«Құранды осыдан 20 жыл бұрын оқысам, Нобель сыйлығын да сол кезде алар едім»
 |
Бүгінде сан салалы даму биігіне қадам басып, өркениет өріне құлаш ұрған Еуропа орта ғасырда қара түнек қоғамды бастан өткергені белгілі. Сол кезеңде қанатын кеңге жайған діни инквизиция кәрі құрлықты мекендеген елдердің ғылым-білімінің тамырына балта шапты. Ғылыми еңбектер отқа жағылып, діни қағидаларға қарсы келгендер қатал үкімге кесілді. Шпенглерше айтқанда «Батыстың күйреген тұсы» болды. Еуропа осындай күй кешіп жатқанда Орта Шығыс, Солтүстік Африка елдері және Испания (Испания VIIІ ғасырда Ислам халифатының құрамында болған) сынды мұсылман мемлекеттерінде араб мәдениеті мен ғылымы гүлденді. Араб һаріптерімен таңбаланған көптеген құнды ғылыми еңбектер жарық көрді. |
Бұл үрдіс ғылым тарихына «араб мәдениеті кезеңі» деген атпен енді. Жеті ғасыр дәуірлеген арабтар адамзаттың алға басуына ұлан-ғайыр үлес қосты. Әсіресе, математика іліміне қатысты алгебра, алгоритм, сияқты қазіргі әлемдік қолданыстағы терминдердің көпшілігін араб хакімдері қалыптастырған. Жалпы, бұл дәуірде өмір сүрген математиктер туралы толық мәліметтер аз болса да, кейбірінің есімдері мен ғылыми еңбектері күні бүгінге дейін жетті. Олардың еңбектеріне тән ортақ ерекшелік - математикалық және астрономиялық трактаттарды тек араб тілінде жазған. Осындай іргетасы берік қоғамды еуропалықтар өз қолдарымен қиратты. Алғашында арабтардан үйреніп, өздерінің ғылымы мен мәдениетін жандандырған олар кейін келе католиктік діни көсемдердің ұйымдастыруымен мұсылмандарды ығыстырып, ислам әлеміне өршелене қарсы шықты. Мұның арты крест жорықтарына ұласты. Ақыры мұсылмандардың дініне қарсы тұрғанымен, ғылымынан бас тарта алмаған Еуропа «ислам ілімінің негізі - грек-рим ғылымы, арабтар өзге жұрттан көшіріп алған» деген жалған бәтуа ойлап тапты. Ислам әлемінің бірнеше жүздеген жылдарды қамтитын ғылыми жетістіктерін жоққа шығарған осы қиянат әлі күнге жалғасуда. Ал крест жорығы және кейінгі отарлау саясаты араб елдерінің барлық саладағы дамуын дағдарысқа тіреді. Бүгінде араб әлемінің алға басуын тежеп отырған не? Осыған ой жүгіртіп көрелік. Жалпы, жер шарында 1,5 мил-лиард мұсылман бар, олардың 1 миллиардтан астамы Азия құрлығында, 400 миллионы Африкада, 44 миллионы Еуропада тұрады, АҚШ-та 10 миллионнан астам адам ислам дінін ұстанады. Әлемде әрбір төрт адамның біреуі мұсылман. Индуизм дінін ұстанатын бір адамға - екі мұсылманнан, буддизм жолындағыларға да екі мұсылманнан келеді. Ал бір еврейге - 100 мұсылман. Халқының саны жағынан осыншама көп болса да, ислам әлемі неліктен әлсіз? Бұл сауалдың жауабы ғылым-білімнің кенже қалуына келіп тіреледі. Ислам конференциясына мүше болып табылатын 57 мемлекетте бар-жоғы 500 университет бар. Оны аталған елдердің халық санына шағар болсақ, әр университетке 3 миллион адамнан келеді екен. Ал 300 миллион халқы бар АҚШ-тың бір өзінде 5758 университет бар көрінеді. Яғни, шамамен алғанда әрбір 52 мың америкалыққа 1 университеттен келеді деген сөз. Қытайдағы «Шанхай жиау тұң» университеті 2004 жылы Дүниежүзі жоғары оқу орындарының академиялық рейтингін жасап шығарған. Бір айта кетерлігі, аталған рейтинг бойынша ең үздік 500 университеттің қатарына бірде-бір ислам елінің жоғарғы оқу орны ене алмады. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, халқы негізінен католик және православ діндерін ұстанатын елдердегі сауаттылық деңгейі 90 пайыз шамасында. Ал Ұлыбритания, Франция, Италия, Чехия сынды елдердің халқы 100 пайызға сауатты болып саналады. Мұсылман елдерінде сауаттылықтың ең жоғарғы көрсеткіші 40 пайыздан аспайды, кей елдерде ол тіпті төмен. 