МАЛАЙЗИЯДАҒЫ МӘНДI ҰШЫРАСУЛАР
15-желтоқсанда Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тожановтың өтініші бойынша Ассамблея делегациясын бастап Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласына келді. Делегация құрамында ҚР Парламентінің сенаторы, «Нұр-Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының бас-шысы Оралбай Әбдікәрімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Леонид Питаленко, ҚР Мәдениет-тер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қоғамдық саяси жұмыс департаментінің бастығы Бану Нұрғазиева, ҚР Бас мүфтиінің көмекшісі, халықаралық байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Нұржан Маханов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Алтынбек Қоразбаев және ҚР еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова бастаған әнші мен биші шығармашылық тобы, сондай-ақ «Хабар» агенттігінен тілші Зейін Әліпбек те болды. Әуежайдан қонақтарды ондағы ҚР-дың өкілетті және төтенше елшісі Мұхтар Тілеуберді бастаған бір топ елшілік қызметкерлері күтіп алып қонақүйге жайғастырды. 16-желтоқсанда ҚР Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Сенатор Оралбай Әдбікәрімов бастаған делегация әуелі Малайзия Парламенті сенатының төрағасы Датук Замани бин Сулейман мырзамен кездесті. Сенат төрағасы қадірменді қонақтарды елдеріндегі саяси және діни ахуалмен таныстырды. Малайлықтар елде 67 пайызды құрайды. Барлығы мұсылмандар. Имам Шафии мәзһабын ұстанады. Қалған 33 пайызы қытай мен үндістерден тұрады. Дінбасы өз сөзінде Қазақстан мен Малайзияның ұқсас екендігін айта келе, еліміздің сан ұлт пен ұлыстан тұратынын, бірнеше дінді мемлекет екендігін айтты. Сондай-ақ, Әбсаттар қажы Дербісәлі еліміздің 70 пайызы мұсылман, оның ішінде имам Әбу-Ханифа мәзһабын ұстанатынын, ҚМДБ-ның ізгі жұмыстары турасында баяндап берді. Қазақстан делегациясы Сенат төрағасымен болған кездесуден соң Малайзия Парламентінің оты-рысына қатысты. Парламенттің өкілдер палатасының төрағасы Тан Сри Пандикар Амин мырза Қазақстан Дінбасын үлкен құрметпен қарсы алып, бас ғима-ратымен таныстырған соң, өз резиденциясында екі жақты кездесу өткізді. Оған малай, қытай және үнді фракцияларының басшылары және өзге де парламент мүшелері мен түрлі дәрежедегі мемлекет, қоғам, ғылым, білім қайраткерлері қатысты. Ұшырасуда Қазақстан Дінбасы еліміздегі ұлттар мен ұлыстар, діндераралық достық туралы сөз ете келе, қазіргі таңдағы діни диалогтың үлкен мәні мен маңызына тоқталды. Бұл ретте ол ислам дінінің бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтары, ислам дінінің бейбітшілік, достық діні екеніне баса көңіл аударды. Парламент төрағасы өз кезегінде Қазақстан делегациясын еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтап, отанымызға одан әрі гүлдену мен өркендеу тіледі. Кездесу соңында екі жақ сыйлық алмасты. Түскі қонақасын делегация құрметіне осындағы ҚР-дың өкілетті және төтенше елшісі Мұхтар Тілеуберді Куала-Лумпурдағы телемұнарасында берді. Аталмыш телемұнара шаһардың қақ ортасында тұр. Астанадағы «Бәйтерек» іспеттес. Делегация мүшелері ғимарат төбесіне шығып, қаланы жоғарыдан тамашалады. Ғимарат төбесі гидравлика арқылы айналып тұрады. Сол арқылы шаһарды барлық жағынан тамашалауға болады. Түс қайта ҚР делегациясы Ұлттық бірлік, мәдениет, өнер және