Әдемі утопиямен адамның санасын улайтын діни уағыздаушылар Қазақстанда қаптап кеткені қашан?! Үкімет үндемей отырғанда, «аузындағы Алласын» қолындағы сурет-кітапшаларда деп сендірген миссионерлер талай жанды «қанатының» астына алып үлгерген. Мемлекет мән бермей жүргенде әлгі «қанаттан» жетілгендер Қазақстанның қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған көрінеді. Соңғы бір жылдың ішінде еліміздегі діни құрылымдардың саны 172-ге ұлғайып, жалпы саны 4173 бірлестік пен топқа толығыпты. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстандағы діндарлардың 65 пайызы исламның сүнниттік бағытын ұстанса, 30 пайызы православиелік шіркеуде мінәжат етеді екен. Десе де, кейінгі кезде сырттан келген секталардың арбауына түсіп, бар наным-сенімін соның жетегіне байлап бергендер аз емес. Олардың арасында жүйкесі бұзылғандарды айтпағанда, өз-өзіне қол жұмсаған оқиғалар да жиі кездеседі. Сондықтан олармен «күресті» өз қолына алған «Теріс пиғылды діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін» жергілікті орталықтар өзара бірігіп, ортақ қауымдастық құрыпты. Мақсаты - діни ағымдар адастырған адамдарға қол ұшын беріп, көмек көрсету. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, қауымдастық мүшелері «атын атап, түсін түстеген» сол қауіпті секталардың бірнешеуін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Саентология шіркеуі» Қазақ-станда бұл шіркеуге қарасты 5 бірлестік жұмыс істейді. Ең ірісі Алматы және Семей қалаларында орналасқан. «Саентологияның» соңынан ергендер бастапқыда 5 мың адам болса, бүгінде 30 мыңға жетіп жығылыпты. «Иегова куәгерлері» Икондарға, крест пен мүсіндерге бас имейді. Ер азаматтардың әскерде борышын өтеуге және қандай да бір мемлекеттің туы мен әнұранын орындауға қарсы. Медицина саласындағы қан құю және қан өткізуді дұрыс емес деп есептейді. Ұлттық мерекелер мен туған күнді тойламайды. Тек Исус Христостың өлген күнін ғана мойындайды. Конфессия елімізде динамикалы түрде дамуда. Қазір оның 78 қоғамдастығы жұмыс жасайды. Оған Польша, Ресей, Англия миссионерлері дем беруде. «Куәгерлердің» жетекшілері - Бруклиндік орталықта (Нью-Йорк). Әлемнің 216 еліне 67 тілде таратылатынын діни басылымдарға барынша күш салуда. Оның ішінде Қазақстанда жиі ұшырасатын «Күзет мұнарасы», «Ояныңдар!» журналы бар. «Кришнаны тану қоғамы» Қасиетті кітабы ретінде «Бхагават - Гита» мен «Шримад - Бхагаватамды» санайды. Әрдайым кришна құдайының атын айтып жүруді өздеріне міндеттейді. Республика бойынша белсене жұмыс жасайтын діни бірлестігі - 12. Олардың бесеуі Шығыс Қазақстанда шоғырланса, ең ірісі - Алматы қаласында. 1996 жылы тіркелген. Бірлестік шіркеуі (Мун шіркеуі) Арғы тегі Кореядан бастау алған шіркеудің негізін қалаушы - Сун Мьюнг Мен. Өзін Исустың миссиясын жалғастырушы ретінде насихаттайды. Соңғы кезде бұл ұйымның саентологиямен байланысын зерттеушілер жоққа шығармайды. Тіпті сарапшылардың айтуынша, «Бірлестік шіркеуінде» болған адамды психологиялық қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде 16 ай қажет екен. Қазақстанда оның 2 бірлестігі жұмыс істейді. Бахай ХХ ғасырда Иран мен Иракта пайда болған ұйым. Наным белгісі - тоғыз бұрышты жұлдыз. Бұл бағытты ұстанушылар жер бетіндегі өмірді о дүниеге дайындық кезеңі деп есептейді. Бізде оның 20 діни бірлестігі