РАМАЗАН - САУАБЫ ЖАРАТҚАННЫҢ ҚҰЗЫРЫНДА ӨЛШЕНЕТІН, РАХЫМ МЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ҚАСИЕТТІ АЙ... - 2 Сентября 2008 - Дінисламға қош келдіңіз
Сейсенбі, 22.Мамыр.2012, 20:54
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  Намаз адамды жалықтыра ма?
•  Ұлықбек Алиакбарұлы: "Жаңа заманға сай жаңа медианы меңгерген имам керек"
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
сауалнама
"АСЫЛ АРНА" телеарнасын қайдан көресіз?
Жауап берілді: 685
 

Негізгі бет » 2008 » Қыркүйек » 2 » РАМАЗАН - САУАБЫ ЖАРАТҚАННЫҢ ҚҰЗЫРЫНДА ӨЛШЕНЕТІН, РАХЫМ МЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ҚАСИЕТТІ АЙ...


РАМАЗАН - САУАБЫ ЖАРАТҚАННЫҢ ҚҰЗЫРЫНДА ӨЛШЕНЕТІН, РАХЫМ МЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ҚАСИЕТТІ АЙ...
19:03
Рамазан – сауабы Жаратқанның құзырында ғана өлшенетін,
рахым мен мейірімге толы қасиетті ай – Қалижан қажы
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, қыркүйектің 1-і - бүкіл мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті, ислам дінінің мүбәрәк айы Рамазан келіп, мұсылмандықтың басты шарттарының бірі - ораза тұту басталды.
Рамазан /Рамадан/ - мұсылмандардың ай есебі бойынша тоғызыншы ай. Бұл айда исламның бес парызының бірі – ауыз бекіту дәстүрі орындалып, ол ай атына сәйкестендіріліп, парсыша «рузе», түрікше «ураза», қазақша «ораза» деп аталады. Ораза ұстауды 624 жылы Мұхаммед пайғамбар /с.а.с./ белгілеген. Осы қасиетті ай басында елордасының «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлымен сұхбаттасқан едік.

- Қалижан қажы, ең алдымен мұсылмандықтың бес парызы саналатын ораза ұстау және оның тарихы, бұл парыздың мәні мен мақсатын түсіндіріп өтсеңіз? 
- Бисмиллахир рахманир рахим! Қасиетті Рамазан айы биыл 29 күнге толады. 1-ші қыркүйек маңызды үш онкүндіктен тұратын осы Рамазан айының бірінші жұлдызы. Исі мұсылман бұл айда ораза ұстап, ауыз аштырып, тігінен-тік тұрып тарауих намазын оқып және Құран қатымға қатысып, пітір -садақасын берумен жүректерін нұрға шомылдырып, рухани мәре-сәре болады.

Өйткені, бұл Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы – Аллаһ тағаланың пенделеріне мұстақим тура жолға бастаушы қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы мүбарак аяттары түсе бастаған, сексен үш жыл төрт айға тең келетін Қадыр түні бар, сондай-ақ тілек-баталар қабыл болатын қасиетті Рамазан айы. Рамазан – игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы. Бұл айда шайтан біткен шынжырланып, ел ішінде имандылыққа бетбұрыс басым болып, игі істер жасаушылар өзара жарысқа түсетін ай. Міне, бұл біздер мен сіздердің, жер жүзіндегі барша мұсылмандардың аңсап күткен үммет айы! 

