«САБАХ» — ХАЛАЛ КАФЕ-АСХАНАЕлімізде
республикалық деңгейде халал стандарты бекітілгелі бері біраз игі
бастама жүзеге асып келеді. Соның бірі — тамақ өнеркәсібі мен қызмет
көрсету саласының біртіндеп халал қағидаларына сай жұмыс істей бастауы.
«Сабах» — Халал комитетінің сарабынан өтіп, халал стандарттарына сай
деп танылған Алматыдағы алғашқы кафе-асхана. Аталған халыққа қызмет
көрсету орнын Қытайдан келген мұсылман бауырымыз Дәуітжан Шүкір ашқан.
Кафе-асхана бір мезгілде 300-400 адамға дейін қызмет көрсетеді. Ондағы
қызметкерлердің дені — Қытайдан келген оралман бауырларымыз екен. Біз
халал кафе-асхананың директоры Дәуітжан Шүкірді әңгімеге тарттық. — Менің Қазақстанға келгеніме он жылға жуықтады. Осындай келіп, үйлендім. Құдайға шүкір, қазір үш перзентіміз бар. Қазақстан азаматымыз. Туған жерімізге де барып-келіп жүрміз. Қазақстан азаматы болғанымызды мақтан тұтамыз. Құдайға шүкір, қазір Қазақстанда дін күшейіп, заман жақсарып келе жатыр. Әу бастан маған халал тамақ даярлайтын жерлер жеткіліксіз болып көрінді. Бір жағынан, отбасымызды асырап, екінші жағынан, Исламға қызмет жасасақ деген ниетпен осы кафені ашуға бел байлап, іске кірістік. Бірақ достарымызға, таныстарымызға халал кафе ашамыз дегенде, олар ғимаратты жалдаудың да, сатып алудың да өте қымбат екенін айтып, бізді бұл істен арашалағысы келді. Оның үстіне арақ-шарапсыз халал кафелерді ұстау белшеден қарызға батырып, шығынға әкеп соғатынын да ескертті. Бірақ мен: «Жүрегім осыған қатты тартып тұр», — дедім. Қазақстанда халықтың басым бөлігі — мұсылман. Құдайға шүкір, дін күшейген сайын халал тағамдарға деген сұраныс та артып барады. Осыны ескеріп, әйеліміз екеуміз тәуекел деп, іске кірістік. Басында келушілер аз еді. Сонда кейбір достарымыз: «Арақ-шарап қойып, ісіңді алға жылжыт», — дегендей ақыл-кеңес берді. Бірақ біз халал кафені тек ақша табу үшін ашқан жоқпыз ғой. Ертең бәріміз де бір Алланың алдына барып, есеп береміз. Харам нәрсені қалай сатамыз? Харам тағамдарды сатып жүрген бауырларымыз бір күні өзгеретін шығар деген үміттеміз. Біз бұл істі әу басынан таза бастадық па, Құдай қаласа, ақырына дейін де солай жұмыс істемекпіз. Оның үстіне не нәрсеге де сабыр керек. Дініміз сабырлыққа шақырады. Сабырмен келушілерді күттік: бірте-бірте кафеміз танылып, келушілер де көптеп келе бастады. Құдайға шүкір, қазір күн өткен сайын көбейіп келеді. Түскі ас кезінде, тіпті, адамдарға орын табылмай қалады. Құдайға шүкір, ісіміз оңға басты. — Халал тағам мұнда көбіне мұсылман халықтары келуі керек сияқты. Бірақ, байқасақ, мұнда өзге дін өкілдері де тамақтанатын секілді. Олар да халалға бет бұрып жатқандай... — Дұрыс айтасыз. Басқа дін өкілдері де халалдың пайдасын жақсы біледі. Тіпті, кейбірі халал тек намаз оқитын адамдарға керек деп те ойлайды екен. Бұл дұрыс емес. Қазір бізге орыс ұлтының өкілдері де, оның ішінде жастары да көп келеді. Бәрі: «Тамақтарыңыз дәмді, арақ-шарап ішілмейді, темекі тартылмайды. Бізге де жақсы, тым құрымаса бір-екі сағат темекі шекпейміз», — деп жатады. — Мұнда мұсылман тойлары өткізіледі екен... — Әуелде мұны біз ойлаған жоқпыз. Қазір осындай тойларға сұраныс бар. Талай тойлар, Құдайы тамақтар, ауыз ашарлар жасадық. Тіпті, кейбір жастар келіп: «Аға, біз туған күнімізді мұсылманша өткізсек», — дейді. Негізінен мұсылманша тойлар өте жақсы өтеді. Мұның бәрі асабаға байланысты ғой деймін. Мұсылман тойларында діндар азаматтар асабалар болады. Асаба: «Исламның бес парызы не?» деген сияқты сауалдар қойып, тойды қыздыра түседі. Оның үстіне домбырамен әдемі әндер айтылады. Кейбіреулер арақ-шарапсыз көп отыруға болмайды деп есептейді. Ал, біздегі тойлар 6-7 сағатқа дейін созылып, аса мәдениетті өтеді. Қазір республикамызда Марат қажы Сәрсенбаев басқаратын Халал комитеті жұмыс істейді. Біз сол Халал комитетіне тіркелген Алматыдағы алғашқы кафе-асханамыз. Халал комитетінен арнайы куәлік алдық. Марат қажы