[25.01.2009.] «Ата жолы», «Ақорда» қайда бастап барады? - 25 Января 2009 - Бала-Бүргемге қош келдіңіз
Жексенбі, 12.Ақпан.2012, 05:16
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
•  ОБЛЫСТАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ - ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ
•  Құрбан айт намазы
сауалнама
Намаз оқуыңа не кедергі?
Жауап берілді: 809
 

Негізгі бет » 2009 » Қаңтар » 25 » [25.01.2009.] «Ата жолы», «Ақорда» қайда бастап барады?


[25.01.2009.] «Ата жолы», «Ақорда» қайда бастап барады?
16:30
null«Ата жолы», «Ақорда» қайда бастап барады?
"Ақ жол", "Ата жолы", "аққу", "сұңкар"... Бұл сөздер біраз жұртқа таныс болар. Аруақ аралап, мола, зират, мазар жағалап, аруақтардан "бата сұрап" жүргендер өздерін "Ата жолында" жүрміз деп санайды. "Ақорда"... Бұл орданың Астанадағы "Ақордаға" қандай қатысы барын білмеймін, әйтеуір "бата алушылар" өздерінің жиналып, бата беретін жерін осылай атайды. Оның өзін әр бабамыз бен атамыздың аттарына "легализациялап" берген. Арыстанбаб ордасы, Бәйдібек баба ордасы, Сарыбай ата ордасы, Түктібай ата ордасы, Жамбыл ата ордасы, Айша бибі ордасы, пәленбай баба ордасы, түгенбай ата ордасы деп. Ал сол ордаларда қызмет ететіндер "аққу", "сұңкарлар" деп аталады. Олар аруақтармен тілдеседі, осылар арқылы бата жеткізіледі, былайша айтқанда "делдалдар". 
Аққу - әйелдердің, ал сұңкар - ерлердін дақпырт атауы.
Бұл топтын көсемі - Қыдырәлі Тарыбаев. Оны ордашылар - "Акұл" дейді. Кейде оны - Пайғамбар деп те атайды. "Мұхаммед Пайғамбарымыз соңғы пайғамбар емес пе" десек, ол - Алланың пайғамбары, Қыдырәлі - аруақтардың пайғамбары деп ақталады. Ордашылардың айтысына қарағанда, Ақұлдың шығатыны жайында әйгілі көріпкел Нострадамус айтып кеткен көрінеді. 1997 жылы Ақұлға аталарының аян беруі арқылы аруақтардың "батасын жеткізу" қасиеті дарыған дейді-міс. Оның он алақанында мөрі бар екен. Сол мөр арқылы адамдардың арқа тұсынан ұрып, "жүрегін ашып" береді. Жүрегі ашылған әйелдер - "аққу", ал ерлер - "сұңқар" болып саңқылдайды, қабірдегі бабалардың "батасын жеткізеді".
Бұл орда ең алғаш құрылғанда, әуелде, бес атаның басы оянған. Яғни, осы "бес ата" бата беру мүмкіндігін алған. Олар: Сүйінбай ата, Жамбыл ата, Сарыбай ата, Түктібай ата, Қайназар ата. Ал бұлардың төбесінен қарайтын Айша бибі анамыз. Аруақ қыдырып шыққандар "Айша бибі" деп жазылған, кесененің суреті бейнеленген ақ туды көліктеріне байлап алады. Елге ұғынықты болу үшін, Ұлыбританияның монархиясы сияқты десек болады. Айша бибі - ханшайым, ал бес ата - парламент.
Неге нақ осы бес атаның басы көтерілген? Бұл бес атадан асқан әуиелер де бар емес пе? Мысалға, Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбабты алайық. "Ата жолы" бүкіл қазаққа ортақ болатын болса, неге үш жүздің ішіндегі рулардан "сайланбаған"? Бес ата да шапырашты руынан. Бұның бәрінде қандай астар жатыр? Ойланатын нәрсе...
Бұлардың "Ата жолы" деген түрлі түсті, сапалы қағазда басылып шыққан жеке журналдары да бар. Батырлар мен бағландардың, әулие-әнбиелердін кереметтері топтасқан бабалар туралы жұқа кітаптарын да шығарып жатыр. Күнтізбелері де тарап, мейлінше насихатталуда. Айтпақшы, көсемдері Қыдырәлі Тарыбаевтын да аян баяндары, өлеңдер жинағы жарыққа шығып үлгерді.
Енді, "театр - киімілгіштен басталады" демекші, Ата жолын ордадан бастайық.
Ордаға кірместен бұрын, бойында дәретің болу керек. Дәрет алып келгеннен кейін бата беретін белмеге өтесін. Табалдырықты аттай бере аталарға қолынды төсіңе қойып, бас иіп сәлем беру "парыз". Өйтпесең аталардың назына қаласың, батасын бермей қоюы да мүмкін.
Тура төрде төбеде айтылған бес атаның портреті тұрады (бес атаның күнтізбелік суреттері мешіттің айналасындағы діни тауарлар сататын жерге де келіпті). Одан жоғарырақ Айша анамыздың суреті ілінген. Мешіттерде Мекке мен Мәдиненің суреті тұратын болса, мұнда Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Яссауидің кесенелері тұруы тиіс. Бұл кесенелер ордашылардың "қажылыққа" баратын "қасиетті" жерлері. Бөлменің бір бұрышында ақ матаның үстіне қойылған Қасиетті Құран. Оның айналасында 200, 500 теңгеліктер мен тиындар жатады. Ананы көргенде қалтаңнан тиын шығармау ыңғайсыз екен.