Ораза араб тіліндегі "саум" сөзінен бір нәрседен алыстау деп аударылады. Шариғаттағы мағынасы – мұсылман адамның шын ниетпен таң атқаннан, күн батқанға дейін ішіп-жеуден бас тартып, ауыз бекіту және құмарлық сезімдерден өзін тию деп түсініледі. 
Ораза бес парыздың үшіншісі. Ол қасиетті Құранның аятымен бекітілген құлшылық. Бұл жайында Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілген сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндер. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің фидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін қайырлы» делінген. Осы аяттан ораза ұстау тек ислам үшін ғибадат ғана емес, керісінше ораза ұстау барлық діндерде бұрыннан бар ғибадат екенін түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару».
Дінтанушы ғалымдардың айтуынша барлық діндерде, тіпті иләһи емес діндерде де ораза ғибадаты бар. Бірақ, бұл құлшылық әрқайсысында әр түрлі орындалады. Кейбірінде үш мезгіл тамақтың бір мезгілін жемеуді ораза ғибадаты деп санаса, енді кейбірі түске дейін аш жүруді, кейбір діндер еш нәр татпай, бірақ су ішіп жүруді ораза десе, кейбір діндер тағамның кейбіреуін ғана жемей ораза ұстайды. Ал дініміз Исламдағы ораза иләһи мағынаны қамтитын нағыз ғибадат.
Рамазан - қайрымдылық, мейрiмдiлiк, сауап-амалдар жасайтын, күнәлар кешiрiлетiн, iстеген ғибадаттарымызға орай тақуалығымыз үшiн ұжмақ нығметтерiмен сыйланатын ай. Шындығында, мұсылмандық танымда Рамазан – Құран Кәрім айы. Рамазан – мейірім, рақым, кешірім айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін айы. Құран бойынша ол мың айдан да қымбат. Сондықтан да бұл айда мұсылман жамағаты Құранды әдеттегіден де көбірек оқып, әдеттегіден де көбірек зерделеп, ілімнің тұнығынан сусындай түскені абзал делінеді. Осы айда мұсылманның үшінші парызы – Ораза талаптарының орындалуы да бекер емес. Ораза кезінде адамдар қанағаттың, сабырдың, ынсаптың мән-маңызын сезініп, қадірлеуді үйренеді. Имандылықты орнықтырып арттыра түсер ғибадаттар жасайды. Дәулетті кісілер кембағалдар мен міскіндерге қарайласып, қол ұшын созудың қаншалықты сауапты екенін ұғынады.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.а.с) Рамазан туралы өз хадис-шәрифтерiнде: «Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi»,- немесе «Ораза ұстау сабырдың жартысы», «Сабыр иманның жартысы», «Сабырлылық - қуаныштың кiлтi»,-деген-дi. Дана халқымыздың «сабыр түбi сары алтын», «әр бейнеттiң бiр зейнетi бар», деген нақыл сөздерiн ораза ұстаудағы бiздiң сабырымыз бен қасиеттi айда көрген бейнетiмiзге де байланысты шыққан деуге болады.
Оразаның уақыты: Таңның атуынан күннің батуына дейінгі уақыт. Күн мен түн болмаған жерлерде сол аймаққа ең жақын жердегі күн мен түні бар аймақты негізге ала отырып ораза ұстайды. Аллаһ Құранда былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» (Бақара 187). Мұнымен күн мен түннің арасындағы шекара айтылып отыр.

- Ораза ұстауға мұрсаты келмейтіндердің немесе осы парыздан босатылатындардың санатына қандай адамдарды жатқызуға болады? 
- Ораза кезінде тәуліктің күндізгі уақытында ас жеуге, сусын ішуге, шылым тартуға, тағы басқа да тақуалыққа кедергі жасайтын нәрселердің барлығына тыйым салынады. Рамазан айы кезінде барлық мұсылман жолындағы ересек адам ораза ұстауға міндетті. Тек белгілі бір жағдайларға байланысты мұрсаты келмейтін адамдар (денсаулығының жарамауы, ұзақ сапарға шығуы, жат елде болуы, соғыс жағдайы, тұтқынға түсу, т.б.), өз әрекетіне жауап бере алмайтын кісілер (есінен адасқандар мен қояншық ауруы барлар), сондай-ақ жасы ұлғайған адамдар, аяғы ауыр және емшекте сәбиі бар әйелдер және ораза ұстауға кедергі келтіретін басқа да себептері бар адамдар бұл парыздан босатылады. Сонымен бірге, рәсім тазалығы жоқтардың, ораза ұстауына рұқсат етілмейді, делінеді. 
Енді осыларды топтап келгенде, оразаның парыз болу шарттары мынадай болып шығады: ең алдымен мұсылман болу, яғни ораза мұсылмандарға парыз. Екінші, балиғат жасында болуы жане ақыл есі түзу болуы қажет. Сондықтан жас балаға және ақыл -есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Үшіншіден, ораза ұстауға күші жету және тұрғын болуы тиіс. Яғни, науқас немесе ұзақ сапар шегетін жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ, бұл адамдар да ораза ұстаса олардың оразасы дұрыс делінеді. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиуі ықтимал жүкті әйелдер мен бала емізген аналарға да ораза парыз емес. Бірақ, мұсылман болғандықтан да олар ораза қазасын басқа күндері өтейді.

