Жыл сайын Хусайынның қаза тапқан күні атап өтіліп, «ашура» және «тәъзия» рәсімдерінде шииттер Хусайынның азапты өлімін еске алып, аза тұтады. Имамдарын сақтап қалудың орнына, оны сатып кеткендеріне өкініп, «ах» ұрады. Жылап-сықтап, өздерін-өздері ұрады. Кей деректерде өздерінен қан шығаратыны айтылады. Олар жыл сайын Хұсайынды осылай жоқтайды. «Тәъзия» деген ұғым «жоқтау» деген мағынаны білдіреді. Ал, «ашура» сөзі «он», «оныншы» деген ұғымға сәйкес келеді. Өйткені, осынау азалы рәсім жыл сайын Мұхаррам айының оныншы күні атап өтіледі. Бұдан «ашураның» шииттердің саяси өмірінде елеулі оқиға екені байқалады.
ШИИТТЕР ДЕГЕН КІМДЕР?
авторы: Шорабек Айдаров
Ислам дінінде екі үлкен ағым бар екені белгілі. Олар «сүнниттер»» мен «шииттер» деп аталады. Екеуінің ара жігін айырып қарау аса қиын емес. Себебі, екі ағымның да өздеріне тән ерекшеліктері, айрықша сипаттары бар. “Әһлус-суннә уәл-жәмәъа”, яғни, сүнниттер деп Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) салып кеткен сара жолын үлгі-өнеге тұтып, одан ауытқымаудың әдістерін ойластырған мұсылман қауымын айтады. Құран мен Хадиске (Сүннетке) сүйенген бұл ағым бүкіл дүние жүзінің мұсылман елдеріне кеңінен тарауымен және көпшілік Ислам қауымының мойындауымен ерекшеленеді. Мұсылман халықтарының 70-80 пайызын құрап отырған сунниттік ағымның ақиқаттылығына шек келтірудің өзі күпірлік секілді. Алайда, шииттік ағым өкілдері де өздерін Алланың ақ жолынан ауытқыған адасушыларданбыз деп есептемейді. Олар да сүннетті мойындайды. Бірақ, олар Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті мен өмір-өнегесін өздерінше пайымдайды. Шииттер діни-саяси биліктің Мұхаммед (с.ғ.с.) отбасында сақталып қалу жөніндегі күрестерін өздері Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне жасаған адалдығы ретінде бағалайды. Бұлар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жақын туысы әрі күйеу баласы әзіреті Әліні және оның ұрпақтарын Пайғамбардың (с.ғ.с.) заңды халифасы, діни ізбасары және бірден-бір мұрагері деп білді. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бұл дүниеден өткен соң, Әбу Бәкірдің халифалығын заңсыз деп тауып, жоғарғы діни-саяси билікті Әзіреті Әліге беруді жақтаушы партия тобы пайда болды. Осы діни-саяси қауымдастық «шиъа» деп аталды. («Шиъа» жақтастар тобы деген мағына береді. «Шиъа» сөзі шииттердің түбірі болып табылады). Міне, осы шиъашылар, яғни, шииттер тобы біртұтас Ислам қауымының мызғымас бірлігін бұзып, арасына жік түсірді. Сондай-ақ, Ислам дінін сүнниттер мен шииттер деген екі ағымға бөлінуіне алып келді. Әбу Тәліпұлы Әлі (әзіреті Әлі) қастандықтан қаза тапқаннан кейін шииттердің діни сенімі мен дүниетанымы айтарлықтай өзгеріске түсті. Әліні көзі тірісінде-ақ оны Алланың артық жаратқан құдіретті адамы ретінде танып, тіпті, «құдайға» да теңеген асыра сілтеуші ағым өкілдері өздерінің сүйікті халифаларының өлгенін көзбен көрсе де, өмірден өткеніне көңілдері сене қойған жоқ. Олар әзіреті Әлінің о дүниеден оралып, қайтадан мұсылман қауымын билейтініне имандай сенді. Бұл идеяның алғашқы авторы – түбі Иемендік яһуди, «қара қатынның ұлы» атанған әсіре Ислам өкілі Абдулла Саба еді деп айтылады. Сүнниттер де әзіреті Әлінің әділ әрі қаһарман әрі мейірімді тұлғасын мойындайды. Бірақ, оны құрметтегенмен, құдіретті адам ретінде Құдаймен теңестіруді күпірлік санайды. Әліні шексіз қадір тұтатын шииттердің танымына сүнниттер аяттар мен хадистерді қарсы қояды. Алайда шииттер де өз кезегінде әзіреті Әлінің діни-саяси істерде теңдесі жоқ, жеке-дара билік жасауға құқы бар