Сосын Құранға қолыңды қойып, қабырғадағы ақ параққа жазылған сөздерді оқисың. Онда "Астағфируллаһилғазыйм, Астағфируллаһилғазыйм, Астағфируллаһилғазыйм! Лә иләһә иллә Аллаһ! (Іштеріңнен ата-бабалардан кешірім сұраңдар, дерттеріңе шипа тілеңдер) Дертіме шипа бере гөр!" деп жазылған.
null
"Астағфируллаһилғазыйм" сөзінің мағынасы - араб тілінен аударғанда "Құдіретті Алла кешір" дегенді білдіреді. "Лә иләһә иллә Аллаһ" кәлимасы - Алладан басқа тәңір жоқ деген сөз. Бірақ онда бұл сөздердің аудармасы жазылмаған. Ал бұл сөздердің мағынасына көңіл бөліп, ақыл жүгіртіп жүрген жұрт жоқ. Байыбына барып, мағынасын ұқпаған соң, ол сөз жүректен шықпайды, Алла алдында қабыл болмайды. Ал қазақша жазылған сөздері - нағыз Аллаға серік қосушылық. Ібілістің кілт сөзі. Жынның жұмбағы да дәл осы сөз. Жын адам бойын осы сөз арқылы билейді. Қазақтың "жын иектеген", "албасты жетектеген" деген сөзі осыдан шықса керек.
Аталардың қабылдауы "рәсімінен" өткен соң, ортаға шырақ жағылады. Ауру, дерттеріңнің жазылуын тілеп бойыңды осы отқа аластайсың. Отқа табынушылықтың көрінісін де осы жерден байқауға болады.
Сосын ата-бабаларға бағышталып, Құран оқылады. "Түркістанда - Түмен Баб, Сайрамдағы сансыз баб, бабтардың бабы - Арыстанбаб, 360 әулие-әнбиеге, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, бес ата..." деп бастап, айнала-аймақтардағы таныс-таңсық ата-бабалардың аттарын атап шығады.
Осыдан кейін аққу-сұңқарлар ата-баба аруағын шақыруға кіріседі. Біреу жүрегін ұстап қай аруақ-ата келгенін айтады, енді біреуі қолына қалам-қағаз алып аттарын жазып отырады. Құлақ салып тындап отырсаңыз, бұл дүниеден бертін заманда өткен маркұмдардың аттарын естисіз. Дінмұхаммед Қонаев, Мәдина Ералиеваның аруақтары "келіп жатады". Ленин көсемнің де аруағы келгеніне не айтасыз?
Соңында барлық аруақтарға тұрып "бір сәлем" жасайсың. Аққу-сұңқарлар кезекпе-кезек ортаға шығып, теңселіп тұрып аузынан ақ көбік шашып, қиқулай жөнеледі.
Қара бура, Ақ бура, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Қарасай батыр, Қарашаш ана, Арыстанбаб, Шортанбай, Жамбыл, Сүйінбай, Шәкәрімдердің де батасын тындайсың. Әркімнің атын атап, батасын бере бастайды. Аты аталған орнынан тұрып, сәлем беріп, екі қолын жайып, қазықша қатып батасының қабыл болуын тілеп тұрады. Бір қызығы, қазақ ешқашан батаны тік тұрып алмаған, міндетті түрде бір тізесін бүккен. Бұл жерде тұру міндет. Осыдан кейін, амалсыз, "бабаларымыз салтымыздан жаңылысқан ба" дейсіз.
Баталарын мұқият тыңдасаңыз, батаның бәрі бір сарында. "Әй, ұрпақтың баласы!" деп басталғаннан ұйқасы жоқ, дымы жоқ шүлдір сөйлеммен тізбектеле береді. Шәкәрім бабамыз келді ғой, ұрпақтарына бір өсиет қалдыра ма деп ойлайсың, Жамбыл жәкем келді ғой, бәлкім шұрайлы да ұйқасты маржандай өлеңдерін тізер ме деп күтіп отырасың. Бірақ олай болмайды. Бәрі бірдей ырғақ, жаттанды сарын.
Батаға бірнеше рет барғаннан кейін жұрттарды "қажылыққа" аттандырады.
Халық апта сайын, ай сайын автобустармен мазар аралайды. Ордаға алғаш барушылар, ең әуелі, "кіші қажылықтан" өтеді. Жұрт сол аймақтың, өңірдің, облыстың басындағы ел арасында атақ-дәрежесі бар бабалар аруағының мазарларына барады. Ол жерге барғанда Құран оқылып, бата жеткізіледі. Қай мазарға қонақ болып барсаң, ол сені батасымен жарылқайды.
"Кіші қажылықтан" өткен соң, "үлкен қажылық" тұрады алдыңызда. Оған да баруға тура келеді. Онда Түркістаннан бастап, сол жердегі дәрежесі үлкен бабалардың мазарын аралайсыз. Жолай Жамбыл бабамыздың мұражайына соғып, Үкаша сахабаның қасынан өтіп, зәмзам судан дәм татасыз. Домалақ ананың, Сарыбай атаның басына Құран бағыштап, Адам Ата мен Хауа ана тасының арасынан етіп, бір сыналасың. Бесік тастардың құдіретін де тамашалап, Қазығұртқа барып, кемені көресің. Қысқасы, турист болып келесіз. "Ата жолы" - туристік агент рөлін атқарады. Есесіне, аруақтардың батасына кеміліп қайтасыз.