- Енді оразада салынған тыйымдар жайына тоқталсаңыз?
- Алдымен оразаны бұзып әрі қазаны, әрі кәффаратты керек ететін жағдайларға да тоқталып өтейік. Ораза парыз болған мұсылманға ораза екенін біле тұрып жеп-ішуіне (тамақ болсын, дәрі-дәрмек болсын), жыныстық қатынаста болуына, темекі шегуіне (яғни, денсаулыққа зияны тиетін нәрселер жасауына) арналған тыйымдар бар. Бұл жерде оразаның қазасы - бұзылған оразаның күніне күн келетіндей етіп ұстау болып табылады. Ал кәффараты бойынша әдейілеп бұзылған бір күн оразаның орнына - екі ай немесе алпыс күн үзбестен ораза ұстау парыз етіледі. Оған күші жетпесе, 60 күн бойы екі мезгіл бір пақыр-кедейге тамақ беру немесе соған берілетін тамақ құнын төлеу қажет.
Демек, жоғарыдағы көрсетілген нәрсенің бірін істеген адам оразасын бұзған болып есептеледі, бұл үшін қаза әрі кәффарат қаралады. 
Сонымен бірге, оразаны бұзып, тек қана қазасын керек ететін жағдайлар да болады. Мәселен, әдетте жеуге болмайтын, сондай-ақ дәрі ретінде қолданылмайтын нәрселерді жеп, жұту (топырақ, қағаз, мақта, майда тас, дәнек сияқты), мұрынға дәрі тамызу, құлақтың ішіне май тамызу, қан құйдыру, клизма жасату, дәрет алып жатқанда ауыз-мұрнына су алған кезде байқамай тамағына су кетіп қалу, аузына салған түрлі-түсті жіптің бояуы шығып, түкірікпен араласып оны жұтып қою, қиналған жағдайда оразасын бұзу, ұйықтап жатқанда басқа біреу аузына ас салып немесе су құйып жіберсе, аузын толтырып құсу (өз қалауымен),кеш батпаса да, қателесіп батты деп ойлап ауыз ашу, сәресінің уақыты бітсе де, қателесіп әлі уақыт бар деп жеу. Бұл жағдайлар орын алғанда әлбетте қазасы өтелуі тиіс. 
Сонымен бірге, оразаны бұзбайтын нәрселер де кездеседі. Мәселен, ораза ұстаған мұсылман ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішсе. Мұндай жағдайға тап болған адам ораза екендігі қайта есіне түссе, сол кезде дереу аузын шайып оразасын жалғастырады. Ал, ораза екені есіне түскеннен кейін де тамағынан бір нәрсе өтсе, ораза бұзылады. Сонымен бірге, құлағына су кетіп қалса, көзіне дәрі тамызып, сүрме жаққанда, еріксіз тамағына тозаң, түтін кірген кездерде ораза бұзылғанға жатпайды. Аузындағы түкірікті жұту да оразаны бұзбайды. 
Ораза ұстаушыға мәкруһ болатын жағдайларға да тоқталып өтейік. Мәселен, адам себепсізден себепсіз бір нәрсенің дәмін татып, немесе оны шайнаса - бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ, көпшілік қауымға, жұртшылыққа пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, астың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. 
Сонымен бірге, ораза ұстаған адамға мәкруһ емес нәрселер де болады. Мәселен, раушан гүлі мен хош иісті нәрселерді иіскеу, тісті (пастасыз щетка немесе мисуакпен) тазалау, ауызды шаю, мұрнына су тарту, жуыну секілді.

