл аят та Алла Елшісінің сүннеттерінің маңызын мақұлдайды. Олай болмағанда: «Алла елшісінде сендер үшін керемет өнеге бар» деген аяттың мәні болмас еді.
Али Ғимран сүресінің 59-аятында «Егер Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болсаңдар, онда тартысып қалған мәселелеріңіз бойынша Аллаға және оның Елшісіне жүгініңдер. Бұлай істеу сендер үшін қайырлы әрі нәтижесі тұрғысынан да ең жақсысы» делінген. Аятта айтылған мұсылмандардың тартысып қалған мәселелері бойынша Аллаға жүгінуі - бұл Құран аяттарына жүгіну деген сөз. Ал аятта айтылған пайғамбарға жүгінуден мақсат - оның артында қалдырған сахих сүннеттеріне жүгіну болмақ. Олай болмағанда, пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін мұсылмандардың тартысып қалған мәселелері бойынша «пайғамбарға жүгінудің» мәні қалмас еді. Әрі «Аллаға жүгініңдер» дегеннен кейін, «пайғамбарға жүгініңдер» деп айрықша атамас та еді.
- Тарихта сүннетті жоққа шығару бүлігі алғаш рет қашан пайда болған? Оның шығуына сыртқы дұшпандардың әсері жоқ па?
- Сүннетті жоққа шығару бүлігінің шығатынын пайғамбарымыз (с.а.у.) сонау он төрт ғасыр бұрын мұғжиза ретінде хабар беріп кеткен. Алла Елшісі (с.а.у.): «Маған Құран және тағы да сондайы (сүннет) берілді. Жақында қарны тоқ, күрсісіне жантайған біреу «Сендерге Құран жеткілікті. Ол жерде не халал болса, соны халал деп біліңдер. Ал не харам болса, оны да солай қабылдаңдар» дейді. (Сосын пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп сөзін жалғастырды:) Алла Елшісінің харам еткені де Алла Тағаланың харам еткеніндей екенін ұмытпаңдар». Пайғамбарымыз бұл хадисінде Алла тарапынан өзіне Құранның жанында хадистің берілгендігін білдірумен қатар, көп ұзамай қарны тоқ, жұмсақ орынға жантайып жатып, дүниенің рахатын іздеген құлшылыққа құлықсыз адамдардың хадиске қарсы шығатынын алдын ала қалайша дөп басып суреттеген?! Шынында да, хадиске қарсы шыққан адамдардың көбі құлшылыққа құлықсыз, нәпсілерінің жетегіне ерген адамдар екенін білеміз. Себебі бес уақыт намаз оқиын десе, нәпсілеріне ауыр. Оқымайын десе, Алла Елшісінің бес уақыт намаз оқудың парыздығы мен оны оқымаудың күнәсі айтылған хадистері тұр. Осыдан келіп намаздың бес уақыт екенін, рәкат сандарын нақтылап айтқан Алла Елшісінің хадистерін жоққа шығарады да, Құранда айтылған намазды тілдік мағынасына сүйеніп «жәй мінәжат етіп, дұға жасау» деп нәпсілерінің қалауларына қарай тәпсірлейді.
Сүннетті жоққа шығару бүлігі жүйелі түрде алғаш рет Һижри екінші ғасырдың басында пайда болған. Бұл бүліктің артында Харижилар мен Мұғтазила секілді ағымдар тұрды.
Ислам ғұламаларының қажырлы еңбегінің арқасында Харижилар мен Мұғтазила секілді сүннетті жоққа шығаратын топтардың ықпалы азайып, бүліктің беті қайтарылды. Ислам әлемінде хадисті жоққа шығару бүлігі осы жерде тоқтап, ХІХ ғасырдың орта шенінде Батыс шығыстанушыларының, басқаша айтсақ, орианталистердің қоздыруымен қайта бас көтерді.