Аруақтарды шарлап келу ақысы осыдан 1,5-2 жыл бұрын Қарағанды қаласынан 16 мың теңге болған. Оған мазар аралатуға кететін жол-ақың мен бабалардың басына барғанда міндетті түрде сойылатын құрбандығыңның ақысы кіреді. Ол кезде құрбандыққа шалынатын қойдың бағасы - 7 мын болатын. Қазір арық тоқтың 15 мың теңге тұрады. Алматыға дейінгі жол-ақың өзіңнен. Анау-мынауың, жеп-ішерің бар, соның бәрін қосқанда 25 мыңға жетеді. Қазір инфляция болғандықтан "туризм" ақысы да көтерілгеніне күмән жоқ. Білушілердің айтуынша, қазір бұл баға 35 мың теңгеге жетті. Осылайша "Ата жолында" жүргендердің саны күннен-күнге артып келеді. Түркістанға да барушылар толастар емес.
Бұл секта қандай мақсатпен құрылған? Өздері "ата-бабаның аманат етіп қалдырған діні" дейді, ақиқаты қайсы? Бұл дінсымаққа өтушілердің басым көпшілігі кімдер? Басын бір сұққандар одан шырмалып шыға алмай қалатын себебі не? Қай мазарға бармасын ақордашылар аруақтарға бағыштап Құран оқиды. Әр Құранда Фатиха сүресі оқылады. Фатиха сүресінің 5 аятында "(Алла!) Саған ғана құлшылық қылып, сенен ғана жәрдем тілейміз" делінген. Бірақ олар осы аятты оқи тұра аруақтан көмек сұрайды. Бұл ордашылардың маңайын білімсіздердің торлағанын білдіреді. Діни сауатының жоқтығын аңғартады. Яғни, кешірілмес күнә - серік қосушылыққа жол береді.
Бата берушілерге келетін Ібілістің әскерінен болған жындар ғана. Шайтанның ілімінің күштілігі сонша, адамдардың түсіне ата-бабасының аруағы болып та кіре алады. Тіпті, өңінде де елестей бастайды.
Сонымен қатар, Ордаға түстерін жорттырып та келіп жатқандарды көрдік. Біреу түсімде түлкі көрдім дейді. Оны екі алмажайымен (түлкі) әйгілі болған әулие Жидебай батыр қолдап жүр екен дейді. Енді біреу түсінде торы ат көріпті, оған Сеңкібай бабаң қолдайды екен деп сендіреді. Жұрт соған имандай сенеді. Сондағысы жын адам түсіне көбіне жануар бейнесінде кіретіні дінде дәлелденген.
Бата сөздеріне назар салсаңыз, дәрет алғызып, орамал тартқызып, "намаз оқы", "ораза ұста" деп жатады. Өзгелердің сеніміне кіру үшін жын осындай әрекеттерге де барады. Жақсылыққа шақырып Алланың есімін айтып тұрған соң қара халық қайтсін, сенеді. Оның үстіне кейбір айтқандарының дәл келуін, ауруының диагнозын дәл қоятынын жұрт керемет деп ұғып, таңдай қағады. Расымен, ішінара айтқандарының тура келіп жататыны да болады. Бұл туралы Пайғамбарымыздың айтып кеткені бар. Бухаридың сахих хадисінде былай делінеді: "Аллаһ Тағала періштелеріне адамдардың тағдырына қатысты әмір беріп жатқанда, шайтандар бір-біріне мінгесіп, аспанға өрмелеп шығып, тың тыңдайды. Сосын естігенін өзінен төмен шайтанға, ал ол басқасына айтады. Сөйтіп, ақырында емшінің, көріпкелдің, құмалакшының, балшының, "баташының" құлағына сыбырлайды. Ақыры, ол жорамалдап айтқан бір шындық кейін расқа айналғанда, жұрт оны керемет құдіретті күш деп санайды. Ал Ібіліс болса өзі нысанаға алған кезекті құрбандығын торына түсіру үшін барлық айла-амалға барады. Адамның өткен өмірін, ауруының себеп-салдарын зерттейді. Оның мақсаты сіз бен бізді өзінің соңынан тозаққа бірге әкету. Оның өмірінің мәні сонда жатыр, адамдарды азғырып, ой-санасын Аллаһтан басқаға аудару, өзінің айтқанымен жүргізу. Қасиетті Құранда: "Ібіліс: "Ендеше мені (жәннаттан) қуғаның себепті мен де Сенің тура жолыңда оларға (адамдарға) қарсы отырып аламын. Сонан соң оларға алдынан, артынан, оңынан, солынан келемін де, олардың көбін шүкіршілік қылушылардың қатарынан таппайсың", - деді" (Әграф сүресі, 16-17) делінген.
Кейбір бала көтермеген ерлі-зайыптылар да осы орданың маңын паналайды. Аруақтың басына түнеп, бала сұрап жатады. Осыдан кейін балалы бола қалса, "түген атаның басына түнеп, аруақ көмектесіп құрсақты болды" деп жүргендерді де кездестіреміз. Бұл жұмбақтың шешуі мынада. Құранды "негізге алатын" ордашыларға осы Құран арқылы дәлелдейік. "Өсімдік буындыларынан жемістер шығуы, ұрғашылардың жүкті болуы, тууы - Аллаһтың әмірінсіз болмайды", - делінген Фуссилат сүресінің 47-аятында. Яғни, Рахымды Алланың қалауымен біреу ерте, біреу кеш бала көтеріп жатады. Бедеу әйелдің сәбилі болар мерзімі жақындағанда төбеден тың тындаушы жындар әлгі әйелге тәуіп, балшы, құмалақшы арқылы, не түске кіріп, не бабаларының батасымен "Пәленбай әулиенің басына бар, бала көтересің" деп азғырып, қабір басына жөн сілтейді. Осыдан бастап олар адаса бастайды.

