[13.08.2009.] Мектептерге дінтану сабағының енгізілуі түрлі пікір қалыптастырып отыр
18:16
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі мектептерде жаңа пәндер оқытылатынын бұдан бұрын хабарлағанбыз. Мысалы, дінтану сабағы енгізілмек. Мақсат – оқушылардың дін туралы саяси, мәдени білімін қалыптастыру. Сондай-ақ, оқушылар енді көлік жүргізуге де машықтанып, тіпті орта мектепті тәмамдаған соң, жүргізушілік куәлігін де алып шығады. Жеткіншектердің қаржылық сауатын ашуға да талпыныс жасалуда. Тілшіміз Асқар Махмұтұлы осылардың арасында “Дінтану” қалай оқытылады?” деген сауалға жауап іздеп көрді. Бұл “Дінтану негіздері” факультативтік сабағы балалардың діни сауатын ашу мақсатында енгізілді. Себебі, елімізде мысықтілеу миссионерлер мен сан түрлі секталардың қаптап кеткені мәлім. Ал діни сауаты жоқ жастарды өз дегеніңе иіп әкету - оп-оңай. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мектептер бұл бағытта сабақ жүргізуге толық дайын деп есептейді. Ал пән тоғызыншы сыныптағыларға оқытылады.
Серік Ерсәлиев, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Стратегия және даму департаментінің директоры: - Қазақстаның 300-ден астам мектебінде бұндай пәндер оқушылардың қалауы бойынша бұрыннан оқытылып келеді. Дінтану сабағы бірқатар мектептерде бұрын да болды. Қажетті базасы бар. Оқу-әдістемелік кешені дайындалған. Сондықтан оны өзге мектептерге енгізу қиындық туғызбайды.
Әйтсе де, білім саласының сарапшылары мүлдем басқа пікірде. Олар шенеуніктер тарапынан тағы да асығыс қадам жасалды деп пайымдайды.
Ирина Гончарова, сарапшы: - Бұған дайындық жұмыстары өте аз жасалды, тіпті жоқ десе де болады. Шын мәнінде балалар үшін пайдалы нәрседен тағы да зиян шегіп, сауатсыз оқушылар дайындап шығаруымызө мүмкін. Қоры жоқ пәндер, әдеттегідей мектеп әкімшілігі үшін проблема тударады. Себебі бізде әлі ешқандай база жоқ.
Мектептерге дінтану сабағының енгізілуі түрлі пікір қалыптастырып отыр. Діндарлар халқының 70 пайызы мұсылман болып табылатын біздің елде тек бір діннің ғана тарихы оқытылуы тиіс, өйткені түрлі ағымды оқу балаларды адастырады деген пікір бар. Ал мектеп ұстаздары бұнда қандай да бір дін насихатталмайды, олар туралы тек жалпы мәліметтер ғана қамтылады деп түсіндіруде.
Роза Тоқсанбайқызы, Алматы қаласы №161 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі бойынша орынбасары: - Дінтану сабағын енгізу - өте дұрыс. Әсіресе қазіргі кезеңде. Бірақ ойланатын мәселе – сабақты кімдер жүргізеді?
Зайырлы мемлекет дін ісіне араласпайды. «Қазақстан небір діни қозғалыстардың қоқысына айналуға тиіс емес» деген сөзді Елбасы да айтқан еді. Сондықтан дінтануды оқушыларға аса байыптылықпен оқытқан абзал. Асқар Махмұтұлы. http://kaz.ktk.kz
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.