Орианталистер деген кімдер? Ориантализм - шығыстану білімі. Ал орианталистер деп Шығыстың, әсіресе, мұсылмандардың тілін, әдебиетін, мәдениетін және сенімдері мен дінін зерттейтін Батыстың ғалым адамдарына айтылады. Бәрімізге белгілі Батыс исламға деген дұшпандығын түрлі тәсілдермен жүзеге асырып отырды. Кешегі ислам әлеміне бірнеше қайтара жасалған «кресшілер жорығы» сәтсіз аяқталғаннан кейін олар ислам дінінің негізгі құндылықтарына, мәдениеті мен тарихына тиісіп, бұрмаланған ғылыми негізде шабуыл жасауға көшті. «Әл-муслимун» газетінің ұйымдастыруымен өткен сүннетке байланысты дөңгелек үстелде баяндама жасаған про-фессор Абдул-Жәлил баяндамасының бір жерінде былай дейді: «Ислам үмметі бүгінде он үшінші ғасырдағы қым-қиғаш қиын жағдайға тағы да тап болып отыр. Ол ғасырда мұсылмандарға қарсы бір жақтан кресшілер жорығы жүрсе, екінші жақтан моңғолдар шабуыл жасаған болатын. Бірақ мұсылмандардың табандылығының арқасында моңғолдар жеңіліс тауып, христиандардың шабуылы тойтарылып, олар өз елдеріне қайтты. Алайда кресшілер жорығы мұнымен аяқталған жоқ. Thomas Aguэno сынды бірқатар адамдар мұсылмандарға қарсы ең әсерлі соғыстың қарумен емес, идеологиямен жүруі керектігін ұсынды. Міне, осы уақыттан бері Батыс тарапынан мұсылмандарға қарсы сипаты мен тәсілі өзгеше «кресшілер жорығы» басталды. Барлық ислами құндылықтарға көлеңке түсіріп, мұсылмандардың діндеріне деген сенімін әлсіретіп, күмән салу үшін қолдарынан келгенін істеп бағуда. Бұлар тек қана сүннетке емес, Құранға да күмән туғызу үшін бар күштерін салуда».
Орианталистер ең әуелі, исламның негізгі қайнар көзі - Құранның айналасында әртүрлі күдікті ойлар шығарып, мұсылмандардың санасын улап, имандарын әлсіретуге әрекет жасады. Бұл зымиян пиғылдарынан пайда таппаған олар енді Құранды хадис арқылы жоқ етуге кірісті. Себебі Құранның қате тәпсірленуіне Алла Елшісінің сахих хадистері бөгет екенін олар жақсы білді. Бұл ақиқатты бұрын христиан болып, кейіннен 1926 жылы мұсылмандықты қабылдаған австриялық ғалым Leopolde Weіss (Мұхаммед Әсад) орианталистерге жауап ретінде былай дейді: «Сүннет біздің он үш ғасыр бойы өркендеуімізді түсінудің негізгі кілті еді. Ендеше, қазіргі таңдағы кері кетуімізді түсінудің де негізгі кілтін неге сүннеттен іздемеске?»
«Алла Елшісінің сүннетін жүзеге асыру - исламды және оның өркендеуін қорғау деген сөз. Ал сүннетті жоққа шығару болса, исламның ыдырап, жоғалуы болмақ. Сүннет исламды көтеріп тұрған оның болат қаңқасы еді. Сен кез келген ғимаратты ұстап тұрған оның қаңқасын құлатсаң, сол ғимараттың быт-шыт боп құлауына таңғалмассың?».
