[27.01.2009.] Еуропа қаржы жүйесі мен экономиканы исламдық негізде құруға талпынуда…
20:52
Еуропа қаржы жүйесі мен экономиканы исламдық негізде құруға талпынуда…
Батыста исламдық қаржы жүйесінің ауқымы барған сайын ұлғая түсуде. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, әлемдік экономика мен қаржы жүйесіндегі дағдарыс әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Сондықтан олар әлемдік қауымдастықтың көңілінен шығатын жаңа қаржы механизмдерін іздестіруді ұсынуда. Қазір Еуропадағы беделді басылымдар жаһанды жаулаған экономикалық дағдарысты тудырған дәстүрлі қаржы жүйесін реформалауға шақыра бастады. Олар исламдық экономика мен қаржы жүйесінің тиімділігіне назар аударып отыр. Жуырда ғана «Challenge» экономикалық журналының алғашқы бетінде оқырмандардың назарын аударып, үлкен пікірталас туғызған «Папа және Құран» деп аталатын көлемді мақала жарияланды. Онда автор капитализмнің моралдық құндылықтарына және өсімқорлықты енгізіп, оны үнемі жақтап отыратын Католик шіреуі мен жалпы християн жұртының қылығына жауап іздеген. Бофис Винсенттің тұжырымдауынша, дәл осы өсімқорлыққа құрылған қаржы жүйесі адамзатты тығырыққа тіреп, қаржы дағдарысының тууына себеп болған. Мақалада Католик шіркеуінің ұстанған бағытын мысқылдаған автор, былайша сөз сабақтайды: «Қаржы дағдарысы асқынып тұрған қазіргі шақта оның себебіне үңіліп, банктердің басындағы жағдайға жауап іздеу үшін Мен, бізге Інжілге қарағанда Құранды көбірек оқу керек деп санаймын. Егер банк басшылары Құранда көрсетілген талаптар мен ұсыныстарды қолданғанда, қазіргі дағдарыс болмайтын еді. Экономикамыз да тығырыққа тірелмес еді» … «Le Journal des Finances» журналының редакторы Ролан Ласкин бұдан да батыл пайымдарға барған. Журналдың бастапқы бетінде ол, «іскерлік қарым-қатынасты өрескел бұзу мен заңсыз алыпсатарлықпен айналысудың кесірінен пайда болған әлемдік дағдарысты тоқтату үшін» шариғаттың ережелеріне жүгінуді ұсынады.. «Уолл-стрит шариғат нормаларын қабылдауға дайын ба?» деп аталатын мақаласында Ласкин, капитализмге төніп тұрған қауіпке оқырмандардың назарын аударған. Жағдайды жақсарту үшін бізге шұғыл арада күшті балама іздеп табу қажет. Осылай деп сөз саптаған автор оқырмандардың талқысына бірнеше қызықты ұсыныстар тастайды.. Олардың ең маңыздысы Еуропа үшін жат ілім болса да экономика салаларына шариғат ережелерін енгізу. Жоғарыдағы мақалаларда жарық көрген ұсыныстармен танысқан Француздың қаржылық бақылау жөніндегі жоғарғы комитеті арнайы жарлық шығарды. Онда өсімқорлыққа негізделген сауда операцияларына тыйым салынған. Комитет сонымен бірге француз нарығында исламдық чек жүйесін пайдаланып қаржы операцияларын жүргізуге рұқсат беретін қаулы қабылдады. Жалпы Батыстың ғылыми-экономикалық топтары либералдық-капиталистік жүйенің қауіпті жағдайға әкеле жатқанын және бұған лайықты балама іздеу қажеттігін талайдан бері тынбай айтумен келеді. Италия зерттеушісі Лоритта Наполионидің «Шакалья экономика» деп аталатын кітабында да исламдық қаржы жүйесінің қауқары сөз болған. Онда автор «әлемдік экономика тап болған төтенше жағдайға жүгенсіз кеткен жемқорлық пен нарықтағы спекуляция себеп болды. Исламдық қаржы жүйесін енгізу арқылы тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Бірақ ол үшін батыс Ислам экономикасын терроризммен байланыстыратын кертартпа түсініктен арылуы қажет» деп ой түйіндейді. Исламдық қаржы жүйесінің дәстүрлі жүйемін салыстырғанда әлдеқайда тұрақты екеніне назар аударған зерттеуші, қазіргі дағдарысты еңсеруге ислам банктері тамаша балама болатынан жеткізген. 1988 жылы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Француз экономисі Морис Алле, «ашкөз либерализмнің» әлемдік экономиканы үлкен дағдарысқа әкелетінін әу баста ескерткен еді. Алле, экономика дегеніміз жарылуға шақ тұрған жанартау сияқты. Егер ол жарылса жаппай жұмыссыздық басталып, бұқара белшесінен қарызға батады деген болатын. Ол, дағдарыстан шығып, экономиканы тұрақты ету үшін, екі ережені сақтау қажет екенін айтқан. Оның бірі пайыздық мөлшерлемені нөлге дейін түсіріп, салықты 2 пайызға дейін төмендету. Алленің бұл тұжырымы шариғаттың өсімқорлыққа салған тыйымы мен зекет төлеу жөніндегі талабымен сәйкес келеді. Ұлыбританияда қазірдің өзінде шариғат талаптарымен санасатын үш қаржы компаниясы жұмыс істеуде. Британ үкіметі соңғы жылдары ислам банктерінің өркендеуіне жол ашу үшін осы саладағы нормативтік-құқықтық негіздерді барынша жетілдірді. «Ислам қаржысы, қазір үлкен қызығушылық тудырған сала болып отыр. Сондықтан кез-келген мемлекет оны дамытуға талпынуда. Мәселен, Франция мен Германияда осындай қаржы қызметтерін қажет ететін мұсылмандар өте көп»,-дейді сарапшы Дункан Маккензи. Ал 2009 жылдың маусым айынан бастап Францияда да ислам банктері жұмыс істей бастайды. Сарапшылар, шариғат шарттарымен қызмет ететін кем дегенде үш банк ашылатынын айтып отыр. Елдің экономика министрі Кристина Лагард осыған байланысты сөйлеген сөзінде: «Біз Парижді ислам қаржысының орталығына айналдыруды көздеп отырмыз» деді…Ислам банктерінің адамзат үшін пайдалы екенін уақыттың өзі осылайша дәлелдеп отыр. Себебі өсімқорлыққа құрылған қаржы жүйесі түптік-түбінде сыр беріп, өзінің тиімсіз екенін бұқараға білдіруі тиіс болатын.. "АЛАШ АЙНАСЫ" - Апталық қоғамдық-саяси газет
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.