[13.08.2009.] БУРАБАЙДЫҢ БАУРАЙЫНДА КӨК КҮМБЕЗДІ ЖАҢА МЕШІТ БОЙ КӨТЕРДІ
22:54
Көкшенің сұлу өңірі - Бурабайдың баурайында бой көтерген көк күмбезді жаңа мешіттің ашылу рәсіміне Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет арнайы келіп қатысып, салтанатқа жиналған барша жамағатты қуаныштарымен құттықтап, ақ батасын берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіретті Щучинск қаласында ашылатын жаңа мешіттің рәсіміне келген сапарында аудан шекарасында Ақмола облысының әкімі Альберт Рау қарсы алып, ыстық ықылас танытты. Аудандық әкімдікте болған емен-жарқын әңгіме барысында олар еліміздегі діни ахуал жайлы ой бөлісіп, пікір алысты. Өңір басшысы еліміздің мұсылмандар діни басқармасының ұлтаралық және дінаралық түсіністікті нығайтудағы қызметіне жақсы баға берді. Ислам діні - бейбітшілік діні ретінде ортақ Отанымыз - Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың бір мүдде жолында өмір сүріп, өздерінің ұлттық және діни құндылықтарын жаңғырту ісіне мол үлес қосып отырғаны жан-жақты әңгіме өзегіне айналды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет өзін жылы қарсы алған Ақмола облысының әкімі А.П.Рауға зор ризашылығын білдіріп, осы өңірде ислам дінінің өсіп-өркендеуіне жан-жақты қамқорлық көрсетіп отырғанын атап өтті. Бүгінде еліміздегі бірден-бір туризм саласының ошағы - Бурабайдың баурайында еңселі мешіттің салынып, пайдалануға берілуі осындай түсіністік пен ынтымақтың жемісі. Өйткені, мешіт үйінің салынуы да тым ұзаққа созылғаны анық. Атап айтсақ, осыдан 23 жыл бұрын қазығы қағылған мешіттің сексенінші жылдардың аяғында қабырғасы қаланып, еңсе көтерген еді. Ал, одан кейінгі жылдары ел аспанын тұмшалаған әртүрлі қиындықтар салдарынан бұл діни ғибадат орнының құрылысы тоқырап, «сақалды» құрылысқа айналған-ды. Тек, осыдан бірер жыл бұрын ғана аталған аудан басшылығына келген Болат Ақанов деген азамат мешіттің қаңтарулы құрылысын алға жылжытуға мол үлесін қосты. Ол осы өңірдегі кәсіпкерлердің басын қосып, соның арқасында жаңа мешіттің құрылысы алға басты. Бұл ретте «Азия-Ақмола», «Астана-кен», «Есіл-агро» сияқты кәсіпорындардың қаржылай қолдау білдіргенін де атап өткен жөн. Ал, осы игі істі жеріне жеткізіп, соңғы нүктесін қойған аудан әкімі В.Балахонцев пен аудан имамы Т.Шарипов. Осы әңгімені естіген Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет: «Кім бұл дүниеде Аллаһ разылығы үшін мешіт салдырса, оған Ұлы Жаратушы жәннаттан сарай салып береді» деген хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың хадисін даналық ретінде жұрт есіне салды. «Біз әркез Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өнегелі ісін үлгі етеміз. Мысалы, Қазақстанның Елордасын былай қойып, оның түкпір-түкпірінде көк күмбезді мешіттердің көптеп салынуына Мемлекет басшысының ықпалы мол. Ендеше, жергілікті әкімдер де осы өнегелі істі өз қал-қадірлерінше жалғастыра берсе нұр үстіне нұр болар еді», - деді Дінбасы. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі облыс әкімі Альберт Раумен Көкшетау қаласында болашақта салынатын жаңа мешіт жайлы да ой бөлісті. Бұл жолы Дінбасына әкім жаңа мешіттің жоба-сұлбасын көрсетіп, оған қаланың орталығынан арнайы жер бөлінгенін жеткізді. Облыс әкімі А.П.Рау қазір бұл мешітті салу жөнінде арнайы қор құрылып, қаржы көзі іздестіріліп жатқанын және хан Абылайдың ақ ордасы болған Көкше жерінде осы заманғы мешіттің салынуына өз тарапынан қамқорлық танытып, бұл мәселені назарда ұстайтынын айтты. Осылай Дінбасы мен әкім жылы пікір алысқасын, Щучинск қаласындағы жаңа мешіттің алқызыл лентасын қиып, ашылу рәсіміне қатысты. Бурабайдың сұлу табиғаты да жаңа қырынан жасанып, көк күмбезді ақ шаңқан мешіт те оның сұлулығын көріктендіргендей болып көрінді. Алыс-жақыннан ағылған ағайын мешіт ауласы мен маңын толтырып, адамдардың көптігінен ине шаншар жер де болмай қалды. Көкше жұрты үшін бұл айтулы оқиға. Осы шара Дінбасы шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің қатысуымен де шырайлана түскендей болды. Сонымен бірге, Ақмола облысының әкімі А.П.Рау, Көкшетау қаласы мен Щучье ауданының әкімдері Б.Сапаров пен В.