[02.01.2009.] Һижри жылнама тарихы және ашура күні хақында...
23:03
ҺИЖРИ ЖЫЛНАМА ТАРИХЫ ЖӘНЕ АШУРА КҮНІ ХАҚЫНДА
Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресіндегі 36-аятта: «Расында Аллаһ қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі – құрметті айлар. Міне, осы берік дін»,– делінген. Бұл аятта айдың саны қанша екені айтылған. Яғни, жыл бойындағы ай саны он екі. Демек, Аллаһ тағала әуелде, жерді жаратқан сәтте оның қимыл, әрекетіне қарап ай санын он екі етіп белгілеген. Сондықтан: «Расында Аллаһ қасында көктер мен жерді жарат-қалы Аллаһтың кітабындағы айлардың саны он екі»,– деген. Демек, бұл сан үнемі өзгермей он екі ай күйінше қалмақ. Ай саны өзгермейді. Оны өзгертуге адам баласының қауқары да жоқ. Адамзат тек айдың шығуы мен батуын бақылап, ай санын анықтап қана отырады. Жаңадан ай туғанда кезекті ай саны да басталады. Оның күндері жиырма тоғыз немесе отыз күннен тұрады. Мұны ай күнтізбесі деп атайды. Сондай-ақ, қазіргі заманда көш басшысы боп отырған күн жүйесі негізінде жасалған күнтізбе де бар, оны григорянша немесе Иса (с.ғ.) пайғамбардың туылғанына орай күнтізбесі дейміз. Ал, айлар тізбесін мұсылманша немесе Һижри күнтізбесі деп атаймыз. Күнтізбе, яғни, григорянша жыл санаудың әр айы 31, 30 күндік, бір ай 28 күндік жылда – 363-365 күні бар, ал ай тізбесі 29, 30 күндік болып бір жыл тек – 345 күннен тұрады. Демек, мұсылманша жыл санау григорянша жыл санаудан он немесе кейде он бір, он екі күнге кем. Сондықтан, әр жылғы ораза, қажылық өткен жылғысынан он, он бір немесе он екі күн бұрын басталып жатады. Жалпы, он, он бір күнге жылжып отыратын мұсылманша жыл санау айырмашылығы отыз үш жылда бір жылға артады. Содан мұсылмандар, бір кісі дүние салып жатса, оған ай тізбесімен жыл санап, марқұмның жасын шығарып, мұсылманша жас береді. Бұл өте орынды іс. Қайтыс болған адамның мұсылманша жасын есептетіп жаназа шығару шариғатта теріс емес. Қайта мұсылманның жасын мұсылман күнтізбесімен есептеу құптарлық. Енді, осы мұсылманша жыл санау қашан пайда болды? Кезінде Ислам дінін ұстанатындар көбейіп, мемлекет ұлғайып, аумағы кеңейе түсті. Шекарасы кеңейді. Орталықпен хат арқылы қарым-қатынас жасалатын. Мемлекеттің астанасына хаттар көп келетін. Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.) Абу Муса ал-Ашъариден (р.а.) хат алды. Онда Әбу Мұса ал-Ашъарий: «Омар маған сенен хаттар келеді. Тарихы белгісіз. Мерзімін көрсетіп жазсаң жақсы болар еді»,– деген өтініш білдірді. Сосын, тағы бірде Омар ибн Хаттабтың (р.а.) өзі хат алды. Хатта шағбан айы деген сөз бар еді. Бірақ, қайсы шағбан? Өткен жылғы ма, әлде биылғы шағбан ба? Осыны біле алмай қиналды. Кейін Яманнан, Яъла ибн Умайядан Омар ибн Хаттабқа (р.а.) хат келді. Хатта оның жазылған мерзімі көрсетілген болатын. Бұл хазреті Омардың (р.а.) ойынан шықты. Ол кісі мәслихат ашып, онда мұсылмандарға ғана қатысты тарихи жыл санауды шешуі мәселесін қойды. Ислам мемлекеті басқаларға ұқсамайтын өзінің жыл санауын жариялауы керек еді. Мәжілістегі бірінші мәселе – мұсылманша тарихи жылнаманы қашаннан бастау керек, деген сұраққа жауап табу болды. Сахабалардың бірі Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден өткен жылды жылбасы етіп алуды ұсынды. Талқа ибн Убайдуллаһ (р.а.) Расулуллаһқа (с.ғ.с.) пайғамбарлық келген болған жылды бірінші жыл деп есептейік деді. Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.) Пайғамбар (с.ғ.с.) һижрат еткен жылды алғашқы жыл деп санауды ұсынды. Һижрат хақ пен нақақтың арасы ажырауына, Ислам дінінің өркендеуіне үлкен себебі болған оқиға,– деді. Енді біреуі: «Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) туылған жылын ең бірінші жыл етіп алайық»,– деп шықты. Көпшілік Әлидің (р.