Хадис ғылымымен алғаш айналысқан орианталист австриялық доктор Aloіs Sprenger (1813-1893). Үндістанға жіберілген Спренгер Делиде құрылған «Ислам ғылымдары» факультетінің деканы болды. Хадистердің басым көпшілігінің ойдан шығарылғандығын және хадистерге байланысты алғаш күдік салған орианталист - осы. Спренгердің ізімен Reіnhart Pleter Dozy (1820-1883), германиялық Geogre Weіll Davіd Samuel, британдық Margolіouth (1985-1940), франциялық P Henrі Lammens (1862-1937) және бельгиялық еврей Эgnaz Goldzіher (ө.1921) сынды бірқатар орианталистер сүннетті жоққа шығару мақсатында өздерінше ғылыми еңбектер жазды. Еңбектерінде ғылыми бұрмалауды да шебер жүзеге асырып отырды. Мысалы, еврей Эgnaz Goldzіher хадистерді қағазға түсіргендердің бірі Зүһридің сөздерін бұрмалаудан да тайынбаған. Хадистерді жадында жақсы сақтап, Алла Елшісінің сүннеттеріне барынша қызығушылық танытып жүрген ғалым Зүһриге Әмәуи билігі тарапынан ресми түрде хадистерді қағазға түсіріп, жинақтау ісі міндеттеледі. Осыған байланысты Зүһридің: «Әмәуи басшылары бізді хадистерді жазуға мәжбүрледі» деген сөзін «Әмәуи басшылары бізді хадисті ойдан шығарып, жазуға мәжбүрледі» деп бұрмалап аударған. Хадистермен айналысып жүрген ғылым адамын сүннетті қағазға түсіруге мәжбүрлеп міндеттеу бір бөлек те, оны ойдан шығарып жазуға мәжбүрлеу мүлдем бөлек нәрсе екенін көкірегі таза әркімнің айыратыны анық. Хадистерді қорғап үлкен еңбек жазған, әрі орианталистердің қасақана бұрмалаулары мен дінді бұзу мақсатында біржақты жасаған зерттеулерінің бетін ашып берген ислам ғалымы Мұстафа Сибағи Голдзердің жоғарыда көрсетілген бұрмалауын Шахт атты орианталиске көрсеткендігі жайлы былай дейді: «Голландияның Лейден университетінде, ислам ақиқаттарын бұрмалап, оған жала жабуда Голдзердің ізін жалғаған орианталист еврей Шахтпен жолықтым. Оған Голдзердің қателіктерін және кітаптарымызды әдейі бұрмалағандығын айттым. Баста мұны қабылдағысы келмеді. Бірақ мен Голдзердің сүннет тарихына байланысты жазған кітабынан мысалдар келтіре отырып, Зүһридің «Әмәуи басшылары бізді хадис жазуға мәжбүрледі» деген сөзін «Әмәуи басшылары бізді хадисті ойдан шығарып, жазуға мәжбүрледі» деп қалай бұрмалағандығын айттым. Алғашқыда таңырқады. Сосын кітапханасынан Голдзердің кітабын алып қарап, маған «дұрыс айтасың», Голдзер бұл жерде қателескен екен» деді. Мен оған: «бұл тек «қателік» пе?» дедім. Ол ашуланып: «Неліктен бірден жаман ойлайсыңдар?» деді. Зүһридің Әмәуилер патшасы Абдул-Мәликпен болған байланысына қатысты Голдзердің зерттеуіне қарай мен әңгімені ойыстырдым. Сөйтіп, мен оған Голдзердің пікірлерінің қате екенін әшкерелейтін тарихи шындықтарды көрсетіп бердім. Бұл тақырыптағы арамыздағы пікірталастан кейін Шахт: «Бұл жерде де Голдзер қателескен екен. Ғұламалар да қателеседі ғой!» деді. Мен оған: «Голдзер - ғылыми тұжырымдарын тарихи уақиғаларға негіздейтін Батыс шығыстану мектебінің негізін салушы тұлға. Бірақ сөйте тұра неліктен Зүһри туралы тұжырым жасағанда осы ұстанымынан айныған? Ол қалай ғана «Зүһри патша Абдул-Мәликке жағу үшін Ибн Зүбәйрге қарсылық ретінде әл-Ақса мешітінің қасиеттілігіне байланысты хадисті ойдан шығарған» деп айта алады. Ал шындығында, Зүһри Ибн Зүбайр қайтыс болғаннан жеті жылдан кейін ғана Абдул-Мәликпен кездесті емес пе?!» дедім. Осы жерді Шахттың беті қызарып кетті де, қолдарын уқалай бастады. Түрінен ызасы мен сасқаны көрініп тұр. Мен оған сенің «қателік» деп қана қарастырған осындай мәселелер алдыңғы ғасырда кең тарап, бір орианталистен екінші бір орианталиске тарихи ақиқат ретінде жетіп отырды. Біз, мұсылмандар, бұлардың бәрін кітаптың авторлары дүниеден өткеннен кейін ғана біліп отырмыз. Алайда осы «қателіктеріңізге» байланысты айтар ескертулерімізді сіздердің хадиске байланысты жаңсақ пікірлеріңіз ғылыми шындық ретінде қабылданбай тұрғанда, өздеріңіз тірі кезде дұрыстап қарап, нәтиже шығарсаңыздар» деп онымен болған әңгімемді аяқтадым».