Ордаға келушілерді қайтіп кетіп қалмас үшін екі әдіспен ұстайды: бірі - ынталандыру, екіншісі - қорқыту.
"Пәлен жерде пәлен бабаңның берер сыйы бар, сонда барып құрбандығынды шал. Астыңа - тақ, басыңа - бақ береді. 25 күнде жетпесең сынағың тұр басында: көк телпектен (полиция), ақ телпектен (дәрігер), темір тұрпардан, ақ қағаздан (құжат)". Осыдан кейін жынның сөзіне аруақтың сөзі деп иланған жұрт Түркістанға қарай асығады. Білімсіз жұрт "бармай қойсам, аруақтың сынағы келіп қала ма" деп қорқады. Амалсыз барады. Ақшасы болмаса, табады. Ата-анасын зар қақсатады. Ата-анасын зарлатып кеткендерді де көрдік. Осыған қоса Түркістанға жиі барсаң сенің де бабаңның басы көтеріледі деп елді одан сайын ынталандырып, есек дәмелендіріп қояды.
Орданың айналасына адам жинау әдісі де жақсы қарастырылған. "Пәленше деген біреуің бар екен. Соның басына іс түсті. Ордаға әкел, әкелмесең қор болады, әкелсең жолы болады" деп біреуді саған аманаттайды. Сосын "аманат түбі - қиянат" деп тағы қосып қояды. Қазақта не көп, туыс көп. Сол туыстардың арасынан аталған есімді біреу табылады, әйтеуір. Сен оны ордаға тартасың, ол жақындарын, достарын тартады. Сөйтіп, жын иектегендердің қатары да көбейе бастайды.
Түркістанға кем дегенде 2 рет барып келушілер Қаскелеңге келіп "жүректерін ашқызады". Яғни сұңқар мен аққу болып келеді. Олар келіп орда ашады да тағы да маңайына адам жинайды. Сөйтіп, циклды түрде жалғаса береді.
Аққу, сұңқарлардың айтуынша, қазір шетелден келіп "жүректерін ашқызып" жатқандар көбейіп келеді екен. Олар да өз тілдерінде бата жеткізіп, ол жақтан да Түркістанға аттандырып жатқан көрінеді. "Ертеңгі күні шетелден ағылып келген жұрт қаптағанға қазағымыздың өздері қолда бар алтыннан құр қалады" деп қояды өздері.
"Ата жолының" түбінде ақыл салып көрген адам қайнаған бизнес жатқанын байқады. Oriflame, Amway, Mary Kay үлгісіндегі "сетевой бизнес". "Платина", "рубин", "бриллиант" деген сияқты "аққу", "сұңқар" деген атақты аласың да, артыңнан адам кіргізесің. Семинар маркетингтерге жібергендей, Түркістанға жібересің. Бұл да тура соның жүйесі.
Әр адам басынан құрбандыққа деп ақша алады. Жан жақтан 40-50 адам келсе сойылған құрбандықтардың қанынан қабір қызыл қанға боялмай ма? Қаншама ысырап! Алла Тағала айтады: "Ысырап қылмаңдар. Шынында ысырапшылдар шайтанның туысы. Ал, шайтан Раббыңа ете қарсы" (Исра сүресі: 22-23-аяттар). Жеке барып әулиелердің басын араласаң ондай ақша шықпайды.
Ислам дінін жамылып жүрген бұл топтың түпкі мақсаты түсінікті болды. Елді қанау, осы арқылы ақша табу. Елді тура жолдан адастыру. "Ата жолы" деп, бабалар жүрген жол деп елді азғырған бұл топқа ерудің себебі білімсіздіктің кесірі.
Негізінде, қабірге зиярат ету амалы шариғатта бар. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) "Мен сіздерді қабірлерге зиярат етуден тыйған едім. Енді, оларға зиярат етіңіздер. Өйткені, қабірге зиярат ету ақыретті еске түсіріп, жаксылықты арттырады. Енді, кім қаласа, зиярат етсін. Бірақ, (онда) бос сөз айтпаңдар" деген хадисі, сонымен бірге: "Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады" деген және: "...Енді, қабірлерге зиярат етіндер. Расында, зиярат етуде ғибрат бар..." деген хадистері дәлел болады.