Балахонцев, Ресейдің Азия бөлігі бойынша Мүфтиінің орынбасары Ә.Жүнісов және көрші Омбы, Түмен облыстарының дін басшылары осындай қуанышты оқиғаның куәсі болды. - Ассаламуғалейкум, құрметті бауырлар! - деп, алғашқы сөз алған Дінбасы шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет жиналған жамағатқа құттықтауын жеткізді. - Көптен күткен осындай шуақты сәтке жеткізген Аллаға шүкір етейік! Біздер әлемдегі екі миллиард мұсылмандардың ең айтулы оқиғасы - қасиетті Рамазан айы қарсаңында жаңа мешіт ашып отырмыз. Қарап отырсақ, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елімізде небәрі алпыс сегіз-ақ мешіт болған екен. Оларды мешіт аты болғанымен, бірінің мұнарасы, екіншісінің күмбезі жоқ болатын. Ал, қазір еліміздегі мешіттердің саны 2300-ден асты. Осы жақсылықтардың барлығы еліміздегі татулық пен ауызбіршіліктің жемісі дер едім. Өйткені, біздің елімізге қызыға да, қызғана да қарайтындар көп. Астанада «Нұр-Астана» мешітін өз қаржысына салдырған Катар мемлекетінің әмірі Елордаға келген бір сапарында Қазақстанның Орта Азиядағы ең тұрақты, Ислам құндылықтарына ерекше ынта-ықылас танытып отырған ел тұрғысында ғана емес, кешегі күндері батыстың саясаткерлері исламға қара күйе жағып, оған экстремизмдердің неше атасын әкеп, қосақтап қойған шағында, исламның әлемге емес, әлемнің исламға мол қауіп төндіріп тұрғанын алғаш айтып, үн көтерген Н.Ә.Назарбаевқа деген құрмет екенін айтқаны есте. Олай болса, өзге жұрттың бәрі біздің ынтымағымызға сын көзбен қарайды. Демек, біз өз ішімізде тату-тәтті, бірлікте болуымыз керек, - деді Бас Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет. Дінбасы өзінің жақында Меккеде болғанында, осы елдің әмірі сый еткен қасиетті Құранды Щучинск қаласындағы жаңа мешітке тарту етті. Дінбасынан кейін сөз алған облыс әкімі А.П.Рау еліміздегі қол жеткен табыстардың барлығы халықтардың бірлігі арқасында болып отырғанын, қазақ хандарының ордасы болған киелі бұл мекенде қазір туризм де қарышты дамып, адамдардың да рухани жағынан жаңаруы, жасаруы жақсылықтың нышаны екенін өз сөзіне арқау етті. Өзінің сөзін «Иншалла» деп аяқтаған әкімнің бұл ғибратты ісін жиналған жұрт жылы қабылдады. Жаңа мешітің ашылу рәсімінде Ресейдің Азия бөлігі бойынша Бас мүфтидің орынбасары Ә.Жүнісов және Бурабай елінің жұртшылығы атынан ардагер Е.Әлмағамбетов те өздерінің құттықтау сөздерін арнады. Сөйтіп, Щучинск қаласының жұртшылығы Дінбасына өздерінің шынайы бір құрмет белгісі ретінде, сәйгүлік мінгізді. Хазірет сәйгүлікті Көкшетауда салынатын жаңа мешіт қорына қосқан үлесім болсын деп тілек айтты. Бас мүфидің жаңа мешіт қорына байлаған сыйлығын жұрт ыстық ықыласпен қабылдады. Дінбасы бастамасын жергілікті кәсіпкер азаматтар да қолдап, Алла жолында ештеңеден аянып қалмайды деген үміт баршаның көңіліне нұр себелегендей болды. Қазақстанға белгілі айтыскер ақын, дін жанашыры Арман Бердалиннің арнау жырынан кейін Бурабай баурайындағы жаңа мешіттің лентасын қию құрметіне Дінбасы шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет пен Ақмола облысының әкімі Альберт Рау ие болды. Осылайша қасиетті дін үйіне Дінбасымыз бастап барша жамағат оң аяқтарымен кіріп, екі бас сәлем намазын оқыды. Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі осы өңірде ел мүддесі жолында еңбек етіп, өмірден өткен адамдардың рухына Құран бағыштады. Одан кейін бесін намазы оқылып, уағыз айтылып, жиналған жұртқа ас берілді. Осы күні мешіттің ашылу салтанаты аяқталғасын Дінбасы шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіретті облыс әкімі А.П.Рау және облыс имамы Қ.Қыдырмин шығарып салды. Сол күні Дінбасы Астана арқылы ұшақпен Алматыға қайтып оралды. Дін - елді имандылыққа тәрбиелейтін үлкен құндылық екенін айтсақ, осындай мешіттердің де көптеп салынып, жамағатқа қызмет етуі қасиетті дініміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктететіні анық. Сондықтан, Бурабай төсіндегі Щучинск қаласының ең биік төбесінде орналасқан бұл киелі ғибадат орны болашақ ұрпағымыздың санасын имандылық нұрымен нұрландырып, рухани тәлім-тәрбиесін жаңа асуларға жеткізетініне сенім мол. http://muftyat.kz
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.