бірден-бір халифа екенін дәлелдеу жолында Құран мен Сүннетті өздерінше тәпсірлеп түсіндіруге тырысады. Олардың ең алдымен аңызға жүгінетінін айта кеткен абзал. Шииттер қозғалысы ғасырлардан ғасырға ұласып келе жатыр. Содан бергі тосын құбылыстарға тола тарихи оқиғалардан туған ой-толғамдар мен пікірлері оны идеялық жағынан толықтырып отырды. Ислам тарихынан белгілі әзіреті Әлінің үлкен ұлы Хасан халифат билігін ұзақ уақыт ұстап отыра алмады. Халифалығының жетінші айында жоғарғы өкімет билігінен бас тартып, әкесі Әлінің бақталасы Мағауияға халифатты тұттастай өткізді. Кейбір зерттеушілер Хасанның бұл шешімін кемеңгерлікке балап, біртұтас мұсылман қауымының бірлігі жолында биліктен бас тартты деп түсіндіреді. Мұндай тұжырым жасауға негіз жоқ емес. Хасан туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегені риуаят етілген: «Ақиқатында бұл балам мырза (болады) және бәлки Алла Тағала ол арқылы мұсылмандардың өте үлкен екі тобын татуластырады». Ал, шииттер болса, Хасанның аса құдіретті адам ретіндегі бейнесін сомдап, аңызға айналдырып алды. Оны небір кереметтер жасай алатын көсем (сәйид әш-шуһәдә) ретінде таныды. Хасанға деген мұнша құрмет оның қырық бес жасында кісі қолынан қаза тапқанына байланысты туындауы да мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екінші немересі Хасанның інісі Хусайынның да өмірі халифа Язидке қарсы көтерілісте, яғни, «кербала қырғынында» қайғылы қазамен аяқталды. «Кербала оқиғасы» – шииттерді ширықтырып, бұрынғыдан да топтастыра түсті. Сондай-ақ, саяси-діни тұрғыдан да бірігуіне ықпал етті. Ал, сүнниттер мен шииттердің ара жігі алшақтай түсті. Хусайынды да шииттердің басым бөлігі небір ғаламаттарды тудырып, мұғжиза жасай алатын қасиеті бар «пайғамбар» деп білді. Сөйтіп, Хусайын шиит қозғалысының бірлік символына айналды. Жыл сайын Хусайынның қаза тапқан күні атап өтіліп, «ашура» және «тәъзия» рәсімдерінде шииттер Хусайынның азапты өлімін еске алып, аза тұтады. Имамдарын сақтап қалудың орнына, оны сатып кеткендеріне өкініп, «ах» ұрады. Жылап-сықтап, өздерін-өздері ұрады. Кей деректерде өздерінен қан шығаратыны айтылады. Олар жыл сайын Хұсайынды осылай жоқтайды. «Тәъзия» деген ұғым «жоқтау» деген мағынаны білдіреді. Ал, «ашура» сөзі «он», «оныншы» деген ұғымға сәйкес келеді. Өйткені, осынау азалы рәсім жыл сайын Мұхаррам айының оныншы күні атап өтіледі. Бұдан «ашураның» шииттердің саяси өмірінде елеулі оқиға екені байқалады. Жоғарғы биліктің Пайғамбар (с.ғ.с.) отбасында сақталып қалу жолында және Әлі ұрпағының мұрагерлігі үшін шиит қозғалысының мифтік таным-түйсікке негізделген жаңа топтардың пайда болуы олардың тарихының әр кезеңінде қылаң беріп отырды. Діни-исламдық ұғым мен мифтік түсінік танымдық жағынан бір-біріне қабыса бермесе де, шииттіктер Әлі ұрпағын аңыз кейіпкерлеріне айналдыру арқылы өз пікірлеріне айни қойған жоқ. Шииттер Хасан мен Хұсайынның қазасынан кейін имамат (мемлекетті имамның басқаруы) Әлі мен Фатима (Пайғамбармыздың (с.ғ.с.) қызы) әулетінде қалу үшін, ғасырлар бойы қажырлы күрес жүргізіп келді. Олар имамды сайлап қоюға да қарсы шықты. Себебі, олардың пікірияты бойынша, Ислам қоғамының жоғарғы билігі – имамды алдын ала Жаратушы Алланың Өзі белгілеп қойса керек, яғни, имам таңдауда адамдар қалауына қалған еш нәрсе жоқ көрінеді. Бұл мұсылман қауымы мен мемлекетін басқарудың дүнияуи және діни ең жоғарғы билігі Әлі әулетіне Құдай о баста бұйырып қойған деген ұғымды білдіреді. Әлі ұрпағына «құдай» рухы қонып, сол арқылы Құдай мұсылман қауымын басқарып келеді деген нанымдары тағы бар. Тіпті