- Рамазан оразасын ұстамауға немесе оны бастаған болса, бұзуға болатын жағдайларға орай не айтасыз?
- Рамазан айында кемінде үш күндік (90 шақырым) қашықтықтағы бір жерге баратын адамның оразаға ниет етпеуіне болады. Бірақ ораза ұстап сол күні күндіз жолға шықса, оразасын бұзуға болмайды. Келесі күннен бастап ораза ұстамауына болады. Сонымен бірге, науқас адам өлуден, ақыл-есінен айрылуынан, сырқатының асқынуынан яки болмаса оның уақытының ұзауынан қорықса, онда ораза ұстамауына немесе бастаған оразасын бұзуына болады. Дегенмен, алдамшы күдікке бой алдырып, «түймедейді түйедей» қылып, болар-болмас бір сырқатқа бола оразаны бұза беру де дұрыс емес. Адам кез келген уақытта өз жүрегінің қалауымен, Алланың разылығы үшін іс жасауы тиіс. Сондықтан да ауру адам дене бойындағы сырқатының ауырлығын өз тәжірибесіне, оның алғашқы белгілеріне немесе дәрігердің сөзіне сүйене отырып қана байқай алады.
Жалпы, мұсылман баласы мейлі жолаушы, мейлі науқас болсын күші жетсе ораза ұстай бергені абзал. Өйткені құранда: «Ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы» делінген. Сол секілді, ораза ұстаған адам қатты шөлдеп немесе қарны ашып, яки дәрігердің сөзіне сүйене отырып, бұған шыдай алмайтындығына көзі жетсе, оразасын бұзады, бірақ қазасын өтейді. Жүкті халде немесе нәрестесін емізіп жүрген әйел ораза ұстаған жағдайда өзіне немесе нәрестеге зиян тиюден сескенетін болса, оразасын бұзып, кейінірек қаза етуіне болады. Рамазан айында ораза ұстауға ниет еткен әйел күндіз етеккір екенін білсе немесе аяғы ауыр әйел босанып, нифас қанын көрсе, бұл жағдайда ораза ұстауға тыйым салынады. Рамазанда етеккір көрген әйел тазаланған күннен бастап қана оразаға ниет етіп, оразасын ұстайды. Қалып кеткен күндердің қазасын орындайды. 
Сондай-ақ, ораза ұстай алмайтын қарт адам оразаның әр күні үшін бір кедейге күніне екі мезгіл тамақ береді немесе соның құнын (фидия) төлеуіне болады. Жалпы, Рамазан айының ортасында етеккір көрген әйел тазаланса, жолаушы үйіне оралса, жас бала балиғатқа толса немесе өзге дін өкілі ислам дінін қабылдаса - онда сол күннің қалған бөлігінде ораза ұстауға тиіс.

-Таңсәріден тұрып тиісті жолмен ауыз бекітіп сәресіні ішуге ерінгендер де күні бойы ораза ұстаған болып жүреді ғой. Бұлардың оразасы қабыл болады ма?
-Рамазан оразасының сәресіне тұрып, бір жұтым су болса да ішіп-жеуі мұстахап. Ардақты Аллаһ елшісі (с.а.с): «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» дейді. Алайда, сәресіне тұра алмай қалған адамның оразасы да қабыл болады. Бірақ, дұрысы ниет ету.

