Палестина халқына қарсы агрессия қасиеттi жердi қанға бөктiрдi
Таяу Шығыстағы жанжал тағы ушықты. Израиль үкiметi Газа секторында ХАМАС-ты бiржолата тұқыртуға бел буды. Израиль әскерi мен ХАМАС қарулы топтары арасында кескiлескен ұрыс жүруде. Палестина жағы таратқан ақпаратқа қарағанда, қазiрге дейiн Газа секторында 635 адам қаза болып, 3 000-нан астам адам жарақат алған. Оның 140-ы – балалар, 40-ы – әйелдер. Әлем дипломаттары бейбiт бiтiм жасауға шақырғанымен, Израиль жағы оған мүлде құлақ асар емес. Израиль премьерi Яхуд Ольмерт террористiк әрекеттер мен Синайдан Газаға контрабандалық қару тасымалы тоқтағанда ғана атысты доғаратынын мәлiмдедi. Сонымен, бiраз уақыт тыншып қалған қақтығыс неге қайта тұтанды? Сарапшылардың денi, Батыс баспасөзiнiң бiразы бұл жолғы ұрыс саяси ұпай жинауға ұмтылған Израиль билiгiнiң әрекетi деген пiкiрде. Айталық, Бейрут пен Эр-Риядтағы америкалық елшi Ричард Мерфи былай дептi: «Құйылған қорғасын» операциясы – Израильде ақпан айында өтетiн сайлауға қатысушылардың iсi, олар сайлау алдында бұлшық еттерiн бұлтыңдатып, «халықты қорғауға» дайын екенiн осылайша көрсетiп қалуда». Жер дауы қантөгiссiз бiткен емес. Десе де, қазiр арабтар бастапқыдағы Израиль мемлекетiн түп-тамырымен жойып жiберу туралы ойдан мүлде күдер үзе бастағандай. Ең радикалды, террористiк ұйым делiнiп жүрген ХАМАС-тың саясибюро төрағасы Халед Машалдың өзi соңғы кездерi «Палестина мемлекетiн 1967 жылғы территориясы бойынша құруға Израиль үкiметiн тек қана күшпен көндiруге болады» деген пiкiр айтқан. Алайда Тель-Авив ол территорияларды иемденуге Израильдiң де құқығы бар деген ұстанымынан әсте қайтар емес.
Палестина мен Израиль арасындағы қантөгiске кiм кiнәлi?
Ресей ғылым академиясы Шығыстану институтының Араб зерттеулерi орталығының жетекшiсi Виталий Наумкин оған былай жауап бередi: «Еврей мемлекетi басшыларының кiнәсi өте көп. Израиль билiгi Газа секторында елдi мекендер құрылысын салып жатыр. Тель-Авивтiң бұл саясаты – Таяу Шығыста бейбiтшiлiктiң орнауына жасалған басты кедергi. Израиль бұл әрекетiмен палестиналықтарға басып алған жерлерiн қайтарып бермейтiндiктерiн ашық бiлдiрдi». АҚШ-тың қазiргi президентi Джордж Буш бұған ХАМАС кiнәлi деп есептейдi. «Олар билiкке келгелi берi Газа тұрғындарының тұрмысы төмендеп кеттi. Мектеп пен жол салудың орнына олар ракета сатып алып жатыр», – дедi ол 2007 жылдың жазында ХАМАС-тың Газа секторында билiктi күшпен тартып алғанын айыптап. Палестина автономиясының төрағасы, ФАТХ қозғалысының жетекшiсi, Палестинаны азат ету ұйымының атқару комитетiнiң төрағасы Ясир Арафаттың беделiн түсiрiп, Израильге қарсылық көрсетушi арабтарды бөлшектеу үшiн ХАМАС-ты Израиль құрды, қаржыландырды деген сыбыс та бар. Кейiн Тель-Авив тiзгiндi қолынан шығарып алған деседi. Осы алыпқашпа сөз рас болса, Бен Ладендi бiр кездерi АҚШ-тың өзi қаржыландырғаны сияқты нәрсе бұл. Арафат iзбасарлары мен ХАМАС арасы тышқан мен мысықтай екенi белгiлi. «Бөлшекте де билей бер». ХАМАС ұйымы Израиль мемлекетiн мойындамайды. Ал ХАМАС-ты Ресей террористiк ұйым деп есептемейдi. Жалпы, араб мемлекеттерi алғашқыда Израильдiң құрылуын маңдайына кiрген шөңгедей көрген. Осы уақытқа дейiн бiрнеше мәрте жан берiсiп, жан алысты. Шамасы жетпегеннен соң қазiр оған көндiккен де сияқты. Палестиналық қандастарының халiне жаны ашығанымен, бiрақ оларды тағдыр тәлкегiне тастап, жөнiмен кеткендей. Ресейдiң Достық қоғамдастығы және Палестинамен iскерлiк әрiптестiк ұйымының президентi Вячеслав Матузов: «Бүгiнгi күнi әлем экономикасының араб ақшасына тәуелдiлiгi артып келедi. Осыны арабтар өз мүддесiне пайдалануы қажет» дегендi айтқан. Өкiнiшке қарай, араб мемлекеттерiнiң арасындағы алауыздық Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге, оған ықпал етуге жол бермей отыр. Жақында ғана Иордания королi Абдолла II жараланған палестиналықтар үшiн қан тапсырды. Ол осы әрекетiмен палестина халқының мұң-зарына ортақ екенiн бiлдiргiсi келдi, бiрақ одан басқа қолдан келер қайран жоқ екенiн де меңзеген. АҚШ БҰҰ атынан атысты тоқтатуға шақыру туралы ливиялық өкiл ұсынысына вето қойып тастады. Вашингтон Таяу Шығыстағы одақтасы Тель-Авивтiң кез келген қылығына көз жұма қарап келедi. Израильдiң ядролық қаруы бар екенiне де, адам құқығын аяққа таптап жатқанына да. АҚШ пен Израиль екiлiгi алдында ең беделдi деп есептелiнетiн БҰҰ да дәрменсiз. Мәселен, БҰҰ-ның адам құқықтары жөнiндегi бас хатшысының өкiлi Ричард Фалькты мандатына қарамастан Израиль территориясына кiргiзбей қойды. Р.