Өмiрден ерте кетсе де, артына мұра қалдырған қазақтың аса көрнектi сатиригi Оспанхан Әубәкiров өзiнiң бiр жағымсыз кейiпкерiн «балаларының тарақан құрлы тәрбиесi жоқ» деп әжуалайды. Жаның жәннатта болғыр Оспанхан ағамыздың тарақан кейiпкерi неғып ойыңа оралып отыр дейсiз ғой? Оған белгiлi демограф ғалым Мақаш Тәтiмовтiң көгiлдiр экраннан берген шағын сұхбаты себеп болды. Мақаш ағамызға «жұрттың бәрiнде бар қалта телефоны неге сiзде жоқ» деген тосын сұрақ берiлдi. Белгiлi ғалымның жауабы да төбемiзден жай түсiргендей тосын болды: – Қалта телефон шыққанға дейiн Алматының үйлерiнде тарақан өрiп жүрушi едi. Оны СЭС-тiң қызметкерлерi неше түрлi у дәрiлердi сепсе де, тұқымын тұздай құрта алмады. Қалай қалта телефоны шықты, солай тарақандардан да құтылдық. Демек, оның толқынында жәндiктiң жанын алатын удан да күштi зиян бар деген сөз. Титiмдей жәндiк тарақан қорғанған қатерден мен қалай қорғанбаймын... Осыдан отыз жыл бұрын оспадыр жастарды Оспанхан ағамыз «тарақан құрлы тәрбиесi жоқ» деп мiнеп едi. Ендi бүгiн демограф Мақаш ағамыздың пiкiрiне құлақ асар болсақ, бiздiң тарақан құрлы түйсiгiмiз болмағаны ма?
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.