Орианталистердің уәждері мен ғылыми бұрмалаулары мен біржақты дұшпандық зерттеулеріне алданып, соларға ерген Үндістан, Мысыр сияқты елдер де бірқатар ғалымсымақ адамдар да болды. Бірақ бұлардың соңынан еріп, олардың пікірлерін жақтаған жамағат болмады. Қазіргі таңда Түркияда Иашар Нұри Өзтүрік тәрізді сүннетті жоққа шығаратындар пайда болған. Ол өзінің «Құрандағы ислам» деген сүннетті сынға алған кітабын жазды. Алайда түрік ғалымдары да оның пікірлерінің қате екендігін, тіпті аталмыш еңбегіндегі автордың өзіне-өзі қайшы келетін тұстарын көрсетіп, оған қарсы кітаптар жазды. Түркияда да дінде үнемі жеңілдік іздейтін кейбір құлшылыққа құлықсыз адамдарды қоспасақ, олардың артынан ерген кең ауқымды жамағат шықпады.
- Қайрат мырза, сонда сүннетті жоққа шығарушылар нендей уәждерге сүйенеді және оған ислам ғұламаларының жауабы қандай?
- Сүннет қажет емес, бізге Құран жеткілікті дейтіндердің уәждеріне жеке-жеке ғылыми тұрғыда жауап берген ислам ғұламаларының еңбектерінің кейбіреуінің атын жоғарыда атадық. Ал енді сауал-жауап күйіндегі бұл сұхбатта олардың бәрін қамту мүмкін болмағандықтан, бірнешеуіне ғана тоқтала кетейік.
1. Құранда барлық нәрсенің егжей-тегжейлі баяндалғаны аятта көрсетілген. Мысалы, Құранда: «Біз саған бұл Кітапты (Құранды) әрбір нәрсенің түсіндірмесі ретінде түсірдік...» делінген аяттар бар. Ендеше, Құранда барлық нәрсе толық баяндалған болса, онда хадиске қандай қажеттілік бар?
Хадисті жоққа шығаратындардың келтірген бұл дәлелдері мен уәждері мүлде орынсыз. Себебі Құранда барлық нәрсенің бүге-шігесіне дейін егжей-тегжейлі түсіндірілмегені баршаға мәлім. Ендеше, «Біз саған бұл Кітапты (Құранды) әрбір нәрсенің түсіндірмесі ретінде түсірдік...» аятына келер болсақ, ондағы Құранның әрбір нәрсеге түсіндірме ретінде жіберілуін былай ұғынуға болады: Құранда адамға қажетті дүниауи һәм ақыреттік барлық ережелер мен мәліметтер, құлшылыққа қатысты қағидалардың басым көпшілігі жалпы қағида ретінде, кесек үкім күйінде қамтылған. Олай болса, аятта айтылған «Құранның барлық нәрсеге түсіндірме ретінде жіберілуін» осы тұрғыдан қарастыруға болады. Яғни Құран адамзатқа қажетті барлық нәрселердің түсіндірмесін мәйек күйінде, жалпы қағида ретінде қамтыған. Ал Алла Елшісі (с.а.у.) сол мәйек күйіндегі жалпы қағидаларды тарқатып түсіндірген.