100 пайыз сауатты ел мүлде жоқ. 98 пайызы 11 жылдық мектепті бітірген христиандардың 40 пайызы жоғары оқу орындарында білім алса, 50 пайызы ғана бастауыш мектепте оқыған мұсылмандардың тек 2 пайызы ғана жоғары білім алады. Мұсылман елдерінде 1 миллион адамға бар болғаны 230 ғалымнан келеді. Ал АҚШ-та 1 миллион адамға 4000 ғалымнан, Жапонияда 5000 ғалымнан келеді. Әрбір 1 миллион арабқа техника саласын зерттеуші 50 ғалым қызмет етсе, христиан елдерінде 1000 зерттеушіден келеді. Мұсылман елдері жылдық ішкі жалпы өнімнің орта есеппен 0,2 пайызын зерттеу-дамыту мақсатына бөлсе, христиан елдері бұл салаға ІЖӨ-нің 5 пайызын жұмсайды. Осы ақпарлардың барлығы мұсылман әлемінің соны жаңалықтарға, жаңа ғылыми жетістіктерге құлаш ұруға деген құмарлығының пәс екендігін көрсетеді. Жалпы, мерзімді басылымдардың тиражы мен кітап бастыру саласы кез келген елдің рухани өресін айқындайтын маңызды көрсеткіш болып табылады. Осы саладағы мұсылман елдерінің ахуалына назар аударайық. Пәкістанда 1000 адамға 23 дана газеттен келсе, Сингапурде осынша газетті 630 адам оқиды. Білім мен ақпаратты таратудағы Батыс пен Шығыс әлемінің әлеуеті жер мен көктей екендігі айқын аңғарылып тұр. Теориялық ғылымды тіршілікке енгізу көрсеткіштерінің бірі - түрлі күрделі техникалық өнімдерді экспорттау көлемі. Пәкістанның жалпы экспорт саласындағы техникалық тауарларының үлесі 1 пайыздан аспайды. Сауд Арабиясындағы, Кувейт, Марокко және Алжир мемлекеттеріндегі жағдай бұдан да төмен, бар болғаны 0,3 пайыз. Ал Сингапурде бұл көрсеткіш 58 пайызға жетеді. Яғни, мұсылман елдері ғылым мен білімде теориялық тұрғыда меңгергендерін адамзаттың күнделікті тұрмыс-салтына енгізу ісінде де кемшін түсіп жатыр. АҚШ сынды әлемдік державаның жылдық ішкі жалпы өнімінің көлемі 12 триллион доллардан асып түседі. Қытайдың ІЖӨ мөлшері - орта есеппен 8 триллион АҚШ долларына тең. Аталған көрсеткіш бойынша 3,8 триллион доллармен Жапония үшінші орын алса, ІЖӨ көлемі 2,4 триллион долларға тең Германия төртінші орында. Мұсылман мемлекеттері бұл тұрғыда да мақтана алмайды. 57 мұсылман мемлекетінің ІЖӨ жиынтығы бар болғаны 2 триллион АҚШ долларын құрайды. Көмірсутегі қорына белшесінен батып отырған Сауд Арабиясы, Кувейт және Катар мемлекеттері мұнай-химия саласында жыл сайын 500 миллиард доллардың өнімін шығарады. Ал кіп-кішкентай Испания бір өзі 1 триллион долларға тең өнім шығарып, қызмет түрлерін көрсетеді. Қасиетті Құран терең білім меңгеруге, ғылымды құрметтеуге шақырады. Олай болса, қасиетті кітапты ерекше әспеттейтін ислам елдерінің артта қалғаны қалай? Әлде, ғылымға ден қоюдың орнына, діни әпсаналарды құр малданып, әсіре құдайшыл, қанағатшыл, күдікшіл сананың жетегінде тіршілік етудің салдарынан ба? «Егер бір дінге 100 жылда Англияны, тіпті бүкіл Еуропаны басқару мүмкіндігі берілер болса, оған тек Ислам ғана лайық», дейді Бернард Шоу. Шындығын-да, ислам діні рухани тұрғыда басқаларға үлгі болып отыр. Озық ғылым, дамыған технология, заманауи білім биігінен төменде қалмас үшін дінді тек біржақты түсінбеген жөн. Осы орайда канадалық әйгілі ғалым Кейт Мурдың «Егер мен Құранды осыдан 20 жыл бұрын оқысам, Нобель сыйлығын да сол кезде алған болар едім» деген сөзі еске түседі. Яғни, ол өзі жат діннің өкілі бола тұра, шексіз ғылым мен білімнің негізі Құранда екендігін меңзеп отыр. МҰРАТ АЛМАСБЕК "Нұр Астана" газеті.
|