Ордашылар: "Сен қазір бастыққа, әкімге, президентке тікелей кіре алмайсын, ең әуелі оның орынбасарына жолығасың. Сол сияқты Алла мен адамның арасында дәнекер болушы - ата-баба аруағы" дейді. Ақиқатында, Абай айтқандай: "Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?". Алла Тағала Каф сүресінің 16-аятында: "Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз" деп, ал Бақара сүресінің 186-аятында: "Мен оларға ақиқатында жақынмын. Менен тілек тілесе, қабыл аламын" деп анық айтады. Олай болса, өте жақын Алла Тағаладан тілемей, айшылық, күншілік жол жүріп, айдаладағы әулие, аруақтардан тілек тілегеніміз қай сасқанымыз?! Аллаға ешқандай да "делдалдың" қажеті жоқ.
Сектаға "Ата жолы" деп ат қоюдың да жөні жоқ. Ата-бабамыздың жүрген жолы бұл емес. "Аңқау елге арамза молда" деген.
"Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа",- деп жырлаған Бұқар бабамыз. Солай дей келе дана жырау: "Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытта бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа...", - деп қалың алаш жұртын тақуалыққа шақыратын насихат айтады. Бұхар бабамыздың осы өлеңінде де, һәм күллі шығармаларында да аруаққа сиыну, отқа, киелі делінетін заттарға тәу ету төрізді шамандық ұғым мүлде жоқ.
Ал, "Шариатул Ислам" деп кітап жазған Ыбырай Алтынсариннің "Бір Аллаға сиынып" деп басталатын өлеңі бәрімізге жақсы таныс.
Дінді тереңнен толғап түсіндіретін Абай шығармаларында да солай. "Алла бір, Құран шын, Пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ!", - дейді Абай.
Ал сол Құран былай дейді:
"Егер өлілерге жалбарынсандар, олар сендердің дауыстарынды естімейді. Олар естісе де сендерге жауап қайтара алмайды. Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан бас тартады. Алладан басқа сендерге ешкім хабар бере алмайды" (Фатр сүресі, 14-аят). "Рас сен өліктерге естірте алмайсың. Сондай-ақ бет бұрып бара жатқан саңырауларға дауыс естірте алмайсың" (Рум сүресі, 52-аят).
Бұл ордашылардың осы күнге дейін еркін тайрандап жүруіне кім рұқсат берді? Әлі күнге дейін тосқауыл қойылмауының себебі не? Ордашылар "Елбасымыз бұл жолды толығымен құптайды, сондықтан Астанадағы Ақордаға сәйкес біз де өзіміздің жолымызды "Ақорда" деп атадық" дейді. Енді біреулерден бұл жайында сұрасақ, "бұларға Болат Назарбаевтың өзі қолдау көрсетеді" дегенді айтады. "Болат Назарбаев Ақ ана дегенге үй де салып беріпті" деген де әңгімелер бар ел арасында. Айтыстарына қарағанда, бұның артында кім тұрса да, әйтеуір бір мықты тұрғанға ұқсайды.
Кеңес үкіметі діннен тамыр үзіп, ділімізден айырды. Халқымыздың осындай кейіпке түсіп жатқаны да соның себебі. "Дүмше молда дін бұзар" демекші, небір "Құранды теріс оқыр" молдалардың экспанциясы дін арасына бүлік тудырып, елді аңқау қылды. Қазақ ақымақ емес. Қазақта "Ақиқат түбі - шын, аруақ түбі - жын" деген сөз бар. Ал ордашылардың тірлігі болса мынау. Президенттің "қандай жолмен болса да байы" деген сөзін әркім әр қалай түсініп, ардан аттап, ақиқаттан тайып жатқандар көз алдымызда. Оған дүмше конституциямызды қосып қой...
Салтан Сәкен
«Жас Алаш», № 45 (15295), 05.06.2008 ж.