2. Хадистер 200 жылдан кейін ғана қағазға түсірілгендіктен сенімсіз. Ал сенімсіз дәйек діни үкімдерге қайнаркөз бола алмайды. Пайғамбарымыздың өзі көзі тірісінде хадистердің жазылуына рұқсат бермеген.
Хадистерді жоққа шығаратындардың бұл уәждері де негізсіз. Олай дейтініміз, біріншіден, хадистердің Алла Елшісінің заманында мүлде жазылмағандығына келіспейміз. Алла Елшісі бірқатар хадистерінде өз сөзінің жазылуына рұқсат берген. Мысалы, Абдулла ибн Амр ибн Ас (р.а.) мынандай хадисті риуаят етті: Мен «Уа, Алланың Елшісі (с.а.у.), біз сізден көптеген жадымызда сақтай бермейтін хадистерді естиміз. Сол хадистерді жазайық па?» дедім. Алла Елшісі: «жазыңдар!» деп жауап берді. Имам Ахмедте келген басқа риуаятта: «Уа, Алланың Елшісі! Мен сізден кей нәрселерді естимін, соларды жазайын ба?» дедім. Алла Елшісі: «Иә» деді. Мен «ашулы немесе қуанышты кездеріңіздегі айтқандарыңызды да жазайын ба?» дедім. Алла Елшісі (с.а.у.): «Әрине». Бұл екі жағдайда да Мен тек қана ақиқатты айтамын» деп жауап берді.
Уаһб ибн Мүнаббиһтың бауырынан риуаят етілді. Ол былай деді: «Абу Һурайраның былай деп айтқанын естідім: «Абдуллаһ ибн Амрдан басқа Алла Елшісінің сахабаларының арасында хадисті менен көп білетін жан жоқ. Себебі Абдулла ибн Амр хадистерді жазатын, ал мен жазбайтынмын».
Осы сынды көптеген риуаяттардан Алла Елшісінің (с.а.у.) кейбір сахабаларына хадистерді жазуға рұқсат бергендігін аңғарамыз. Ендеше, «хадистердің пайғамбарымыз бақилық болғаннан кейін алғаш рет екі жүз жылдан кейін жазыла бастады» деулері негізсіз.
Рас, кейбір риуаяттарда Алла Елшісі өзінің хадистерінің қағазға түсірілуін құптамағаны айтылады. Бірақ мұны жазуға рұқсат берген жоғарыда келтірілген хадистермен бірге бүтіндей қарағанда мынандай нәтижеге баруға болады:
Біріншіден, исламның алғашқы кездерінде, Құран аяттарының әлі санаға толық сіңіп, сахабалардың жадына әлі басылмаған уақытта Алла Елшісі өз хадистірінің жазылуын құптамаған. Себебі Құран мен хадистердің бір-бірімен араласып кету қаупі бар еді. Кейіннен Құранды көптеген сахабалар жатқа біліп, қоғамда Құран жақсы қалыптасқаннан кейін хадистердің жазылуына рұқсат берген.
Екіншіден, жоғарыдағы келтірілген риуаяттағы тыйым, ол хадистердің қағазға түсірілуіне қатысты жалпы тыйым емес, Құран аяттары мен хадистердің бір қағазда, яки бір тақтайшада бірге жазылуына байланысты айтылған тыйым болатын. Себебі мұнда аят пен хадистің араласып кету қаупі басым еді.
Хадистердің барлығы Алла Елшісінің заманында ресми түрде жазылмаса да, көптеген хадистердің сол кезде жазылғаны анық. Жоғарыда келтірген хадистерде де білдіргеніміздей жазуды жақсы меңгерген Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас Алла Елшісінен (с.а.у.) хадис жазуға рұқсат алғаннан кейін хадистерді жазумен шұғылданды. Оның жазып алған хадистерді қамтыған парақтар өзі атағандай «ас-сахифатус-садиқа» яғни «шынайы парақтар» деген атпен танымал болды. Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас бұл парақтардың жоғалып кетуінен қорыққандықтан, оны арнайы сандықта сақтаған болатын. Абдуллаһ дүниеден озғанда хадистер жазылған бұл парақтарды әулеті сақтап қалған. Кейіннен немересі Амр ибн Шуғайб осы парақтардан хадис риуаят еткен. Ибн Әсир бұл парақтарда мыңға жуық хадистер болғанын айтады. Кейбір риуаяттарда бес жүзге жуық хадис қамтылғандығы білдірілген.
