|
Аса Қамқор Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын.
|
|
Бүгінде қаншама жұрт ғаламторды кезіп жүреді ғой. Соның бірі өзіміз. Сол әлгі ғаламторды кезіп жүріп "сарбаздардың" сайтына тап болдым. Ақтара келіп, подполковник Құдайберген МЕДИМАНОВ-тың "Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!" деген мақаласын көзім іліп қалғаны. Маша Аллаһ дініміз жайлы, оның ішінде оразаның шарттары жайлы әңгіме қозғалған екен. Қатты қуанып кеттім. |
Кей жерлерде кейбір сарбаздардың намаз оқуға рұқсат бере бермейді деген сөздерін құлағымыз шалып қалатын, ал мұнда ораза жайлы сөз қозғап отыр екен. Мақала былтырғы оразада жазылған екен, дегенмен мән-мағынасын жоғалтпаған.Енді сол мақаланы назарларыңызға ұсынайын:
Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!
Мұсылмандықтың бес парызының бірі – Рамазан айы басталғанда отыз күн ораза ұстап, Алла Тағалаға құлшылық ету.
Барша мұсылмандардың асыға күткен қасиетті Ораза айы басталады. Осыған орай “Нұр-Астана” орталық мешітінің найб-имам Махмұт Әнуарұлына хабарласып, қасиетті Ораза айының маңызы мен мән-мағынасы жөнінде мағлұмат беруін өтінген болатынбыз.
Оразаның маңызы Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Рамазан оразасы һижреттің екінші жылында парыз болған. Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және жыныстық қатынаста болмау деген сөз. Рамазан айы кей жылдары 29 күн, ал кейбір жылдары 30 күн болады. Рамазан айы 29 күн болған кезде де 29 күндік ұсталған ораза толық болып есептеледі. Өйткені, мұндағы парыз да Рамазан айында толығымен ораза ұстау. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінде тоғыз мәрте Рамазан оразасын тұтқан. Бұл рамазандардың төртеуі 29, ал бесеуі 30 күн болған. Рамазан айы – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген. Ұлы Кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады. Ұлы Аллаһ былай дейді: “Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз қылынғанындай, Аллаһқа қарсы келуден сақ болатын шығарсың-дар деп санаулы күндерде сендерге де парыз қылынды...”. Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақіретте жәһәннамнан қорғай-тын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Бұл тұрғыда: “Кімде-кім сене отырып, сауабын Аллаһтан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі”, – дейді сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Рамазан оразасы кімдерге парыз? Оразаның парыз болуының шарттары мыналар: 1. Мұсылман болу. 2. Ақыл-есі дұрыс болу. 3. Балиғатқа жеткен болу. Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл – Аллаһ Тағаланың әмірі. Жас балаларға ораза ұстау парыз емес. Бірақ зиян кетірмейтіндей түрде балаларды да бірте-бірте оразаға үйреткен жақсы. Әйелдер етеккір кезінде және нифастағы әйел осы күндері біткенше ораза ұстамайды, намаз оқымайды. Бұл жағдайлар біткеннен кейін ұстай алмаған оразаның қазасын өтейді. Бірақ намаздардың қазасын оқыма.
Сәресі мен ауызашардың артықшылығы Сәресіге тұрып тамақ жеу – мүстәхаб. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Сәресіде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында берекет бар” деген. Сәресі тамағы ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыттардың бірі де осы сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып дұға етіп, Аллаһ Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрау керек. Ораза ғибадатын бітіріп, ауызашар уақытына жеткен адам одан да көп бақытқа, қуанышқа кенеледі. Ұстаған оразасының сыйын алу үшін қиямет күні Аллаһтың алдына барған кезде одан да үлкен қуанышқа кенеледі. Осы турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: “Ораза ұстаған адамға екі қуаныш бар: бірі – ауыз ашқан уақытта, екіншісі – Аллаһқа қауышқан уақытта”. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауызашар уақытындағы дұғалардың кері қайтарылмайтынын, Аллаһ тарапынан қабыл болатынын айтқан.
Ауызашар дұғасы “Аллаһуммә ләкә сұмту уә бикә әмәнту уә аләйкә тәуәкәлту уә ала ризқиқә әфтартү уә саумәл ғади мин шәһри рамазана нәуәйтү фағфирли мә қаддамту уә мә аххәрту”. Мағынасы: “Ей, Аллаһ, сенің ризашылығың үшін ораза ұстадым. Саған сендім, саған тәуекел еттім, сенің ризығыңмен оразамды аштым. Рамазан айының ертеңгі оразасына да ниет еттім. Енді менің өткендегі және келешектегі күнәларымды кеше гөр!”.
Ораза түрлері Оразаның алты түрі бар: 1. Парыз оразалары: Рамазан айында ораза ұстау. Рамазанда ұсталмаған оразаның басқа күндерде қазасын ұстау және кәффарат оразалары парыз. 2. Уәжіп оразалар: Бір нәрсеге аталған оразалармен бұзылған нәпіл оразалардың қазасын ұстау уәжіп. 3. Сүннет оразалар: Мұхаррәм айының тоғызыншы және оныншы немесе он бірінші күндері ораза ұстау сүннет. 4. Мүстәхаб оразалар: Қамери айлардың он үш, он төрт және он бесінші күндері аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері және Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза ұстау – мұстахаб. 5. Мәкруһ болып есептелетін оразалар: Әр Мұхаррам айының тек қана оныншы күні, тек қана жұма немесе сенбі күндерінде ораза ұстау мәкруһ. 6. Ораза ұстау харам болып есептелетін күндер: Рамазан айтының бірінші күні мен Құрбан айтының төрт күнінде ораза ұстау – харам. Өйткені айт күндері – Аллаһтың құлдарына деген сый-сияпат күндері. Аллаһтың сый-сияпатынан бас тарту дұрыс емес. Әзірлеген подполковник: Құдайберген МЕДИМАНОВ
|