- Рамазан айындағы пітір садақасы туралы да айтып өтсеңіз? 
-Ораза алғаш рет мұсылманға парыз болған жылы Расулуллаһ (с.ғ.с) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды. Пітір садақасы һижраттың екінші жылында Аллаһ Тағаланың: «Әлдекім тазарса және Раббының атын еске алып, намаз оқыса, ол арманына жетеді» («Ағла» сүресі, 14–15 аяттар), деген аяттары арқылы мұсылмандарға әмір етілді. Рамазан айының оразасынан шығу белгісі және осы айда біліп–білмей істеген қате–кемшіліктеріне кәффәрәт болу ретінде берілетін садақаны шариғат «пітір» деп атады.
Ибн Аббас (р.а.): «Айтқан бос сөз және жасаған жағымсыз іс–әрекеттерден тазару, сондай–ақ кедей–кепшіктерді тамақтандыру мақсатында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айында ораза ұстаған адамдарды пітір садақа беруге бұйырды»,–деп риуаят етеді. 
Пітір садақа төрт нәрседен беріледі. Олар: 2 килә бидай (ұн, талқан) немесе мейіз, сондай–ақ 4 килә құрма немесе арпа. Қажетіне ыңғайлы болғандықтан аталмыш тағамдардың ақшасын берген де абзал. Әрине, бұлардың бағасы жергілікті базардағы нарық бағасымен есептеледі. 
Биылғы 2008 жылдағы жан басына берілетін пітір садақасы Астана қаласында төмендегідей белгіленді:
1. Бидай бойынша – 90 теңге. Бидай әдетте Астана қаласының орталық базарында сатылмайды. Дегенмен, оның көтерме бағасы 45 тг/килә деп анықталды. (Негізінде бөлшек сауда бағасымен есептеліну керек. Алайда, бұндай жағдайда ұнмен өлшесе де болады.) Ұн бойынша – 220-300 теңге. Оның бағасы 110-150 тг/килә деп алынды;
2. Мейіз бойынша – 1200-1600 теңге. Мейіздің орташа бағасы 600-800 тг/килә.
3. Құрма бойынша – 800 теңге. Құрманың (Иран) бағасы шамамен 200 тг/килә. 
4. Арпа. Арпа сауда дүкендеріне шығарылмағандықтан, онымен өлшемедік.
Ендеше, әр мұсылман өз қалауымен осы төрт астықтың бірін, немесе олардың ақшалай құнын пітір садақаға беруі тиіс. 
Пітір садақа беру күнделікті қажетінен артық байлығы нисапқа жететін бостандықтағы немесе бас бостандығынан айырылған ер мен әйелге, сәби мен қарт мұсылмандардың бәріне де бірдей міндет. Дегенмен, дін ғұламалары мал–дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген азаматтар да пітір садақа берулері тиіс деп айтады. Нисап мөлшері 85 грамм алтын немесе оның құны бойынша саналады.
Пітір садақа міскін мен пақырларға беріледі. Міскін – қажеттілігінен артық бірде–бір дүниесі болмаған, әл–ауқаты төмен адам. Пақыр – табысы, немесе мал–мүлкі өз қажетінен артылған, бірақ нисап мөлшеріне жетпеген әлеуметтік жағдайы орташа адам. Ал байға, исламға қарсы шыққандарға, пасық (ғибадатқа ынтасыз), дені–басы сау бола тұрып, жалқаулық етіп, істемей жүрген жұмыссызға, өзінің ата–анасы мен әйел, бала–шағасына пітір берілмейді. 
Ислам ғұламалары: «Пітір садақа халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ислам дінін тарату жолына беріледі», деген. Егер мешіт өзінің есебіне түскен пітір садақаның ақшасы мен мал–мүлкін діни үгіт–насихат, тағлым, қайырымдылық және басқа да игіліктерге жұмсайтын болса, шариғат ондай орындарға беруді құптайды. 
Жоғарыдағы пітір садақасына қатысты мәліметтерді хабарлай келе, биыл Астана қаласындағы пітір садақа мөлшерін 2 килә бидай құнымен есептегенде, жан басына 90 теңге екенін естеріңізге саламыз. Пітір садақасын айт намазына дейін беруіміз тиіс. Астана қаласында Айт намазы 30 қыркүйек күні таңғы сағат: 07:40-та оқылады.

- Мұсылман бауырларымызға Рамазан айындағы айтар тілегіңізді жеткізсеңіз?
- Дегенмен сөз соңында жұртшылықтың біліп жүруі үшін Рамазан оразасына ниет ету жайына да тоқталып өтсем деп едім. Рамазан оразасында былай ниет етіледі:
«Нәуәйту ән әсуәмә шәһри рамаданә минәл фәжри иләл-мағриб халисан лилләһи таъала. Аллаһу әкбар».
Бұның мағынасы: «Алла ризалығы үшін таңнан кешке дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. Аллаһу акбар». Ал ауызашарда мына дұға оқылады: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә амәнту уә алайкә тәуәккәлту уа ала ризқиқә әфтарту, уә саумәл ғади мин шәһри рамаданә нәуәйту, фағфирли мә қаддамту уә мә аххәрту». Бұның мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығын үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, Өзіңе тәуекел еттім. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Менің ілгері-кейінгі күнәларымды кешіре гөр!».
Жалпы, мұсылман баласының әрбір құлшылығы Аллаһ тағаланың ризалығы үшін болуы тиіс. Толық адам болу жолындағы барлық қадам Ұлы Жаратушы үшін арналуы керек. Қудси хадисте Аллаһ тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеймін, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусауынан шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша" – дейді. 
Ендеше, сауабы тек Жаратқанның құзырында ғана өлшенетін, рахым мен мейірімге толы қасиетті Рамазан айы баршаңызға мүбәрак болсын! Жаратқан жасаған құлшылық-ғибадаттарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Жаннаттың Райиан қақпасынан ораза ұстаған әрбірімізге кіруді нәсіп етсін! Оразаларыңыз қабыл болсын! Әмин!
-Әмин, әңгімеңізге рахмет!


Категориясы: Уағыз-насихат бөлімі | Көрілді: 1853 | Ендірген: Dinislam_Kz | Рейтингі: 5.0/1 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 0


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2012 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


Создать сайт бесплатно
жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Қыркүйек 2008  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар: erbolatik_7, zh_th

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: xatab

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3620
Осы ай ішінде: 12
Осы апта ішінде: 4
Кеше: 1
Бүгін: 0