Сондай-ақ Абдуллаһ ибн Аббас пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін сахабалардан хадистер жинап, оны жазып отырған. Абдуллаһ ибн Аббас қайтыс болған кезде артында бір түйенің жүгіндей кітап қалған. Бұл кітаптардың арасында хадистердің де бар екені риуаят етілген.
Ал жазылмағандарын сахабалар жадыларында сақтап қалған болатын. Бір айта кететіні, арабтар мәліметтерді көбіне жазбаша күйде емес, жаттау қабілеттері өте жоғары болғандықтан, жадыларында сақтайтын. Бір естіген ұзыннан-ұзақ өлеңдер мен жырларды, ата-тек шежірелерін еш өзгеріссіз айтып беретін болған. Хадисті жоққа шығаратындар «жүздеген, мыңдаған хадисті бір адамның жаттауы мүмкін емес» дегенді алға тартады. Алайда бұл - қазіргі таңдағы әртүрлі керексіз мәліметтермен басы толып, жаттау қабілеті мұқалған адамның өзі мен төңірегіндегілерге қарап салыстыра айтқан қате тұжырымы. Кеше жүздеген телефон нөмірін жатқа білетін адамдар ұялы телефон шыққалы ең жақын адамдарының нөмірлерін әрең есте ұстайтын жағдайға жетті. Ендеше, әр заманды өз мүмкіншілігімен қарау қажет. Ары бармай-ақ қояйық: көшпенді халықтардың шежіресі, жырлары мен дастандарының өзі осы ауыз әдебиеті мен жаттау жолымен жеткен жоқ па? Бір жерде айтылған ұзын жырлар мен айтыстарды сол жерде естіген адамдар келесі жерде еш өзгертусіз жұртқа жатқа айтып жүрді емес пе?! Ал Алла Елшісінің аузынан шыққан хадистер бұл өлең емес, бет албаты айтылған ұзыннан-ұзақ әшейін сылдыр әңгіме де емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жөні жоқ, ретсіз сөйлемейтін. Көбіне белгілі бір оқиғаға орай, яки сұраған сұрақтарға қарай нақты жауап беретін. Белгілі бір сұраққа жауап ретінде немесе қандай да бір оқиғаға байланыстырыла айтылған сөз сол жауапты күткен, яки сол оқиғаға қатысы бар әрбір адам үшін маңызды болғандықтан, сахабалардың жадында хадистер өте жақсы сақталған.
Хадистер сахабалардың және табиғиндердің заманында қағаз, сүйек, бөз, тері сияқты нәрселерде сақталумен қатар, жаттау тәсілімен де сахабалардан табиғиндерге, олардан басқаларға риуаят жолымен жетіп жатты. Ресми түрде һижри бірінші ғасырдың соңында, екінші ғасырдың басында бесінші рашид халифа Омар ибн Абдул-Азиздің бұйыруымен мемлекеттік деңгейде ресми түрде хадистерді қағазға түсіріп, жинақтау дәуірі басталды. Халифа Омар ибн Абдил-Азиз қарамағындағы ибн Шиһаб Әз-Зүһри сынды бірқатар табиғиндерді хадистерді жинап, қағазға түсіруге міндеттейді. Әз-Зүһри былай дейді: «Омар ибн Абдил-Азиз бізге хадистерді жинауды бұйырды. Сөйтіп, біз оларды дәптерлерге жаздық. Омар ибн Абдил-Азиз өзінің қарамағындағы барлық жерлерге хадис жазылған дәптерлерден жіберді».