а.) ұсынысын мақұлдап, жақтап дауыс берді. Сонымен һижри жыл пайда болды. Екінші мәселе, он екі айдың қайсысы алғашқы ай болады, жыл есебі қай айдан басталады, соны анықтау керек болды. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): «Ережеп айын бірінші ай етіп алайық, ол харам айларының біріншісі»,– деді. Талха ибн Убайдуллаһ (р.а.): «Рамазан айы бірінші ай болсын, ол Ислам үмметінің ең шарапатты айы»,– деді. Әли (р.а.): «Мұхаррамды бірінші ай етіп алайық, ол көп заманнан бері жылдың бірінші айы боп келеді»,–дегенде. Бұл сөзді барша құп көрді. Содан Ислам үмметі хазреті Омардың (р.а.) бастауымен 16-һижрий жылда өзінің жыл санауына ие болды. Бұл Иса (ғ.с.) пайғамбар туылғаннан басталатын милади жылдың 638-жылына тұспа-тұс келді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Меккеден Мәдиенаға көшіп барғанға орай жаңадан пайда болған Һижри жыл санаудың басы болып 622-жылдың 16-шілдесі жұма күні, яғни 1-мұхаррам болып бекітілді. Әрине, бұл – үлкен оқиға. Дүние жүзіне жетекші боламын деген мүддесі бар үмбет үшін осыған ұқсас әрекеті мен ұраны болатыны ешкімге сыр емес. Мұхаррам айы һижрий ай күнтізбегінің бірінші айы. Бірінші мұхаррам жаңа жылдың бірінші күні. Әдетте мұсылмандар бір-бірін бұл сәтпен құттықтайды. Біз де баршаңызды 1429 һижри жылдың басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Аллаһ тағала бұл жылды баршамызға қайырлы да берекелі етсін. Отанымыз – Қазақстан әрқашан тыныш болсын, аспанымыз ашық, баршамыздың отбастарымызда береке, бірлік болсын. Сөздік кітаптарда «мұхаррам» сөзі, «құрметтелген», «ұлықталған» деген мағыналарды білдіреді. Шынымен де, бұл – Мұхаррам айы – құрметті ай. Мұхаррам айы Аллаһ тағала қадірлі деген төрт айдың бірі. Жоғарыдағы аятта: «Бұлардың төртеуі – құрметті айлар»,– делінген. Яғни, он екі айдан төртеуі – Аллаһ тарапынан зұлымдық харам етілген айлар саналады. Бұл Зулқаъда, Зулһижжа, Мухаррам және Ережеп айлары. Бұл айлар ерекше құрметке лайық. Өйткені, Аллаһ тағала ол айларды қасиетті Құран Кәрімде атап өтті. Қасиетті Құранда аты аталудан артық құрмет бар ма? Сондықтан: «Мұхаррам Аллаһтың айы»,– дейді. Мұнан артық ұлықтау бар ма? Аяттың соңғы сөйлемінде: «Міне, осы – берік дін»,– делінген. Жоғарыдағы үкім дін Исламның үкімі. Ислам берік дін. Мұхаррам Рамазан айынан кейінгі мәртебелі ай. Бұл айдағы ең ұлы күндердің бірі «ашура» күні. Ашура Мұхаррам айының 10-шы күнi. Бұл күн үстіміздегі жылдың 19-қаңтарына тұспа-тұс келіп тұр. Ашура күні түрлi үлкен оқиғалармен байланысты болғаны үшiн Исламда да және Исламнан алдыңғы дiндерде де құтты күн деп есептелген. Ашура деп аталуы Мұхаррам айының оныншы күнiне тура келгендiктен дегендер де бар. Өйткенi, араб тіліндегі “ашура” сөзi – қазақшада “оны” дегенге саяды. Басқа бiр топ ғалымдардың айтуына қарасақ және де Ислам яки басқа дiндер тарихындағы мәлiметтерге жүгінсек, Ашура күнi бiрқатар оқиғалар болып өткен көрiнедi. Ашура күні – Аллаһ тағала он пайғамбарға он iзет көрсетiптi. Осылайша бұл күн ашура деп аталған деушілер де бар. Адам ата (ғ.с.) жаннатта тыйым салынған нәрседен өзін тия алмағаны үшін жасаған тәубесi осы күнi қабыл болған деседі. Идристi (ғ.с.) жоғары мәртебеге (яғни, жәннатқа) көтерген де осы күн еді, Нұһ (ғ.с.) кемесi топаннан құтылған, Ибраһим (ғ.с.) дүниеге келген, Жақып (ғ.с.) ұлы Жүсiппен (ғ.с.) ұзақ жылдардан кейін қайта қауышқан күнде осы ашура күні еді, деген риуаяттар жеткілікті, Дәуiттiң (ғ.с.) тәубесi қабыл боп, отыз ұлының орнын басқан Сүлеймендi (ғ.с.) қолына алған, Сүлейменге (ғ.с.) хикмет пен дәулет берiлген, Жүнiстi (ғ.