Әлі және оның ұрпақтары тікелей құдайдан тараған деген пікірді де белсенді түрде насихаттаушы шииттер тобы да болды. Өмірдегі өзгерістерге орай шииттердің жоғарғы билік жөніндегі көзқарастар жүйесі әрі қарай дамытылып отырды. Мысалы, қаза тапқан қай имамдарын да қайта оралады деп сеніп, оған қисындар ойлап тапты. Оралған имамдар Алла бұйрығын орындап, әділеттілік орнататынына иланды. Имамдар қайта оралғанша көзден ғайып бола тұрады, жасырыну шағы аяқталғанда бұл дүниеге келіп билік құрады деп білді. Мұндай жасырын имамдар қатарына әзіреті Әлі, Хасан, Хусайын, әл-Ханафия және т.б. жатқызылды. Осылар бастаған он екі имам шииттер тарапынан толық мойындалды. Оларды Құдайдың қалаулы имамдары деп таныды. Ең соңғы он екінші имам кіші Мұхаммед әл-Хасан тірідей ғайып болып кетсе де, оны да уақытша көрінбей кетті деп сенді. Оның қайтып оралатынына шүбә келтірген шиит өкілдері болмады. Шииттердің үлкен тармағы исмайылшылардың да идеологиясының мәні – имаматты сақтап қалу болды. Олар өз идеяларын насихаттау барысында өздері тудырған ауыз әдебиетіне, аңыздарға жүгініп отырды. Өздерінің сүйікті имамдарын аса жоғары бағалап, асыра құрметтеуден танбады. Тіпті, исмайылшылардың ішіндегі кейбір жік өкілдері халифа әл-Хакимді «құдай» деп те таныды. Исмайылшылардың бір тобы - низаршылар құрған тәуелсіз мемлекеттің құрамына кіргендер дін қағидаларын мейлінше бұрмалап бақты. Олар өз тәуелсіздіктерін мойындамайтын билік иелерімен күресте террорлық әдістерді кеңінен пайдаланған көрінеді. Бұл мақсат жолында олар гашишті (есірткіні) де пайдаланса керек. Өйткені, олар гашиши, гашишия, гашиши-ун атанған. Кейін бұл атау «ассасин» деген сөзге айналып, Европа елдеріне тараған. Ассасин ұғымын олар кісі өлтіруші деген мағынада түсінсе, сунниттер оны адасқандар деген мағынада қолданған. Жалпы, террорлық әрекеттің кең тараған бір түрі - өзін-өзі құрбандыққа шалу арқылы жүзеге асырылатыны мәлім. Бұл салада да фидай деген атаумен белгілі шииттік исмайылшылар алғашқылар болып есептеледі. Фидайлар низаршылардың тапсырмасын орындау барысында өзін мерт етіп, жастығын ала кететін болған. Әдетте, дін үшін құрбан болғандар, дін үшін азап шегіп өлгендер шәһид деп аталады. Фидай мен шәһидтің айырмашалығы аспан мен жердей. Фидайлар өзін-өзі саналы түрде өлімге қияды. Ал, өзін-өзі өлтіру – Ислам дінінде үлкен күнәға жатады. Тіпті, жаназасы шығарылмайды. Ал, шәһидтердің жөні бөлек. Олар ойсыз опат болмайды. Өзін-өзі әдейі өлімге итермелемей, өз өмірін қорғап жүріп соғысады. Ал, майдан даласында жау оғынан жазатайым жан тапсырса, шәһид болып, үлкен сауап алады. Шәһидтер өлімнен қорықпайды, бірақ, өзін-өзі өлтіруден қорқады. Өйткені, ол - күнә. Бірақ, шииттерде фидай мен шәһидтің ара жігі аса ажыратылмаған секілді. Әзірет Әліден тараған ұрпақтардың табиғи өсімі олардың тармақтарын көбейтіп, өзара тақ таласына ұластырды. Өйткені, ұрпақ өскен сайын, жоғарғы мемлекет билігінен үміткерлер саны арта түсетіні заңды да. Аталастар арасындағы мұндай алауыздық Әлі ұрпағынан шығуға тиісті жетінші имам туралы идея таратылған тұста айқын байқалды. Әлінің қай ұрпағы жетінші имам болуы керек деген таңдау туған кезең тақ таласын қоздырып жіберді. Бұл шииттерді бөлшектеп, бірлігін бұзды. Жалпы, әлде қандай топ өкіліне артықшылық беру адамдар арасында алауыздық тудырмай қоймайтыны анық. Ал, шииттік ағым идеясының негізгі мәні - жоғарғы өкімет билігі тек Әлі ұрпақтарының еншісі, ол - Құдайдың қалауы деп, олардың артықшылықтарын насихаттауда жатқан жоқ па?
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.