Риуаят күйінде жеткен хадистердің пайғамбарымыздың өзгеріске ұшырамаған шынайы сөзі екендігін анықтау үшін ғұламалар арнайы ғылыми тәсілдерді дамытып, байытты. Сол тәсілдер бойынша хадистердің дұрысы мен әлсізі, жақсысы мен ойдан шығарылғаны анықталды. Мысалы, бір хадисті тізбек бойынша бірнеше адам риуаят еткен болса, сол риуаят еткен әр адамның өмірбаянын, тақуалығы мен білімін, адамгершілігі мен жаттау қабілетін толықтай зерттеп барып хадистердің сахих яки әлсіз секілді дәрежелерін анықтады. Хадистерді бір-бірімен салыстыра отырып кейбір артық сөздерін де айқындады. Ешбір дінге, ешбір ғылымға нәсіп болмаған «ғилмул-жарх уәт-тағдил, ғилмул-рижалил-хадис» сынды ғылыми тәсілдер арқылы Құранның түсіндірмесі, Алла Елшісінің сөздері бізге дейін дін аман жетті. Бұл ғылым дамығанға дейінгі қағазға түскен хадистер де осы тәсіл бойынша қайта сүзіліп, електен өткізілді. Кейіннен имам әл-Бұхари, Мүслим секілді мәшһүр хадис ғалымдары тарапынан арнайы қатаң шарттар арқылы анықталған сахих хадистер өз алдына жеке кітап ретінде жинақталды. Кейбір білімі шала адамдар хадистердің қағазға түсірілу дәуірін имам әл-Бұхариден бастайды. Бұл дұрыс емес, сахабалардың, одан кейінгі табиғиндердің кезінде де хадистер қағазға түсіріліп, сахих хадистерді әлсіз хадистерден ажырататын ғылыми әдістемелер пайда бола бастаған еді.
3. Хадисті қабылдамайтындардың тағы бір уәжі көптеген хадистерді ақылға, қисынға келмейді дейді. Мен олардың бұл тұрғыда мысал ретінде келтірген хадистерін оқып көрдім. Бірақ олардың мысал ретінде келтірген хадистері онсыз да ешбір ислам ғалымының қабылдамайтын өте әлсіз, яки ойдан шығарылған хадистер екенін байқадым. Тіпті кейбіреуі хадис жинақтарынан емес, хикая кітаптарынан келтірілген.
Орианталистер небір кемеңгер, данышпандарды тәнті еткен Алла Елшісінің бір сөзі бір томға татитындай терең мәнді мыңдаған ғұмыршаң хадистерін емес, онсыз да ислам ғалымдарының мойындамаған әртүрлі әлсіз хадистерді немесе бір қарағанда ақылға қайшы секілді көрінетін бірнеше сахих хадистерді әр жерден жинап-теріп, пайғамбар хадистерінің бәрін кейіннен ойдан шығарылған қисынсыз сөздердің жинағы сияқты көрсетуге тырысуда. Бұл әрекеттерімен олар діни ілімі таяз халықтың басын қатырып, пайғамбарға деген имандарына сызат түсіруді мақсат етуде.
Олардың ақылға қайшы деп таныған кейбір сахих хадистері, шын мәнінде, ақылға да, нақылға да қайшы емес. Бір көргенде, қисынсыз секілді көрінетін хадистердің негізінде өзінше терең түсіндірмесі мен ғажайып жорамалы бар, яки ауыспалы мағынада рәміздік кейіпте айтылған.
Әсілінде, жалаң ақылдың бүгін тура дегені ертең қате болып жатады. Бұған кеше ақиқат саналып, бүгін қателікке шығарылып жатқан түрлі «измдер» мен кейбір ғылыми болжамдардың өзі дәлел емес пе?! Белгілі бір дәуірдің қол жеткізген мүмкіншіліктерінің аясында дұрыс пен бұрысты анықтау - әрине, қате. Мысалы, осыдан жүз жыл бұрын ұялы телефонның бар екенін айтса, сол кездің адамдары мұны «ертегі немесе айтып тұрған адам ақылынан адасқан шығар» деп сенімсіздік танытуы мүмкін. Ал сол кешегі ақылға сыймайтын ұялы телефон бүгін әркімнің қолында жүр. Әрі бұған ешкім таңғалмайды. Сондықтан бір қарағанда, қисынға қайшы секілді көрінген кейбір сахих хадистерді асығыстық жасап, бірден жоққа шығару өзімізді ертең ұятқа қалдыратын үлкен қателік. Міне, сондықтан Абай жалаң ақылды емес, «Нұрлы ақылды» үнемі насихаттайды.
