Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Египет Араб Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Абдуллаһ әл-Арнусиді оның өтініші бойынша қабылдады. Ұшырасуға сондай-ақ «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры, профессор, академик Махмуд Фаһми Хижази, Мысыр мәдени орталығының директоры Субхи Сихими мен Мысыр елшісінің сауда-саттық жөніндегі кеңесшісі Мұхаммад Халлаф қатысты. Қазақстан мұсылмандарының ыстық ықыласы мен сәлемін жет-кізе отыра Әбсаттар қажы Дербісәлі мәртебелі қонақтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Оның бүгінде атқарып отырған іс-шараларымен таныстыра келіп, Дінбасы қазақстандықтар Мысыр елінің тарихынан хабардар, әрі екі елдің қазіргі қарым-қатынасына көңілімізге толады. Соның айқын айғақтарының бірі деп “Нұр-Мүбарак” Египет ислам университетін атап өтті. Өз кезегінде елші мырза Бас мүфтиге Египет мұсылмандары, Уақыфтар министрі Махмұд Хамди Зақзұқ мырзаның, Әл-Әзһардың Ұлық шейхы доктор Мұхаммед Саид Тантауи атынан сәлем айтып, қабыл алуын өтінді. Ол Қазақстанда ислам діні жолында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардармыз, әрі ризамыз дей келіп, бүгінде Қазақстан түрлі ұлт өкілдері мен діндер арасындағы төзімділік пен құрметтің үлгісін көрсетуде. Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның өзі бас болып дүниежүзілік діндер лидерлерінің басын қосып құрылтай өткізуде, бұл үлкен іс деді. Сөзін әрі жалғай келе, биылғы Астанада өтетін съезге Египет тарапынан Әл-Әзһардың Ұлық шейхы доктор Мұхаммед Саид Тантауи мырза мен Египеттің Уақыфтар министрі Махмұд Хамди Зақзұқ мырзаның келетінін хабарлады. Осыдан соң Абдуллаһ әл-Арнуси ислам дінінің дамуына ортаазиялық ғалымдардың, соның ішінде қазақстандық мұсылман ғалымдарының ертеден үлкен үлес қосып келе жатқандығына тоқталып, Әбу Наср әл-Фараби, Ибн Синаны атады. Сондай-ақ Египет те Қазақстанмен ертеден тарихи байланыста болғандығын, екі ел арасында ортақ құндылықтар бар екендігін, оған мысал ретінде Шам елдеріне есімі әйгілі Бейбарыс есімін келтірді. Қазіргі кезде екі ел арасындағы экономикалық, мәдени, ғылыми байланыстар одан әрі тереңдей, дами түскендігіне сенімін білдірді. Сөзін одан әрі жалғастыра отыра, Абдуллаһ әл-Арнуси мырза бүгін біздер қуаныштымыз, Египетте біраз қазақ жастары жоғары діни, дүниеауи оқу орындарында оқып жатыр. Қазақстанда “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университеті салынып, жұмыс істеуде. Оның өркендеуіне, сөйтіп осы өлкеде танымал оқу орнына айналғанына біз де ынталымыз. Сондықтан, оның әрі қарай жетіліп өркендеуіне не қажет болса, өзге де игі жобалардың ашылуына көмектесуге дайынбыз деген ойларын ортаға салды. Осы ретте Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет аталмыш университет тек екі елдің достығы мен ынтымақтастығының ғана символы емес, асыл дініміздің осы өлкеде өркендеуінің де басты қайнар көзі. Оның ТМД елдерінде теңдесі жоқ, әрі Қазақстанға бүгінде өте мұқтаж болып отырған имам-хатибтер дайындап жатқандығын айта келіп, көмектеріңізге Алла разы болсын деді. Сонымен бірге Дінбасы ол оқу орнының қалыпты жұмыс атқаруына үлкен үлесін қосып отырған аталмыш университет ректоры профессор, академик Махмуд Фаһми Хижази мырзаға мәртебелі қонақтар алдында алғыс айтты. Діни мәселелерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен “Нұр-Мүбарак” университеті әрдайым бірлесіп шешуде, біздерде түсінбестік жоқ деп көрсетті. Елші өз кезегінде Қазақстан Дінбасына «Нұр-Мүбәрәк» универ-ситеті жаңа корпусының құрылысы 2010 жылы толығымен салынып бітетінін хабарлады. Әбсаттар қажы Дербісәлі Каир қаласында 2009 жылы 6-наурызда Египет Араб Республикасы уақыфтар министрлігінің ұйымдастыруымен жылда өтетін дәстүрлі халықаралық ислам конференциясына биыл да Қазақстан делегациясын бастап баратынын, баяндама жасайтынын қаперге салды. Сұхбат барысында Мысыр мен Қазақстан арасындағы тарихи достық байланыстарды жандандырып, биік белеске көтеру мәселесі қозғалды. Кездесу барысында Қасиетті Ораза айында, Қадір түніне Қазақстандағы үлкен мешіттерде тарауих намазын өткізіп, хатым түсіру үшін екі қариды жіберу төңірегінде де ұсыныс жасалды. Тараптар ол қарилардың келуі жергілікті жердің діни мамандарымен тәжірибе алмасуында да пайдалы болар еді деген ой-пікірлерін ортаға салды. Бас мүфти хазірет Абдулла әл-Арнуси мырзаға «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі кітапты сыйға тартты. ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.