с.) балық қарнынан аман-сау шығарған, Перғауынды теңiзге батырып, Мұсаны (ғ.с.) оның зұлымдығынан құтқарған, Исаны (ғ.с.) көкке көтерген күн осы ашура болды» деген әңгіме бар. Мұсылмандар арасында бұл күндi мұхаррам айының тоғызы немесе он бiрi дегендер бар, алайда көпшiлiк онына келіскен. Пайғамбарлардың дұға-тiлектері қабыл болуына, бәле-жаладан, қауып-қатерден құтылуларына сеп-тiгі болған Ашура күнi ғибадатқа құлшыныс танытқан мұсылманның мол сауап алары даусыз. Адам баласы бұл өмірге жалғаннан ақиқатты, күнәдан сауапты ажыратып о дүниеде алдынан шығатын, жүзін жарық ететін амалдарды жасау үшін келді. Қасиетті Құранда: «Аллаһ тағала сендердің қайсыларың ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» («Мүлк» сүресі, 2-аят),– деген. Адам баласы бір ауылға керуенмен кірген жолаушы сияқты. Сақ, ертеңгі күнін ойлайтын ақылды адам осы үзілісті сәтті пайдаланып, ертеңіне жолға керекті азықтың барлығын сатып алады. Қам-қарекетін жасайды. Жол жүруге алдын ала дайын отырады. Ал бейғам адам: «Ертең дайындаламын, бірсүгіні»,– деп жүргенде керуеннің әміршісі жүруге бұйрық береді. Олар әдейілеп ауылдық жерге азық-түлік алу үшін ғана уақытша тоқтаған еді. Олардың көп тұруға уақыттары аз. Ал, еріншек жолға ешбір азық алған жоқ. Азықсыз ол қалай жол жүрмекші. Міне, осы бұл дүниедегі адамзат өмірінің мысалы. Бұл жалған дүниені сәтті пайдаланып, о дүниелік азығымызды жиып, тергеніміз дұрыс. Сауап іс жасасақ, сауапты істің, құлшылықтың сыйын Аллаһ тағала міндетті түрде қайырады. Сонда бұл дүниеде ақыреттің қамын жеп, сауап жиған сақ мұсылманға қашан өлім келсе де өкінбейді. Ал, ақылсыз, бейғам адам өлгеннен кейін қиямет күні Аллаһқа: «Ия, Раббым! Мені қайтадан өмірге қайтаршы. Қайтадан қасиетті күндеріңді көруді нәсіп етші. Жақсы, сауап амалдар істеп, тақуа құлдарыңнан болайын»,– деп жалбарынады. Бірақ, оған екінші мәрте өмір сүруге мүмкіндік қайда?! Аллаһ тағала пенделерін жарыл-қау үшін түрлі айларды, түндер мен күндерді ерекше етіп жаратып, ол күнгі құлшылық ғибадаттардың сауабын да ерекше етіп қойды. Мұхаррам – Аллаһ тағаланың ерекше айы. Бұл айда пайғамбары-мыз ораза ұстаушы еді. Ибн Аббастан (р.а.) айтылған хадистiң мағанасында, Рамазан оразасынан кейiн, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашура күнгi оразаны абзал көрген. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза, Аллаһтың Мухаррам айындағы ораза. Парыз намаздан кейінгі ең абзал намаз түнгі намаз»,– деді. Бес имамнан тек Бухари риуаят етпеген хадис. Сондай-ақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) Рамазан айының оразасы парыз болмастан алдын, мұхаррам айындағы ашура күнгi оразаны мiндеттi түрде ұстаған. Сайд ибн Жұбайыр (р.а) Ибн Аббастан (естіген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мединеге келгенде, яһудилердiң ашура күнi ораза ұстап жатқандарын көрiп, ол жайында сұрады. Олардан: «Осы күнi Аллаһ тағала Мұса (ғ.с.) және Исрайыл ұрпақтарына Перғауынды жеңгiзген, сондықтан осы күндi құт көрiп ораза ұстаймыз»,– деген жауап естіді Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен сендерге қарағанда Мұсаға аса жақынмын”,– деп өзi де ораза ұстады, ораза ұстауды басқаларға да бұйырды»,– делiнген. Әлиден (р.а.) риуаят етіледі: «Бір адам келіп Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Рамазаннан кейін қайсы айда ораза ұстауға бұйырасыз?»– деп сұрады. «Егер Рамазаннан кейін ораза ұстамақ болсаң, онда мұхаррамда ұста. Өйткені, ол – Аллаһтың айы. Ол айда Аллаһ тағала бір қауымның тәубесін қабыл еткен, әрі басқа қауымдардың тәубесін қабыл алды»,– деді. Термизи риуаят еткен хадиске хасан мәртебесін берген. Әбу Қатададан (р.