Фальк оның себебiн былай түсiндiредi: «Израиль басып алған территорияларда адам құқығы өрескел бұзылып жатқаны әшкере болмас үшiн маған кедергi жасады. Израиль заманауи қару-жарақты пайдаланып, қай заманнан берi қатаң эмбарго жағдайында өмiр сүрiп жатқан қарусыз палестина халқына қарсы агрессия жасау үстiнде. Мәселе ХАМАС-тың немесе оған қарасты террористiк элементтердiң Израиль территориясын атқылап жатқанында емес, соны сылтау етiп, Израильдiң Женева келiсiмiн бұзатын соққылар жасағанында. Бейбiт халықтың арасында құрбан болғандардың көптiгi осының дәлелi. Адам құқығы мен халықаралық заңнама тұрғысынан алып қарағанда Израильдiң бұл әрекетiне жол берiлмеуi керек». Израиль билiгi 1947 жылдан берi босқын мәртебесi бар миллиондаған палестиналықтың тағдырына жауапты – көршiлес араб мемлекеттерi» деп мiз бақпай отыр. Израиль құрылған кезде келiмсектер арабтарды күшпен ығыстырып шығарған. Содан олар 50 жылдан берi босқындар лагерiнде тұрады. Бұған Израильдiң берген жауабы мынадай: «Егер бiз оларды үйлерiне қайтарсақ, Израиль жерiне бiрнеше миллион арабтар қоныстанады. Онда Израиль еврейдiң ұлттық мемлекетi болудан қалады». Израиль Газа секторында болып жатқан жағдайды халықаралық қауымдастықтан жасырып отырғанын БҰҰ өкiлi де растады. Қарша бораған бомба шаңының кесiрiнен Палестина балаларының 46 пайызы өкпе ауруына шалдыққан. Ал тұрғындарының 80 пайызы тәулiгiне бiр долларға жетпейтiн ақшаға өмiр сүредi. «Израиль үкiметiнiң Газада жүргiзiп отырған саясаты қауiпсiздiк мәселесiмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Палестинаны басып алу мәселесiне басқа қырынан қараған жөн. Израиль 60 жылдан берi палестина жерiн басып алып, тұрғындарын қырып жатыр. Фундаменталистердi күшейтiп, жiгерiн қоздырып, терроризмге жол ашып жатқан осы тарихи жағдай», – дейдi Ричард Фальк. Бұл ойды ХАМАС-қа жауап ретiнде Израиль тарапынан жасалған жаппай террорлық әрекет қақтығыстың түйiнiн шешiп бермейдi. Израильге абырой да әпермейдi. Керiсiнше, Израиль өшпендiлiктi оятып, ХАМАС-тың одан әрi күшеюiне жол салып берiп жатыр», – деп қостай түседi El Pais басылымы. Израильдi «бiр еврей үшiн 100 палестиналық өлтiрiлуi керек» деген догмадан бас тартуға шақырушылар да бар. Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi Газадағы Қазақстан азаматтарын елге қайтару мәселесiн қарастырап жатқанын хабарлады. Және Газа секторындағы қантөгiске қатысты мынадай мәлiмдеме жасады: «Қазақстан Республикасы бейбiт тұрғындардың қаза табуы мен зардап шегуiне, сондай-ақ Палестинадағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына душар қылған Газа секторында болған соңғы оқиғаларға байланысты қатты алаңдаушылығы мен өкiнiшiн бiлдiредi. Қазақстан саяси құралдар арқылы жағдайдың тез арада ретке келтiрiлуiн қалайды және тараптарды мәселенi күш қолдану жолымен шешуден бас тартуға шақырады. Бейбiт үдерiстiң түпкi мақсатына тек диалог және келiссөздер арқылы жету мүмкiн». «Жас Алаштан»: Газет ұжымы Израильдiң Палестина халқына жасап отырған агрессиясын дереу тоқтатуды, мәселенi бейбiт жолмен шешудi талап етедi. Гитлерлiк фашизмнiң жауыздығынан зардап шеккен, оған күнi бүгiнге дейiн қарғыс лағнетiн айтып жүрген еврей халқы ХАМАС үшiн балалар мен аналарды, бейбiт тұрғындарды жетiлдiрiлген соғыс қаруларымен қырғынға ұшыратуды қолдамайды деп сенемiз. Газа секторындағы соғыс тоқтатылсын! Қантөгiске жол берiлмесiн! Шадияр Өстемiрұлы. «Жас Алаш»
|