мұра министрі Дако Сери Шафи Абдал мырзамен оның резиденциясында кездесті. Ұшырасуда әңгіме екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас, ынтымақ пен бірлік турасында өрбіді. Министр мырза өз елінің тарихы, кешегісі мен бүгіні туралы әңгімелей келе елдегі ғылым, білім және мәдениет туралы баяндап, жүйесімен таныстырды. ҚР Дінбасысы өз кезегінде министр мырзаны діни басқарманың сан-салалы қызметінен хабардар етті. Кездесу кезінде діни-руханият саласы бойынша өзге де мәселелер қаралды. Кешке Малайзия Сенатының атынан оның төрағасы Датук Замани бин Сулейман мырза ҚР Халқы Ассамблеясы делегациясы құрметіне қонақасы берді. Малайзиялықтар назарына Қазақстанның өнері мен мәдениеті ұсынылды. 17-желтоқсанда Дінбасы бастаған делегация Куала-Лум-пурдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан 70 мың тұрғыны бар Путражая қаласына келді. Шаһарда Малайзия Патшасының сарайы, Үкімет басшысы және бірнеше министрлік жайғасқан. ҚР делегациясын Малайзияның 1981–2003 жылдардағы премьер-министрі Махатхир Мұхаммад мырза өз резиденциясында қарсы алды. Экс премьер-министр мырза Қазақстан Елбасы Н.Ә.Назарбаевты құрметтейтінін, Астананың соңғы жылдар ішінде қарқынды дамуына өзінің таңғалғандығын, жалпы елімізге нұрлы болашақ тілейтінін білдірді. Қазақстанның әр қадамынан хабардар Махатхир Мұхаммад биыл тәуелсіздігінің 17 жылдығын тойлаған жас мемлекеттің табыстарына сүйсінеді. Ол: «Қазақстан үлкен табыстарға қол жеткізді. Ел тез дамып келеді. Бұл әсіресе, Астанада ерекше сезіледі. Мен Қазақстан астанасында осыдан екі жыл бұрын болдым. Дінбасыларының съезіне қатысқанмын. Сонда ел ордасы бірегей әсемдігімен таңқалдырған. Астана экономикалық рефор-малардың басты қозғаушы күшіне айналып келеді»,– деді. Малайзияны соңғы жиырма жылға тарта уақыт басқарған Махатхир Мұхаммад есімі осы елдің экономикалық өркендеуімен тығыз байланысты. Оңтүстік Шығыс Азиядағы елеусіз жатқан ел аздаған уақыттың ішінде әлемнің дамыған мемлекеттерінің біріне айналып шыға келді. Дінбасы Махатхир Мұхаммадты мемлекет қайраткері ғана емес, сондай-ақ дін қайраткері ретінде де жақсы білетіндігін, оның жер жүзіне танымал саясаткер екендігін, жұртын бүгінгідей биік дәрежеге көтерген оның айтқан пікірлеріне көпшілік үнемі ден қоятынын айтты. Махатхир Мұхаммад эконо-микалық реформалар жайында ұзақ әңгімелеуге бар. Ол – елдің жаңа экономикалық саясаты мен Малайзияның дамуының ұлттық саясатын жасаушылардың бірі. Дәл осы жобалардың арқасында аграрлы мемлекет әлемдегі ең ірі электроника экспорттаушы елге айналды. Қазір Малайзия дүние жүзінде компьютерлік чип жасаудан бірінші орында. Махатхир Мұхаммад көпұлтты қоғамды ортақ идея төңірегіне топтастыра білді. Премьер-министрдің көптеген ұсыныстарына кезінде оның қарсыластары күмәнмен қараған. Алайда, ол өз шешімдерінің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Куала-Лумпурда биік ғимараттар тұрғызды, жаңа астана салды, ұлттық автокөлік жасау өндірісін құрды. Сондықтан да Малайзияның бұрынғы премьер-министрі өз елі табысының ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің нәтижесінде келгенін айтады. Малайзияда тұратын малай, қытай және үнді ұлтының өкілдері түрлі дінді ұстанады. Барлығы тату ғұмыр кешуде. Бұл саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Ал, тұрақтылық – елдің экономикалық жетістіктерінің негізі. Қазақстан мен Малайзияның ұқсастығы да осында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Түрлі дін, түрлі ұлт болғанына қарамастан ұйып отырғанын аңғардым. Сол бірліктің арқасында, ынтымақтың арқасында бұлар үлкен жетістіктерге жеткенін байқадық. Барлығы отан үшін, ел игілігі үшін қызмет етеді екен. Барлығымызға ортақ нәрсе – егер біз дамимыз десек, өркендейміз десек, өсеміз десек осы елдің бірлігін осылар құсап сақтаған өте жөн ғой деп ойлаймын»,– деді ол өз сұхбатында «Хабар» телеарнасының тілшісіне. Малайзияда білім беру жүйесіне айырықша маңыз беріледі. Елдің саясаткерлері адами капиталдан қымбат нәрсе жоқтығын бірден түсінді. Малайзияның тәуелсіздігін алып, мемлекеттілігін қалыптастыра бастаған бастапқы жылдардан-ақ ұлтаралық татулық мәселесіне ерекше маңыз беруі елдің экономикалық өркендеуіне жол ашты. Ішкі тұрақтылықты сақтау – бүгінгі күні үлкен табыстарға қол жеткізіп отырған жұрттың әлі де басты назарында. Былтырдан бері Малайзияның жоғарғы оқу орындарында этникалық қатынастар пәні міндетті түрде оқытылады. Ұшырасу соңында Бас мүфти хазрет Махатхир Мұхаммад мырзаға «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған кітапты сыйға тартты. Кездесуден соң Дінбасы бастаған делегация Путражая шаһарының сәулетімен танысып, 20 мың орындық зәулім мешітінде сәлем намазын өтеді. Сол күні қадірменді қонақтар Куала-Лумпур қаласына қайтып келді. Ондағы дүние жүзіндегі ең биік 450 метрлік егіз ғимараттың сәулетімен танысып, оның ең жоғарғы қабатына шығып, жоғарыдан Куала-Лумпурды тамашалады. Қаланың өзге де тарихи жерлерін аралады. Түскі асты ҚР делегациясының құрметіне осындағы Малайзия Үнді конгресінің президенті Сэми Веллу мырза қала мейманханаларының бірінде берді. Ұшырасу соңында екі жақ сый-сыяпат алмасты. Сол күні кешке ҚР-дың Малайзиядағы елшілігі мемлекетіміздің тәуелсіздік күніне орай «Шангри Ла» қонақүйінің салтанат залында ресми қабылдау өткізді. Оған Дінбасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Малайзиядағы басқа елдердің елшілері мен дипломаттар, әртүрлі ұйым басшылары, Малайзия үкіметінің өкілдері, дін және ғылым қайраткерлері қатысты. 18-желтоқсанда қазақстандық делегация өкілдері Куала-Лумпурдағы Этникалық зерттеулер институтында өткен «Этносаралық қатынастар: Қазақстан мен Малайзия тәжірибесі» деген тақырыпта өткен конференцияға қатысты. Институт Президенті доктор, профессор Датук Шамсул Амри Бахаруддин бастаған қауым Қазақстан Дінбасын және ол бастаған делегацияны үлкен құрметпен қарсы алып, оқу орнының бас ғимаратымен таныстырған соң, акт залында халықаралық конференция өз жұмысын бастап кетті. Дінбасы «Діндераралық диалог – бейбітшілік пен татулықтың кепілі» атты баяндама жасады. Ұшырасуда Әбсаттар қажы Дербісәлінің баяндамасы зор ықыласпен тыңдалды. Профессор Датук Шамсул Амри Бахаруддин Малайзия осыншалықты дамып отырғанына қарамастан әлі күнге дейін ұлтаралық қатынас мәселесіне өте көп көңіл бөлетін-дігіне көңіл аударды. Өйткені, бұл ел де – көпұлысты. Малайзиялықтар олардың өркендеуінің кілті – ішкі тұрақтылықта екендігін жақсы түсінеді. Конференция арасында Бас мүфти Малайзияның көрнекті ғалымдарымен сұхбаттасты. Жиыннан соң институт президенті ҚР делегациясы құрметіне қонақасы