а.) Мүслiм риуаятында: «Ашура күнгi ұсталған ораза бiр жыл бойы ұсталынған оразаның сауабымен тең (мұнан мұрат нәпiл оразасы)»,– делiнедi. Әл-Хакам ибн әл-Аъраж (р.а.) риуаят етті: «Зәмзәм жанында тонының үстінде жанбастап жатқан Ибн Аббастың қасына келіп: «Маған ашура оразасы туралы айтып беріңізші»,– дедім. Ол: «Мұхаррам айын көргеннен санай баста, тоғызыншы күннің таңын ораза ұстаумен атыр»,– деді. Мен сонда: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) ашура оразасын ұстар ма еді?»– дедім. Ол: «Иә»,– деп жауап берді». Бұл хадис бес имамның кітабында бар, тек имам Бұхарида ғана жоқ. Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) Ашура күні ораза ұстады, әрі ол күннің оразасын ұстауға бұйырды. Адамдар: «О, Аллаһ Елшісі, бұл яһудилар мен христиандар ұлықтайтын күн»,– деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Келесі жыл келгенде, иншааллаһ, тоғызында да ораза ұстаймыз»,– деді. Бірақ, келесі жылы Расулуллаһ (с.ғ.с.) дүние салды»,– делінген. Муслим және Әбу Дауд риуаяты. Айша анамыз (р.а.) айтқан хадисте: «Аллаһ Елшiсi (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың меккелiк дәуi-рiнде ашура оразасын ұстады. Мәдинаға қоныс аударғанда көп ұзамай Рамазан оразасы парыз етiлдi. Сонда, Расулаллаһ (с.ғ.с.): «Мен сендердi ашура күнi оразаға бұйырған едiм, бұдан былай кiм қаламаса ұстасын, кiм қаласа ұстамай-ақ қойсын»,– дедi. Демек, шариғатымыз бойынша ашура күнгi оразаны мұстахаб немесе сүннет деп санаушылар да бар. Бұл тақырыптағы хадистерді біріктіріп жиып, талқылап шыққан фиқһ ғалымдары, Ашура мұхаррам айының тоғызы мен оныншы күнінің оразасы сүннет саналады. Демек, Ашура күнінің тек онында ғана емес, тоғызында да ораза ұстаған абзал деген пікірді айтқан. Ораза ғибадатының Ислам дiнiн-де дәрежесi жоғары болып, әжiр-сауабы, рухани пайдасы мол. Адам баласы нәпсісін тізгіндеуде оған оразадан артық көмектесетін ғиба-дат жоқ. Абу Һурайрадан (р.а.) имам Ибн Мажәһ риуаятында: «Ораза ұстау – сабырлықтың жартысы»,–делінсе, Ибн Масғудтан: «Сабыр – иманның жартысы»,– делінген. Бұл хадисты имам әл-Ғаззали қорытып: «Ораза – иманның төрттен бiрi»,– деген екен. Ибн Мубарактан айтылған хадисте: «Әр нәрсенiң есiгi бар, ғибадаттың есiгi – ораза»,– делiнедi. Мұсылманшылықты қолға аламын деген адам бірінші оразадан бастағаны жөн. Өйткені, ораза ғибадаттың есігі саналады. Тiптi, Айша (р.а.) анамызға Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Жәннаттың есiгiн қақ»,– дейдi. Сонда анамыздың: «Ей, Аллаһ Елшiсi! Немен қағамын»,–деген сұрағына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оразамен»,– деп жауап берiптi. Яғни, ораза ұстағаның, жаннаттың есігін қаққанмен тең амал. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасын Аллаһ тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Аллаһ құзырында қабыл. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілек, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі»,– дейді. Ашура күнiн босқа өткізбейік, сол күнгі оразаларыңызбен шаңырақ-тарыңызға құт-береке, бірлік дарысын! Елiмiзде Аллаһқа шынайы ғибадат етушiлер көбейсiн. Мына жаңа 1429-һижри жыл мен 2008 жылда баршаңызға Аллаһ тағала сәтті тіршілік, салауатты тұрмысты нәсіп етсін. Бүкiл Қазақстан халықтарына, мұсылман бауырларымызға бiр жағадан – бас, бiр жеңнен – қол шығаратын ынтымақ, береке, бiрлiк бергей. Сүйiктi отанымыз Қазақстанның абыройы артып, әлемнiң алдыңғы қатарлы елiне айналғай. Әмин! Б.ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ, С.Ғылмани мешітінің Бас имамы.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.