Сәрсенбаевпен қатар, мүфти хазірет келіп, құттықтап, ізгі тілек айтты. Төбеміз көкке жеткендей болды. Басында бізді осылай қолдайтынына, әйтеуір ісіміздің алға жылжып, осындай деңгейге жетеміз деп ойлаған емеспіз. Қазір ашылып жатқан кафе-мейрамханалар аз ба?! Ал олардың ішінде біздің беделіміздің жоғары екенін сезіну зор қуаныш. Біздің кафенің бір ерекшелігі, даяшыны шақыратын арнайы құрылғы бар. Тетікті басып қалсаңыз, қандай тамақ қажет, сол кестеден шығады. Қоңырау бойынша даяшылар жүгіріп барады. Өзіңіз де көріп отырсыз, даяшы қыздар мұсылманша ұзын киініп, бастарына орамал тартып жүреді. Мұсылман қонақтарды: «Ассалаумағалейкүм!» — деп қарсы алады. Басқа азаматтармен де өз тілінде сәлемдеседі. — Қазақстанның түкпір-түкпірінде де мұсылмандар тұрады. Өзге аудан, облыс, қалаларда халал кафе ашу ойыңызда бар ма? — Мұндай ой болған. Құдай қаласа, Алматының тек өзінде бірнеше халал кафе ашпақпыз. Құдай қаласа, Астанада да филиалымызды ашсақ па дейміз. Тілегіміз — басқа кісілер де осындай халал кафелер ашып, осы саланы одан ары дамыта түссе екен. Қазақстанда мұсылмандар көп. Яғни, халал тағамға деген сұраныс та артпақ. — Кафе-асхана қызметкерлері мұсылмандар ғой. Асханаңызда намазханаңыз да бар екен. Соған қарағанда, қызметкерлеріңіздің көбі шариғат талаптарын орындайды ғой деймін... — Қазір мұнда қызмет етіп жүрген азаматтардың көбі — Қытайдан келген қазақ қыздары мен жігіттері, сол сияқты ұйғыр жастары. Олардың көбі дін жолында. Үлкен кісілер намаз оқиды. Біз де зайыбымыз екеуміз бес уақыт намазымызды қаза етпей, оқып келеміз. Ал жұмысқа жаңадан келген жастардың кейбірі: «Ислам деген не?» — десеңіз, қарап тұрады. Құдайға шүкір, олар осында жұмысқа орналасқалы бері дінді танып, өз еріктерімен намаз оқи бастады. «Дінде зорлық жоқ», — дейді. Біз зорлап, дінді түсіндірмейміз. Күні бойы халал тағамдар дайындаймыз. Келушілеріміздің осында намаз оқып, жақсы тілектер айтып жатқанына қарап, жас қызметкерлеріміздің де жүрегі дінге бұрылып жатқандай. Бәрі де мұсылман перзенті ғой. Әйтеуір өз діндерін жақсы ұғынып жатыр. Мұндағы намазханада бес уақыт намаз оқып жүр. Ораза ұстайтын да болды. Біз осыдан он жыл бұрын Қазақстанға келген кезбен салыстырғанда, қазір діни жағдай жақсарды. Діни сауаттылық та жоғарылағандай. Күн санап діни өрлеу өріс алып келеді. Қазақстанға Алла Тағаланың назары ерекше болып жатыр деп ойлаймыз. Мұнда діни секталар да бар екен. Бұл орайда біз дінімізді насихаттай білсек игі. Біз ханафи мәзһабындамыз. Бүгінгіи күні дүниежүзіндегі мұсылмандардың жартысы осы мәзһабта көрінеді. Біз осы жолмен келеміз. — Бұл кафе-асхана тәулік бойы жұмыс істей ме? — Иә. Келуші көп. Сондықтан халықтың ықыласынан шығу үшін тәулік бойы жұмыс істейміз. Ораза кезінде қауырт істедік. Біздің кафеде ауызашар жасағысы келгендер көп болды. Оразада біздің қызметкерлердің де, келушілердің де аузы берік. Бәрі де бір уақытта ақшам намазын оқып, ауыз ашты. Даяшыларымыз зыр жүгіріп қызмет етті. Ораза кезінде көңіл-күй мұнда ерекше! — Келушілерге қандай ұлттық тағамдарымызды ұсынасыздар? — Қазақ тағамдарынан ет, шелпек, бауырсақ, сонымен қатар манты, самсаны да қазақша тағамдар ретінде ұсынамыз. Әруақытта қымыз-шұбаттарымыз бар. Кафеміздің залы — еуропалық және шығыстық тағамдар деп екіге бөлінген. Бір жағынан, жақын арада бірқатар оқу орындары орналасқан соң, студенттердің де қалтасын ескеріп, бағаны төмен қойдық. —Достарыңыздың әу баста: «халал кафе ашу — шығынға батырады» дегенін айтқан едіңіз. Ал бүгін осы халал кафе-асхананы ашқаныңызға өкінбейсіз бе?! — Өкінбейміз. Керісінше, Құдайға шүкір дейміз. Аллаға тәуекел етіп, бастаған жұмысымыз ғой. Алматыдағы үлкен кісілердің жақсы тілектері мен баталарын алып жатырмыз. Егер өзге де азаматтар осындай мейрамханалар ашып жатса, оған тек қуанумен қатар олармен өз іс-тәжірибемізді бөлісуге қашанда дайынбыз. Сұхбатты жүргізген Кәмшат ТАСБОЛАТОВА. www.meshit.kz
|