- Пайғамбар сөздерін қабылдамайтын бұл топ қазақ еліне қаншалық қауіпті?
- Әуелі Қазақстанда бас көтере бастаған бұл жаңсақ пікірдің жақтаушыларының бәрінің ниеті дін бұзу деп жалпылай айту қате. Олардың көпшілігі діни ілімі таяз болғандықтан, орианталистердің уәждері мен бұрмалауларына алданған адамдар болуы ықтимал. Себебі олар сүннеттің бізге дейін жетуі мен жазылу тарихын сенімді қайнар көздерден оқыған адамдар емес. Керісінше, сүннетке қарсы субъективті сыңар езу пікірлерді ғана тыңдаған немесе оқыған жандар. Мұндай адамдар ақиқатты түсінген кезде дереу әлгіндей қате ойларынан бас тартып жатады. Қазақта: «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демей ме?
Ал іштеріндегі серкелері көп жағдайда қоғамға таңсық пікірлерді айту арқылы назарын өздеріне бұрғысы келетін «лидерлікке» құштар пенделер. Мұндай адамдардың жасап жүргені «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері.
Сондай-ақ мұндай пікірлерді жақтаушы секілді көрінетін кейбір жандар - олар діннен үнемі жеңілдік іздеп жүрген, құлшылыққа құлықсыз әрі кейбір күнәларына ақтау іздеп шыққан нәпсіқұмар пенделер. Олар өздерінің іздегенін осы хадистерді мойындамау пікірінен тапқан соң, оның дұрысы мен бұрысын анықтап жатпастан, дереу жақтап шыға келеді.
Қазақ жерінде бұл ағымның анау айтқандай ықпалы болады деп ойламаймын. Себебі бұл адасқан ағым тарихта ешбір ислам әлемінде кең ауқымды қолдау таппаған. Оның үстіне қазақ елінің әдет-ғұрпы мен болмысы хадистермен біте қайнасып, санасына сіңіп, тамырына тарап кеткен. Қазақтың көптеген мақал-мәтелдерінің мазмұнына көз жүгіртсек, қайнарының пайғамбарымыздың хадистеріне барып тірелетініне куә боламыз.
Қазақ даласында да пайғамбар сөздері мен сүннетіне деген құрмет пен қастерлеу ерекше орынға ие. Мұны Абайдың:
«Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз» және
«Әуелі аят, хадис - сөздің басы,
Қосарлы бәйіт сымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы» - деген өлең жолдарынан да байқауға болады. Абай бұл жыр жолдарында аят пен хадиске қарсы келудің күпірлік екенін әрі Құран аяты мен пайғамбар хадисінің сөздердің ішіндегі ең қастерлісі екенін әрі олардың қисынмен қиысатынан жеткізген.
Сөз соңы ғасырлар бойы қалыптасып, халқымыздың жүрегіне бекіген сүннетке деген шынайы сенім мен құрметтің мұндай тамыры жоқ таяз тұжырымдармен шайқалмасы анық.
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ
Айқын газеті, 17.10.09.

Категориясы: Өзекті мәселе.... | Көрілді: 1055 | Ендірген: Dinislam_Kz | Рейтингі: 0.0/0 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 1
19.Қазан.2009
1. Мөлдір (YergaliMoldir)
жақсы жазылған екен

[пікірдің сілтемесі]

Есімі*:
Email-ы:
WWW:
Сақтық коды *:


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


Создать сайт бесплатно
жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Қазан 2009  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар: bola80, erkintursynbek, Manas_mumin

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: Manas_mumin

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3565
Осы ай ішінде: 22
Осы апта ішінде: 8
Кеше: 2
Бүгін: 1