 |
Темекі шегудің алдын алуға қатысты дөңгелек үстел болып өтті Бүгін Мәжілісте «Темекі бойынша салық саясаты – Қазақстанда темекі шегудің алдын алу құралы» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған шара Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың темекі мен алкогольге салықты көбейту туралы және ҚР Парламенті ІІ сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде қозғалған жаңа Салық кодексін қабылдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында болып отыр. Отырысқа қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қадыр Омаров кіріспе сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы темекі өндірісінің қарқын алып отырғаны, шетелде де, Қазақстанда да шылым шегуге құмартушылар саны жыл санап артып келе жатқаны жайында баяндап берді. Деректер бойынша 2025 жылдары 10 млн. адам темекі тартудың залалынан көз жұматынын келтірді. |
Жиналғандар алдында Қазақстанда түсірілген «Қиын тыныс» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде өкпе рагына шалдығып, аурухана төсегінде жатқан 28 жасар жігіт көрсетіледі. Кейін оның көз жұмғаны жөнінде айтылды. Фильмде жантүршігерлік деректер де келтірілді. Айталық, 4 млн. шамасында қазақстандық азамат темекі тартады. 13-15 жас аралығындағы 120 мың жасөспірім де өз өмірлерін шылым шегуден бастап отыр. Сол секілді 450 мың әйел шылым шегеді. Темекі тартатындар өкпе қатерлі ісігіне жиі ұшырайды. Жыл сайын тұрақты шылым шегетін 4 мың адамның осы сырқатқа шалдығады екен.
Осы орайда бүгінгі жиынға бастамашы болғандар темекі акцизінің артуы бірқатар мәселелерді шешуге қол жеткізеді деп сендірді. Біріншіден, темекіні бақылау саласында дамыған елдерге жақындауға және салықтық кірістің анағұрлым ұлғаюына алып келмекші. Екіншіден, балалар мен жасөспірімдер арасында темекі тартушылардың санын азайтуға ықпал етпекші. Темекі тұтынуды 3-5 пайызға қысқартады.
Бұл шараны ұйымдастыруға Денсаулық сақтау министрлігі, !Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатының Орталық кеңесі, Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы, «Темекі түтінінен тәуелсіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұрындық болған.
Дөңгелек үстелде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Темекісіз» – әлем бастамасы директорының бас экономист кеңесшісі Аида Юркели, Таиланд денсаулық сақтау қорының атқарушы директоры Пракит Ватесотокит сөз сөйлеп, әлемдік тәжірибе туралы ойларын ортаға салды.
Басқосуға Парламент депутаттары, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысып, өз пікірлерін білдірді.
АСТАНА. ҚазАқпарат.
|