[03.01.2009.] ДІНДЕРАРАЛЫҚ ТҮСІНІСТІК ПЕН СЫЙЛАСТЫҚ
22:30
ДІНДЕРАРАЛЫҚ ТҮСІНІСТІК ПЕН СЫЙЛАСТЫҚ баянды бейбітшілік пен тұрақтылықты орнықтырудың кепілі
2009 жыл да табалдырықтан аттады. Тілі мен діні әрқилы бүкіл ізгі ниетті адамзат баласы бұған үкілі үміттерін артып, өзара түсіністік пен сыйластықтың, тыныштық пен бейбітшіліктің орнығып, нығая түсер жылы болар деп күтуде. Бұл күндері әлем экономикалық дағдарыстан шығудың жолын іздестіру үстінде. Аллаға шүкір, біздің еліміз бұл көпке ортақ қиындықтан оңай әрі тезірек шығады деген үміттеміз. Бұлай деуіміз негізсіз де емес. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бұрынғы кеңестік кеңістік аясында ғана қарыштап қойған жоқ, сондай-ақ әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер санатына қосылып та үлгерді. Қазақ: “Бірлік бар жерде – тірлік бар” дейді. Бұған еліміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасаудың да тигізген әсер-ықпалы зор болғанын атап көрсеткіміз келеді. Осындай ірі әрі күрделі міндеттерді шешіп, жолға қоюда көп этносты, бірнеше дінді Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағын сақтап, оны одан әрі дамыта түсуге көп күш-жігер жұмсаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі өлшеусіз.
Бұл күндері әлемнің бірқатар аймақтарында үлкенді-кішілі қақтығыстар, жарияланған және жарияланбаған соғыстар қылаң беріп, бейбіт жандардың нақақ қаны төгілуде. Соның салдарынан сәбилер жетім, аналар жесір қалуда. Бұған көбіне-көп өзара түсініспеушілік және кешірімділіктің жетіспеуі, сондай-ақ діндерінің де әркелкілігі себепші болуда. Бұлар үшін Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі өзара ауызбірлік пен ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны үлгі. Сондықтан да шығар бастары өте сирек қосылатын түрлі тілді, дінді, ұлтты, нәсілді дін жетекшілерінің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен екі рет Астанаға жиналып, бір үстел басында өзара келіспеушілікті тоқтатып, ынтымақ пен бірлік жайлы үнқатысу өткізген құрылтайы бүкіл адамзат баласы үшін зор жетістік. Әлем мұны аса ірі тарихи оқиға ретінде танып, орынды бағалады. Бұл арқылы Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш ішкі және сыртқы саясаты айқын көрініс тапты. Қасиетті Құранда: “Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал” (“Маида” сүресі, 2-аят), – деп кім-кімді де Алланың тура жолымен жүріп, иманнан алыстамауға, ізгілікке шақырып, күнә атаулы жамандықтан барынша сақтандырады. Ислам – адамзатты тек жақсылық жасауға үндейді. Жалпы шариғатты басшылыққа алып, оны өмірлік ұстанымына айналдыратын мұсылмандар кімдер дегенге келсек, бұл туралы Қасиетті Құранда: “Мүминдер анығында бір-бірімен (дін) ынтымағындағы жандар. Ағайын арасын түзетіңдер. Алланың рақымы түссін десеңдер, одан қорқыңдар… Біріңді-бірің кінәламаңдар, біріңді-бірің мазақтап (лақап атпен шақырмаңдар)… Бұдан тәлім алмағандар – залымдар (“Хужырат” сүресі, 10-11 аяттар.)”, деп нақты сипаттама берілген. Осындай үмметтің арсыздыққа, зұлымдыққа баруы мүмкін бе? Әлбетте, жоқ. Қазақстан халқының жетпіс пайызын құрайтын жиырма жеті ұлт пен ұлыстан тұратын мұсылмандар ел бірлігі мен ынтымағына тиісінше үлес қосып, мақсаты мен мүддесі ортақ өзге отандастарына жан-жақты үлгі болуда. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2300-ге жеткен мешіттерінің діндарлары мен жамағатына артылар жауапкершілік жүгі аса ауыр да абыройлы. Ұлттар мен ұлыстараралық ынтымақ пен бірлікті арттыруда конфессияаралық өзара түсіністік пен сыйластықтың игі ықпалы зор екені айтпасақ та түсінікті. Бұл күрделі мәселелер діндарларымыз қатысатын дөңгелек үстелдер мен діни уағыздық кездесулердің негізгі өзегіне айналуда. Ислам өзге діндегілермен төрт түрлі жолмен қарым-қатынас жасауды жөн санайды: танысып, білісіп, жақсы қарым-қатынаста болу; бір-біріне жәрдемдесу; жақсылық жасау; қашанда әділ болу. Бұл жайлы Құранда: “Уа, Адамзат! Сендерді бір еркек және бір әйел затынан жараттым. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді түрлі тайпаларға, ұлттар мен ұлыстарға бөлдім. Сендердің араларыңдағы ең ардақтыларың іштеріңдегі ең тақуаларың” делінеді (“Хужырат” сүресі, 13-аят.). Биылғы жазда Астанада дәстүрге айналған әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің кезекті үшінші құрылтайы өтпек. Бұған да әлемнің шартарапынан түрлі діндердің өкілдері келеді деп күтілуде. Кім-кімнің де есінде болар, алғашқы екі күнге созылған құрылтайға 135 делегат қатысты. Олардың арасында белгілі ірі тұлғалар болды. Оның салтанатты ашылуында әлемнің көптеген мемлекеттері басшыларының жолдаған ізгі ниетті құттықтаулары жарияланды. Онда бұл келелі басқосудың ғаламшарда бейбітшілік идеясына жәрдемдесетіндігі, Қазақстанның бұл бастамасы аса игілікті екендігі айрықша атап көрсетілді. Алла тағалаға ұнамды осындай ізгі істерге Қазақстан мен оның Президентінің мұрындық болуы еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделінің арта түсуіне себепші болды. Нәтижеде Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, ал 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төраға болуына ықпал етті деп ойлаймын. Ал екінші құрылтай мұнан да ауқымды әрі маңызды мәселелерді көтерді. Оған қатысушы делегациялар да көбейе түсті. Әлемдегі бұған дейінгі көптеген дау-жанжалдар мен қақтығыстарға соқтырған алауыздықтар мен келіспеушіліктердің түп-төркіні діни алауыздықта да екені айтылды. Құрылтайға қатысушылар бұған қатысты ортақ тұжырым жасап, діни достық пен әріптестік сыйластықтың орныға түсуіне шақырды. Бұл үшін ең алдымен халықтар мен діндер арасындағы бір-біріне деген сенім мен ынтымақтастықтың арта түсуіне жан-жақты күш-жігер мұнан әрі де жұмсала беруі тиіс. Бір-бірінің арасын алыстататын кедергілерді бірте-бірте алып тастап, қайта өзара жақындастыра, достастыра түсетін ортақ құндылықтар мен қадір-қасиеттерді ардақтап, бағалай білген мақұл. Сонда ғана барша адамзат өзінің ортақ, тұрғылықты мекені – ғаламшарды достық пен ынтымақ гүлжазирасына айналдыра алады. Ал енді 2009 жылы өтетін ІІІ құрылтайдан не күтеміз? Әлемнің бірқатар аймақтарында әлі де болса түрлі алауыздықтардың салдарынан зардап шегіп жатқан елдердің дінбасыларының бір дөңгелек үстел басында басқосып, өзара мүдделі мәселелерді кеңінен талқылап шешуіне қол жеткізсе, әлемдік және дәстүрлі діндердің абырой-беделінің мұнан да арта түсуіне тиісінше мүмкіндік туа бермек деген үміттеміз.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.