берді. Малайзиялықтар назарына Қазақстанның өнері мен мәдениеті ұсынылды. Сол күні Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі делегацияны бастап ҚР-дың Малайзиядағы елшілік ғимаратында осындағы «Болашақ» бағдарламасымен жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген қазақстандық студенттермен кездесті. Дінбасы өз сөзінде жастарға қымбат уақыттарын зая кетірмей, терең білім алуға шақырды. Шет жақта жүргендіктен бір-біріне қол ұшын созып, ынтымақ пен бірлікте болуларына өсиет етті. Кешке Малайзиядағы ҚР-дың өкілетті және төтенше елшісі Мұхтар Тілеуберді Дінбасы бастаған делегация құрметіне өз резиденциясында қонақасы берді. 19-желтоқсанда Бас мүфти бастаған ҚР делегациясы Малай-зияның жетекші «ОМНО» партия-сының резиденциясында оның бас хатшысы Датук Сери Тенгку Аднан мырзамен кездесті. Ол партияның тарихы, құрылымы, мақсаттары жайлы жан-жақты баяндады. «Нұр Отан» мен «ОМНО»-ның мақсаты, құрылымы ұқсас. Екеуі де ықпалды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімов партия жұмысынан тәжірибе алуға болатынын айтты. Жиын соңында Әбсаттар қажы Дербісәлі бұқаралық ақпарат құралдарымен сұхбат өткізіп, іссапардан алған әсері, оның тағлымы жайлы айта келе, мұндай діндераралық диалогтың пайдалылығына көңіл аударды. Әбсаттар қажы Дербісәлі ұшырасудан соң түс қайта Алматыға ұшып кетті. Қазақстан Халқы Ассамблеясы делегациясының Малайзияға іссапары жайлы «Хабар» телеарнасы апталық «7 күн» бағдарламасынан репортаж берді. Сондай-ақ Малайзиялық «The Star» және «New Straight times» атты беделді газеттерінде (16.12.2008; 17.12.2008; 18.12.2008) мақалалар жарық көрді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
23 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрілігінің Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Әлеуметтік және экономикалық дамудағы діннің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында 85 баяндама жасалды. Оған Түркия, Египет, ТМД мемлекеттерінен белгілі философ-ғалымдар, теологтар, социологтар, мәдениеттанушылар, педагогтар, психологтар, мемлекеттік билік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, филология ғылымдарының докторы, про-фессор, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сабри Хизметли, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Махмұд Фахми Хиджази, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ректоры, доктор, профессор Мұхаммед Актіс және т.б. ғалымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Бас мүфти дүниежүзілік экономикалық дағдарысты түзетудегі, Елбасымыз Н.Ә.Назар-баевтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылып отырған көп-ұлтты Қазақстандағы дінаралық байланысты, мемлекеттің қауіп-сіздігін, діндер мен мәдениеттер арасындағы келісім мен бірлікті нығайтудағы, мемлекетіміздің болашағы жастардың бойына имандылық құндылықтарды сіңірудегі діннің рөлі туралы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өтіп отырған халықаралық конференцияның маңызы туралы пікірлерін ортаға салды. Конференцияда ислам дінінің жеке тұлға мен қоғам өміріндегі ерекше орны, әлеуметтік және экономикалық дамудағы рөлі жан-жақты қарастырылды. Бұл жайлы Әбсаттар қажы Дербісәлі «Рахат» телеарнасының тілшісіне сұхбат берді. ҚМДБ-ның баспасөз қызметі. №1, 1-10-КАНТАР, 2009 ж.
|