[13.08.2009.] Қарағанды облысының Шет ауданында жаңа мешіт ашылды
22:49
Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған делегация Қарағанды облысының Шет ауданындағы Еркіндік ауылында жаңадан бой көтерген Алла үйін ашу үшін осында арнайы келді. Дінбасы өз сөзінде атап өткеніндей бұл өңірге оның бірінші рет келуі. Ал Қарағанды қаласынан 170 шақырым жерде жатқан Еркіндік ауылының тұрғындары үшін мұндай құрметті қонақты, бүкіл Қазақстан мұсылмандарының басшысын көзбе-көз көріп, сөзін тыңдауы бірінші рет еді. Жаңа мешітті ашу рәсімі Алла тағаланың кәләмі Қасиетті Құран оқудан басталды. Алғашқы сөз алған Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет тәуелсіздік алған 18 жылда еліміздің дін саласында атқарылып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Дінбасы өз сөзінде: «Егемендік алған сонау 90-шы жылдары елімізде бар-жоғы 68 мешіт болса, мына бүгінгі ашылып отырған Алла үйімен қосқанда олардың саны 2300-ден асты. Кейінгі жылдары Астанада, Ақтауда, Атырауда, Оралда, Ақтөбеде, Қызылордада зәулім де сәнді мешіттер бой көтерді. Әлі де салына бермек. Мұның барлығы да халқымыздың имандылыққа бет бұрып келе жатқанын көрсетеді. Осындай мамыражай заманның орнауы, туған еліміздің гүлденуі әрине Елбасымыз Н. Назарбаевтың арқасы», - деді. «Бір айта кетерлігі, жаңа мешітті салған осы ауылда көп жыл басшы болған Тұрсын Мұқашұлының балалары екен. Кеңес дәуірінде ауылдағы тынымсыз еңбегі үшін екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Тұрсын ақсақал балаларына дұрыс тәрбие беріп, имандылық жолына салып кеткен екен», - деді мүфти хазірет өз сөзінде. Жаңа мешіттің лентасы қиылып, Дінбасы бастаған жамағат мешітке кіріп сәлем намазын оқыды. Ғибадаттан соң Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет аруақтарға Құран бағыштап, жиналған жұртқа ақ батасын берді. Салтанатқа Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әбдікеров Рысқали, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Ағадыр ауданының атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Медиев Қасымбек, Астана қаласының бас имамы Қалижан қажы Заңқоев, ҚМДБ-ның халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің меңгерушісі Нұржан Маханов, Қарағанды облысы бойынша өкіл имам Наурызбай қажы Өтпенов және басқа да дін, қоғам қайраткерлері қатысты. Сол күні Дінбасы Ақмола облысы, аудан орталығы Бурабайда жаңадан салынған мешіттің ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға келді. ҚМДБ
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.