Қасиетті Рамазан айының құрметіне Қазақстанның Ресей Елшілігінде ауызашар берілді
Қасиетті Рамазан айының құрметіне Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде ауызашар берілді. Бұл шараға Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұртай Әбіқаев, Ресейдің Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Ғайнутдин және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Р.Ғайнутдин жиналғандарды Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Қазақстан халқының жетістіктері көбіне елдегі ұлысаралық тыныштықпен және конфессияаралық келісіммен байланысты екенін атап көрсетті. Ол жетістіктердегі Қазақстан Президентінің еңбегі зор екенін, екі елдің экономика, мәдениет және дін салаларындағы өзара байланыстарын нығайтуға белсенді атсалысып отырғанын айтты.
Н.Әбіқаев өз кезегінде, Қазақстанда қазіргі уақытта 40-тан астам конфессияның басын қосатын 3 мыңнан астам діни бірлестіктің жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол сондай-ақ, республикадағы ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтау және нығайту ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне тоқталып өтті. 2003 және 2006 жылдары Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері беделді халықаралық ұйымдардың тарапынан жоғары баға алғанын атап көрсеткен Қазақстан Елшісі, 2009 жылдың күзінде Астанада өтетін ІІІ съезге дайындық барысы жайлы хабардар етті.
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат.
|