тіркелген. Ең үлкені Астана және Алматы қалаларында. «Соңғы Өсиет Шіркеуі» (Виссарион тобы) Рухани тұлғасы - 1961 жылы туған ресейлік Серегей Тороп. Виссариондықтар балаларға дәрі егуге, өзге де дәрі-дәрмектер қабылдауға, ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдерін пайдалануға тыйым салады. «Соңғы Өсиет Шіркеуі» әзірге Алматыда ғана тіркелген. «Алля-Аят» (Фархаттықтар) Бұл жолды ұстанушылар «Алля-Аят» ағымын туғызған Фархат Абдуллаевты (Алматы облысы Ұйғыр ауданының тұрғыны) «Құдай» деп таниды және оған табынады. Ал оның жұбайы Нинаны әулиелер қатарына қосқан. Фархаттықтар үшін 37406810 саны - «өмір формуласы». 2000 жылы Солтүстік Қазақстанда «Алля-Аят» әдісі бо-йынша ем қабылдаған екі адамның өлімі анықталған. Зерттеушілер бұл ағымда азаматтардың өмірі мен бостандығына қауіп төндіретін белгілер барын айтады. «Ата жолы» («Ақ жол») 2001 жылы Алматы қаласында коммерциялық ұйым ретінде тіркелген. Қазақстан бойынша көптеген «шәкірттер» тәрбиелеуде. Негізгі жұмысы - белгілі бір төлем алу арқылы оңтүстік өңірдегі әулие-әмбиелерді аралату. Ұйымға қатысты ең шулы дерек Қостанай қаласында тіркелген. Осы «жолды» ұстанған Қостанай қаласына қарасты Әлжан кентінің 48 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсаған. «Ата жолына» табынушылардың ізбасарлары республиканың 9 аймағында шоғырланған. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл облыс-тары және Алматы, Астана қалалары. «Ахмадиялық Жамағат» Орталығы Лондонда орналасқан. Соңынан ерткен шәкірттерінің саны шамамен 12 миллион. Англия, Германия, Испания, Австралия және басқа елдерде 12 мыңнан аса мешіт салғызған. Ахмадиялықтар шынайы исламды қайта қалпына келтіретіндіктеріне сенеді. Пәкістандық ізбасарлардың күш салуымен алғаш Алматы қаласында 1994 жылы пайда болды. Қазір елімізде «Ахмадиялық Жамағаттың» 4 діни бірлестігі жұмыс істейді. Мормондар Өзгеше атауы - «Қасиетті соңғы күндердегі Исус Христос Шіркеуі». Бұл діни ағымды қалыптастырушы - америкалық Иосиф Смит. Мормондар тез таралушы ұйымның бірі ретінде саналады. Әлемнің 162 елінде белсенді түрде миссионерлік саясат жүргізеді. Миссионерлердің саны 50 мыңға жеткен. Қазақстанда оның 5 діни бірлестігі бар. Аты аталған бұл ұйымдар елімізде белсенді түрде жұмыс жүргізіп, табынушыларының қатарын жыл өткен сайын көбейтіп келеді. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Еуропа мен АҚШ-та пайда болған секталық ұйымдар 90-шы жылдардың басында Одақтың орамынан босаған тәуелсіз елдерге мысықтабандап ене бастағаны рас. Өйткені Еуропаның бірнеше елдері діни бағыттағы ұйымдардың таралуын шектеп, тіпті олардың қызметіне қарсы бірқатар заңнамалық актілер қабылдаған болатын. Мәселен, Италия мен Испанияда секталар құқықтық мәртебеден шектелсе, Франция мен Германияда жұмыс істеуіне заңды түрде тыйым салынған. АҚШ пен Канадада мұндай ұйымдардан зардап шеккен адамдарға психологиялық көмек көрсететін мемлекеттік және жеке орталықтар құрылған. Ал Румынияда БАҚ-та оккультизмді кез келген тікелей немесе жанама насихаттауға шек қойылды. Жат жұрттар діни ағымдар осылайша «тазара» бастағанда, идеологиялық сеніммен бауырларымызды өзіне басыбайлы еткен мұндай ұйымдардан біздің де билік іш тартатын уақыт келді. Құралай РАХЫМБАЙ. Нұр Астана газеті.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.