Ақ мешіт ашылды
Қасиетті Рамазан айы басталардан бірер күн бұрын Талдыбұлақ ауылынан биік мұнаралы ақ мешіт үйі ашылып, мұсылмандар қауымына қуаныш сыйлады. Белбұлақ селолық округіне қарасты Ақбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ ауылдарында бұрын-соңды мешіт үйі салынбағандығын ескерген осы ауылдың топырағында түлеп-ұшқан атқамінер азаматтарының бірі, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңестің мүшесі Бақтыбаев Ілияс Жақыпбекұлы өзін толғандырып жүрген игілікті ісін жүзеге асыруға биылғы жазда бар мүмкіндігін жұмылдырған екен. Нәтижесінде аз уақытта кең сарайдай көк күмбезді «Дейлда ана» атындағы мешіт салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мұфти Әбсаттар Дербісәлі қажы қатысып, жиылған жұртты қуаныштарымен, сондай-ақ Рамазан айының басталуымен құттықтады. Имандылыққа ұйытып, діннің нұрлы жолына уағыздайтын қасиетті мешіттің есігі құдайға құлшылық етуші пендесіне әр кез ашық болуын, ішінің жамағатқа толуын тіледі. Мұндай жүрекке жылылық ұялатар жылы лебіздерді аудан әкімінің орынбасары Бердәулет Ешенұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, І.Бақтыбаевтың ұстазы Баймұханбет Шынтеміров, ауданның Құрметті азаматы, ауыл ақсақалдарының төрағасы Әбдіреш Нұрбатыров және ауыл ақсақалдары Әлхан ата мен Несіпбек аталар да жалғастырып, өскен жері мен еліне шын ниетімен абыройлы іс тындырып беріп жатқан атпал азамат Ілияс Жақыпбекұлының еңбегіне ерекше ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, олар І.Жақыпбекұлының бұған қоса ауыл мектебінің спорт және акт залын жасауға да зор үлес қосқандығын ерекше атап өтті. Өз кезегінде ауылдың өсіп-өркендеуіне шынайы жанашыр болып жүрген І.Бақтыбаев мешіттің салынуына біркісідей атсалысқан бірқатар азаматтардың есімін атай келе, еңбектеріне алғыс айтты. Сонымен, асыға күткен ақ мешіттің тұсауы салтанатты түрде кесіліп, мұсылмандар қауымына есігін айқара ашты.
Ақпарат көзі: http://zhetysu-gov.kz/index.php?name=News&op=article&sid=687
|