ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ НЕ КӨРСЕТТI?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқасының жылды қорытындылайтын дәстүрлі мәжілісі өтті. Онда бірнеше мәселе күнтәртібіне қойылды. Оның алғашқысы діни басқарманың өткен жылғы сан-салалы қызметі туралы ҚМДБ мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хабарлама жасады. Расында, өткен жылы діни басқарма бір қыдыру игі істерге бастамшы бола алған. Оның негізгілеріне тоқталар болсақ, орта буынды дін кадрларын дайындайтын төрт медресе ашылды. Имамдардың білімін жетілдіру институтынан діндарлардың екі үлкен тобы түлеп ұшты. Жер-жердегі ірі мешіттердің жанындағы сауат ашу курстары тұрақты жұмыс істеуде. Дін насихатына тиісінше көңіл бөлінуде. Соңғы қажылық та өткен жылдармен салыстыр-ғанда біршама жолға қойылды. Дінімізге қатысты әлденеше мазмұнды да, сапалы кітаптар мен кітапшалар жарық көрді. Әйтседе, ойланатын мәселелер жетерлік. Бұлар туралы облыстар мен өңірлердегі өкіл имамдар өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Соның бірқатарына тоқталайық. Бұл күндері еліміздегі үлкенді-кішілі мешіттердің ұзын саны 2300-ге жетті. Әлі де салыну үстінде. Негізгі әңгіме саннан сапаға ауды. Ауылды жерлердегі мешіттердің жамағатын қайтсе көбейтуге болады? Бұл шешуі қиын күрделі түйінге айналды. Жалпы алғанда, халқымыздың діни сауаты көп төмен. Олардың деңгейін көтеріп, көзін ашады, харам мен халалды, обал мен сауапты айыруына діни уағыздарымен тиісінше ықпал етеді дейтін кейбір молдалары-мыз бен имамдарымыздың өздерінің білімі жеткіліксіз. Әрине, бұл науқанмен лезде шешетін мәселе емес. Бұл үшін әлі де белгілі бір уақыт қажет. Жалпы, білім беретін мектеп бағдарламасына имандылық пәнін арнайы факультатив, яғни қосымша дәріс ретінде енгізудің уақыты пісіп жетілді. Бұған дейін бұл пәннен сабақ беретін арнайы мамандар жетіспей келген-ді. Ал, енді мұны бірте-бірте қолға ала бастау қажет. Неше түрлі секталар мен ағымдарға өз қаракөздеріміздің таңдап, талғамай баруының басты себебінің бірі де олардың діни сауатсыздығынан деп түсінгеніміз ләзім. Ұлтымыздың рухани тұтастығын сақтау – еліміздің рухани тұтастығын сақтау болып табылады. Шынтуайтында, сенімі әркелкі ұлт өз бірлігін сақтай алмайды. Мұның зардабы тарихтың ащы сабағы көрсетіп отырғанындай, ұлттың ыдырауына апарып соқтырады. Ыдыраған ұлттан күні ертең сансыз ұлыстар шығуы мүмкін. Біз секілді аз ұлт үшін бұл орны толмас қасіретке айналуы ықтимал. Қаншама ғасыр бодандық қамытын киіп, енді өз алдына дербес мемлекеттігін құрған шақта оны ұстай алмасақ, мұнан өткен өкініштің болуы мүмкін емес. Рас, мешіттеріміз өсу үстінде. Әйтседе, неше түрлі жасанды қиындықтар мен кедергілердің салдарынан бұлардың біршама бөлігі діни басқармаға филиал болып тіркеле алмай келеді. Жағдай әсіресе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Мешіттер тарапынан діни басқармаға филиал болып тіркелуге деген ықылас-ниет болғанымен жеме-жемге кел-генде аяқтан тартатын кедер-гілер бірінен соң бірі адымын ашқызбайды. Соның бірі – бірқатар елді мекендерде әлі күнге дейін арнайы салынған мешіт жоқ. Кейбірінде сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында мекемелер мен ұйымдар ғимаратынан жамағат үшін намаз оқитын бір бөлме бөлініп, ол зәбия, яғни шағын мешіт ретінде тіркеліп кеткен. Бірқатары әлі күнге қағаз жүзінде ғана қалған. Расында, бұл мешіт емес, тек намазхана. Оның үстіне әлгі кейбір мекемелер мен ұйымдар түрлі себептермен тарап кеткен, ғимараттары бұзылып, оның орнында тек үйінділер жатыр. Ондағы шағын мешіт деп аталған бөлме де ғайып болған. Сол мешіттер қағаз жүзінде бар да іс жүзінде жоқ. Бұған қоса еліміз бойынша әлі күнге қырыққа жуық мешіт сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында өз алдына діни бірлестік ретінде үй ішінен үй тіккен райынан қайтар емес. 2000 жылға дейін мұндай діни бірлестіктер әлденеше жүздеп саналатын еді. Діни басқарманың өкіметтік құзырлы орындармен бірлесе олардың арасында жүргізген үгіт-түсінік жұмыстарының нәтижесінде бұлардың көбісінің беті бері бұрылды. Ал мізбақпай қалғаны осы – 40 діни бірлестік! Ойға салып көрелік, мұнан ел бірлігі мен дініміз ұтты ма, ұтылды ма? Ол мешіттер діни басқарма қарауына өтпеген соң оның ішкі істеріне араласа алмайды. Заң алдында екеуінің де құқы бірдей. Ол да, діни басқарма да қоғамдық негіздегі діни бірлестік. Діни басқарма тарапынан өз филиалдарындағы мешіттерде мүмкіндігінше сарап-таудан өткен, ұстанған бағыт-бағдары ханафи мәзһабына сай білімді де, білікті мамандар қызмет ету. Оларға уағыз тақырыптары жіберіліп, айтылу деңгейі мен сапасы күнделікті қадағаланады, тиісінше тәжі-рибелік көмек, қолдау да көрсетілуде. Діндарлардың білім деңгейін көтере түсу мақсатында шетелдердегі және өзіміздегі курстарда ауық-ауық оқытылады, тәжірибе алмасулары үшін аймақтық семинарлар да жиі өткізілуде. Онда түрлі тексіз секталар мен ислам атын жамылған ниет-пиғылы жат ағымдарға қалай тосқауыл қою, алдын алу мен күресу іс-шара-лары жан-жақты талқыланады. Ал әлгі жеке діни бірлестік қарауындағы мешіттерде бұл шаралардың бірде-бірі жоққа тән. Сондықтан, ол мешіттерде қандай уағыз айтылып, нендей іс-шара атқарылып жатқаны да, тіпті ондағы имамның білім деңгейі де, діни бағыт-бағдары да белгісіз. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, ол мешіттер халық арасына іріткі салуға тырысатын түрлі ағымдардың жамағаты бас қосатын орынға айналған сыңайлы. Ел бірлігі мен тыныштығын, сенім тұтастығын мұнан әрі де сақтау мүддесін басшылыққа алар болсақ, жамағат арасында қандай да бір іріткі туып, бөлінушілікке жол берілуге тиіс емес. Осыған орай елімізге шетелден келіп жатқан бағыт-бағдары әрқалай діни әдебиеттер мен басылымдарға біржола шектеу қойылып, ал өзіміздегі ислами кітаптар мен кітапшалар шығар алдында діни басқарманың сараптауынан мұқият өткізілуі керек. Өйт-кені, бұлардың арасында мәзһабымызға сәйкеспейтіндері аз ұшыраспайды. Баспа орын-дары қолына түскен қолжазбаны ақшасы төленді екен деп басып шығара бермей, оның мән-мазмұны мен бағыт-бағдарына тиісінше көңіл бөлуі тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары да ислам насихатына жете мән беріп, білікті де, білімді дін мамандарының материалдарын жариялауға жол аша түссе құба-құп. Бұл орайда дін насихатына тиісінше үлес қосатын баспалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын алдын ала сараптаудан өткізудің маңызы зор. Осы мақсатты көздеп діни басқарманың діни сараптама, ғылыми талдау бөлімін ашу жөніндегі ұсынысын төралқа қолдады. Бұл бөлімге Каирдегі бүкіл Ислам әлеміне белгілі әл-Азһар университетінің түлегі, қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің докторанты Ершат Ағыбайұлы бекітілді. Дін насихаты бүгінгі ғылым мен техника жетістіктерін тиімді пайдалана білуі тиіс. Одан қалып қойса ұтылады. Кім-кімге де белгілі, қазіргі таңда ғаламтор атанған интернет жүйесі түрлі ақпарат таратуда жетекші рөлге ұмтылуда. Оған бүгінгі жаңалыққа жаны құмар, көзі ашық, көңілі ояу жастар жағы барынша ден қойған. Олар өзіне қажетті деректер мен ақпаратты содан алады. Діни басқарманың өз сайты ашылған. Әйтседе, соңғы уақытқа дейін жүйелі жұмыс істей алмай келді. Енді оны жандандыра түсу мақсатымен арнайы қосымша штаттар ашылып, діни уағыз және ғаламтормен жұмыс бөлімі болып қайта құрылды. Оған белгілі дінтанушы, әл-Азһар университетін тұңғыш бітірген қандасымыз, діни бірнеше кітаптардың авторы, докторант Қайрат Жолдыбайұлы жетекшілік ететін болды. Өмір болған соң дінде де әрқалай жағдай ұшырасып жатады. Жер-жерден ондағы мешіттер мен діндарларға қатысты түрлі пікір білдірген хат-хабарлар діни басқармаға түсіп жатады. Әр хаттың артында адам тағдыры тұр. Әлбетте, ол мұқият зерттеліп, ақ-қарасы ашылуға тиіс. Хаттың кейбірінің жазылуына жекелеген діндардың өз міндетіне жеңіл-желпі қарауы себеп болса, ал енді біріне түймедейді түйедей етіп, тырнақ астынан кір іздеуді мақсат тұтқан әлдекімнің, не әлденендей топтың қолшоқпарына айна-лушының пендешілігі себепші. Енді мұның ара-жігін ашумен жаңадан ашылған діни істер бөлімі тікелей шұғылданады. Бөлімнің жұмысын діни де, дүниауи да жоғары білімді, бұған дейін ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкілі қызметін атқарған Мұсабек Ақтамберді жүргізеді. Діни басқарма құры-лымындағы бұл өзгерістер оның сан-салалы қызметін мүм-кіндігінше жандандыра түсуге тиісінше ықпал етеді деген сенім ұялатады. Төралқа мәжілісіне қатысу-шыларға діни басқарманың Ақмола облысы бойынша жаңа өкілі Қанат Қыдырмин таныстырылды. Ол діни де, дүниауи да жоғары білімді. Бұған дейін ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілінің орынбасары қызметін атқарған сол өңірдің өз перзенті. Қызылорда облысы бойынша өкіл имам қызметіне кіріскен діни және дүниауи жоғары білімді, тәжірибелі имам Дайрабай Рысбай діндар қауымға жақсы таныс. Өткен жылды қорытын-дылауға арналған төралқа мәжілісінде Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары өкіл имамдарының сүйсінерлік жемісті қызметтері мен оңды іс-тәжірибелері атап көрсетіліп, өзге әріптестеріне үлгі етілді. Барша діндарларға бүгінгі уақыт талабына сай жаңа міндеттер жүктелді.
Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.
|