|
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВТОКӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНЕ (құлаққағыс)
Бүгіннен бастап Қазақстанда жол ережесін бұзған жүргізушілер бұрынғыға қарағанды қомақты айыппұл төлейтін болады. Жол ережесін бұзған жүргізуші, жүргізуші куәлігінен айырылып, қала берді қамауға да алынуы мүмкін,-деп хабарлайды: dw-world.de
Бүгін «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі бірқатар заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Тәртіп қатайып, айыппұл аспанға шықты. Көнсең – осы. Көнбесең, жаяу жүр. Жаяу жүрсең де, айыппұлдан құтылмайсың. Ұнамас. Әйтпесе заңға бағын. Заңға бағынбаудың кесірінен 10 жылда 28 000 адамнан айырылдық. Жетті! Енді қағынған қалтасынан қағылады. Біз төменде заңның барша баптары мен толық мәтінін шұбыртып жатпай, қандай тәртіп бұзылғанда, қанша айыппұл тартатыныңызды қарапайым қазақы тілмен ескертіп қоюды жөн көрдік. Естімедік демеңіз...
Сонымен: - Арнайы рұқсатсыз шетелден жолаушы немесе жүк тасығаны үшін салынатын айыппұл – 11 680-29 200 теңге аралығында. - Көлікте өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін 2336-5800 теңге аралығында. Қайталасаң, 3504-11 680 теңге айыппұл төлейсің; - Көлік нөмірі оқылмайтын немесе стандартқа сай емес болса, 5840 теңге; Мемлекеттік нөмірі тіркелмеген көлікті жүргізушіге 11 680 теңге; Көлік нөмірін қолдан жасап алған жеке адамға 17 520 теңге; мекеме басшыларына 58 400 теңге, кәсіпкерлерге 233 600, ірі кәсіпкерлерге 1 168 000 теңге айыппұл салынады. - Тежегіші, рульдің басқару тетігі істемейтін көлікті жүргізгені үшін айыппұл – 17 520 теңге; - Жолға шығар алдында тексерілмеген микроавтобусты жүргізгені, жолаушы тасымалдағаны үшін жеке кәсіпкер – 5840-11 680 теңге аралығында. Мекеме басшысы – 11 680-29 200 аралығында айып тартады; - Жол үстінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін – 5840 теңге, қайталаса – 8176 теңге; - «10-20 шақырым сағатпен жүру керек» деген белгіге бағынбағандарға – 5 840 теңге айып салынады; - «20-40 шақырым сағат жылдамдықпен жүру керек» деген белгіге бағынбағандарға – 11 600 теңге; - «40» деген белгіден 40-тан жоғары жылдамдықпен жүргендерге – 17 520 теңге. Қайталаса – 23 360 теңге айып салынады; - Рұқсатсыз қауіпті жүк тасымалдағаны үшін жеке адамға – 5840-11 680 теңге, орта кәсіпкерге – 11 680-35 040 теңге, ірі кәсіпкерге – 35 040-58 400 теңге айып салынады; - Жол қиылысында кептеліс жасағаны үшін – 5840 теңге, қайталаса – 17 520 теңге айып; - Жол ауыстырарда бұрылыс белгісін бермегені үшін – 3504 теңге. Тыйым салынған жерден кері айналғандарға және артқа бергендерге – 5840 теңге айыппұл салынады; - Жаяу жүргінші жолына (тротуарға) шығып кеткендерге және жолдың жиегімен жүргендерге – 8176 теңге. Қарсы жолға шығып кеткендерге – 17 520 теңге, қайталаса – 17 520. Үшінші рет 6 айға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. - Рұқсат етілмеген жерге көлігін қойғаны үшін – 5840 теңге; - Тротуарға және балалар ойнайтын алаңқайға, спорт алаңқайына қойғаны үшін – 7800 теңге; - Көліктің жүруіне кедергі жасайтын жерге қойғаны үшін – 8176 теңге, қайталаса – 17 520 теңге; - Белгі шамын жаққан арнайы қызметтің (МАИ, Жедел жәрдем, т.б.) көлігіне жол бермегені үшін – 8176-11 600 теңгеге дейін, қайталаса – 17 520 теңге; - Регулировщиктерге бағынбағандарға – 11 680 теңге, қайталаса – 23 360 теңге; - Жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін – 11680 теңге, қайталаса – 23 360 теңге; - Көліктің алдына әртүрлі рұқсат етілмеген шамдар қойғаны үшін – 17 520 теңге, кәсіпкерге 175 200 теңге, ірі кәсіпкерге – 1 752 000 теңге айыппұл салынады; - Рұқсат етілмеген сигнал немесе жарық қойғандарға – 29 200 теңге, кәсіпкерлерге – 233 600, ірі кәсіпкерге – 2 336 000 теңге, көлігінің сыртына оперативтік қызметтің белгілерін өздері жалған сызып алған жағдайда – 29 200 теңге, кәсіпкерге – 233 600; - Апатты жағдай туғызғаны үшін – 11 680 теңге айыппұл салынады, қайталаса – 6 айға жүргізуші куәлігі алынады; - Теміржолдағы шлагбаумға бағынбай өткенде – 11680 теңге, қайталаса – 6 айға жүргізу куәлігі алынады; - Арақ ішіп, есірткі шегіп, масаң күйде көлік жүргізгендер бірден екі жылға куәлігінен айырылады; - Апатты жағдай туғызса, 3 жылға, адамдардың денсаулығына зиян келтірсе – 4 жылға куәлігінен айырылады. Бұдан кейін де қайталаса – 10 күнге қамалады және 5 жылға куәлігінен айырылады. Одан кейін 15 күнге қамалып, 10 жылға куәлігінен айырылады; - Рұқсатсыз жолаушы тасымалдағаны үшін – 3504-29 200 теңгеге дейін айып салынады; - Жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік жүргізгені үшін – 5840-17 520 теңгеге дейін айып салынады; - Сақтандыру полисі жоқтар – 11 608 теңге айып тартады; - Рульді куәлігі жоқ адамдарға бергені үшін – 11 680 теңге, қайталаса – 3540 теңге айып салынады.
Әділ Бек ҚАБА www.aikyn.kz
|