[17.01.2009.] Дін туралы заң тағы да құрбандыққа шалына ма?
21:21
Дін туралы заң тағы да құрбандыққа шалына ма?
Қазақстанда талқыланып жатқан «Діндер туралы» заңдағы толықтырулар Рим папасынан бастап протестанттық ұйымдардың басшыларын ерекше алаңдатып отырғанға ұқсайды. Бүгінгі заңдағы толықтырулар мен өзгерістерге «репрессиялық» сипат беріп отырған халықаралық ұйымдар өз миссионерлерінің Қазақстандағы «адами құқын» қорғап-қолпаштауда. ЕҚЫҰ-ға төрағалық қарсаңында қалың бұқараның талқысына ұсынылған төрт заңның ішінде ең осал заң ретінде «Діндер туралы» заң қарастырылады. Отандық дінтанушылардың айтуынша, ТМД аумағы түгілі, бірқатар еуропалық елдердің осы тектес заңынан да либералды нұсқада қабылданған бұл заң ел мен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін сақтаудан гөрі, миссионерлердің «құрбанына» айналды. Сондықтан бүгінде отандық заңның қатайтылуына жергілікті халықтан гөрі, сырттағы халықаралық миссионерлік ұйымдар аса алаңдаулы. Олар өз шағымын адам құқын қорғайтын ұйымдарға да жеткізіп үлгерген. Осы аптада Адам құқы мен құқықтық нормалар жөніндегі бюроның басшысы Е.Жовтис, Хельсинки комитетінің Алматыдағы өкілдігінің төрайымы Н.Фокина арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, тиісті заңдағы түзетулерді адам құқына қарсы деп бағалаған еді. Бір қызығы, біздегі халықаралық ұйымдардың кейбір өкілдері Еуропаның бірқатар елдерінде тыйым салынған ағым-секталардың «құқын» қорғап, сойылын соғудан да қымсынбайды. Мәселен, бүгінде иеговолықтар, мун шіркеуі, сайентология ұйымы, т.б. ағым-секталарға ондаған шетелдерде, оның ішінде мұсылман мемлекеттерінде тыйым салынған. Естеріңізде болса, кезінде Қазақстан билігі «Діндер туралы» заңын ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік бағытында қайта қараса да, халықаралық ұйымдардың жасаған қыспағынан кейін оны тиісті деңгейде қатайта алмаған еді. Шетелдік діни экспансияны шектеу мәселесі де басы ашық күйінде. Бірақ бүгінде талқыланып жатқан «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Жергілікті өзін-өзі басқару» туралы заңдардың саяси салмағы басым әрі биліктің болашағына әсер етерлік қауқары жоғары болса, «Діндер туралы» заңның биліктен гөрі, халықтың болашағына тигізер әсері басым. Бұл тұста ЕҚЫҰ-ға төрағалық қарсаңында халықаралық ұйымдардың «батасын» алған болып, кейбір заңдарды «тым либералды» қабылдау сценарийінің болу мүмкіндігін ешкім де жоққа шығара алмас. Яғни бұл орайда, саяси маңызы басым заңдардан гөрі рухани заңның «құрбандыққа» шалынбасына кім кепіл?! Оның үстіне Діндер туралы заңына байланысты Рим папасы Бенедикт XVІ, Дүниежүзілік христиандық ынтымақтастық ұйымы, Дүниежүзілік лютерандық федерация, т.б. протестанттық бағыттағы халықаралық миссионерлік ұйымдар бірауыздан өз ұстанымдарын білдіріп, түптің-түбінде бұл заңның қабылданбауына «үміт» артып отыр. Қарап отырсақ, Қазақстанның діни заңының қатайтылуына басқа-басқа емес, елімізге миссионерлерін тоғытып әкеліп жатқан христиан елдері өте-мөте қарсы. ЕҚЫҰ-дағы төрағалықты «қысым құралына» айналдырған бұл ұйымдар адам құқын жиі алға тартады. Бұл орайда, олардың өздері діндерін тұрғын үйлер мен оқу орындары, көшелер мен қоғамдық мекемелерде таратып, таңу арқылы әрбір адамның жеке өміріне қол сұғып жатқанын «заңсыздық» деп танымайды. Қалай дегенмен, Қазақстанды экспансия алаңына айналдырып үлгерген халықаралық миссионерлік ұйымдардың кейінге шегінер түрі жоқ. Тіпті бұл ас-тыртын «діни һәм саяси шайқасқа» олар христиан әлемінің бірінші лидерлерін де тартып жатыр. Бір айта кетерлігі, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуі сырттан ағылған ағым-секталардың экспансиясына тыйым салу қажеттігін көп жылдардан бері көтеріп келеді. Олар тиісті заңды ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру қажет деген ойда. Ақпарат көзі.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.