Таяуда Қызылорда қаласында жергілікті жұртшылыққа діни-психологиялық және құқықтық тұрғыда кеңес беретін орталық тұсауын кесті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өмірге келген орталыққа қазірдің өзінде келушілер аз емес көрінеді. Бүгінгі қоғамда ел арасында түрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кеткендер жетерлік. Болашағы бұлыңғыр ағымдар адамдар санасын түрлі жолдармен жаулап жүр. Тіпті ағымдардың арбауына түсіп қалған кейбір отбасылар дүние-мүлкінен көз жазып, психологиялық ауытқуларға ұшырайды. Орталық мамандары осындай орны толмас олқылықтарға жол бермеу мақсатында жұмыс істейді. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі ақпараттық қызметті ұйымдастыру» әлеуметтік жоба аясында жұмыс істейтін орталық алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқаруды көздейді. Орталықта арнайы мамандар қызмет жасайды. Олардың қатарында психолог, құқықтанушы және дінтанушылар бар. Бұл орын әр аптаның сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндерінде өз келушілерін қабылдайды. Тұрар ӘБУОВ, діни-психологиялық және құқықтық кеңес беру орталығының жетекшісі: – Еліміздегі діни бірлестіктер өз жұмыстарын 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» заңының аясында жүргізіп келе жатқаны белгілі. Алайда заң аясынан шығып жүрген кейбір секталар қоғамның алаңдаушылығын тудырып жүр. Орталықтың тұсау кесуіне себепкер болған жайлардың бірі – осы. Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда. "Алаш айнасы" газеті.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.