[23.01.2009.] Діни секталар азғыруын тоқтатар емес
00:09
Діни секталар азғыруын тоқтатар емес
Жамбыл облыстық ішкі істер департаментіндегі Экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі басқарма мен қылмыстық полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген «Нелегал» операциясы барысында, діни секталардың ілімін насихаттап жүрген бірнеше миссионерлер ұсталды. Республикамызда тыйым салынған «Таблиғи жамаат» діни ұйымының алматылық үш мүшесі Талас ауданындағы Ақкөл ауылы тұрғындарын өз қатарларына тарту мақсатында миссионерлік жұмыстар атқарған. Бұл – облыс көлемінде жұмыс істеген миссионерлердің жетінші легі. Бұған дейін осындай миссионерлік алты факт тіркеліп, исламның ішіндегі әртүрлі ағымдарды насихаттайтын 25 діни бірлестіктің қызметі тоқтатылған болатын. Жамбыл, Шымкент сияқты еліміздің оңтүстік аймақтарында астыртын жұмыс істеген діни экстремизмге бағытталған секталардың біразын Ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтап, сотқа тапсырды. Қазақстан заңдарын бұзған көптеген шетелдік азаматтар ел аумағынан шеттетілді. Өткен қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мамандары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген профилактикалық шара барысында Өзбекстанның 15 азаматы мен Ресейдің екі азаматы ұсталған. Олар жергілікті атқару органына тіркелмей, жұртты астыртын өз секталарына тартқан. Библияға негізделген ұжымдық христиандық-протестанттық шариғатпен айналысқан. Бұларды жергілікті мамандандырылған әкімшілік соты республика аумағына келу тәртібін бұзғаны үшін, сондай-ақ тіркеусіз миссионерлік қызмет жүргізгені үшін кінәлі деп таныды. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Қазақстанда 1870 діни ұйымның қызметі ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіреді екен. 2007-2008 жылдары дәстүрлі емес діни ұйымдар мен оккульттық-мистикалық секталардың 50 жетекшісі мен белсенді мүшелері қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылған. Бізде 13 ұйым террористік, ал біреуі экстремистік деп танылған. Олардың қатарында «әл-Каида», «Шығыс Түркістанның ислам партиясы», «Күрд халық конгресі», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Асбат-әл-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз Гүрд», «Орталық Азия жамааты», «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Аум Сенрике» және «Хизб-ут-Тахрир-әл-Ислами» бар. Сондай-ақ ақша табу үшін тұрғындардың діни сауатсыздығын пайдаланып, исламның дәстүрлі ағымын бұрмалап жүрген «Ата жолы», «Ана жолы» сияқты оккульттық-мистикалық ағымдағы кішігірім секталар бар. Ақпарат көзі...
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.