Категориясы: Өзекті мәселе.... | Көрілді: 4371 | Ендірген: Dinislam_Kz | Рейтингі: 2.2/4 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 2
02.Қаңтар.2012
2. Бақытгүл
Алланың бар екеніне сенетін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіне алмай жүргендер осы мақаланы бастан аяқ оқып шықса, көп сұраққа жауап алары сөзсіз. Мен де жүрген жерімде осы тектес пікірлерді жиі айтамын. Жақсылық та, жамандық та тек Алладан ғана екенін естен шығармаңыздар. Аруақтар бізге көмектесе алмайды, керісінше біз оларға о дүниеде жеңілдік болуы үшін арттарынан құран бағыштап отыруымыз керек. Ал ол құранды ешқайда бармай-ақ, үйіңізде отырып та, немесе мешітке барып та бағыштауға болады. Ал, бақсы-балгер, құмалақшы дегендер жыннның жетегінде жүргендер. Осыны естен шығармаңыздаршы, өтінемін.

[пікірдің сілтемесі]
26.Қаңтар.2009
1. Мөлдір (YergaliMoldir)
Аққу,сұңқар болып адасып жүргендердің барлығын Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тура жолға салсын...

[пікірдің сілтемесі]

Есімі*:
Email-ы:
WWW:
Сақтық коды *:


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


Создать сайт бесплатно
жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Қаңтар 2009  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар: bola80, erkintursynbek

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: erkintursynbek

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3564
Осы ай ішінде: 23
Осы апта ішінде: 7
Кеше: 2
Бүгін: 0