|
|
 | |  |
Негізгі бет » 2009 » Тамыз » 14 » [14.08.2009.] АЛМАТЫДА МЕДРЕСЕ АШЫЛДЫ
[14.08.2009.] АЛМАТЫДА МЕДРЕСЕ АШЫЛДЫ | 17:31 | Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жанынан республикада жетінші, ал оңтүстік астанада алғашқы медресе ашылды. Медресеге Исламдағы төрт мазһабтың ең бастысы – Имам Ағзам Әбу Ханифаның есімі беріліп отыр. Негізінен арнайы орта білімді жас имамдар дайындайтын оқу орнына республиканың түкпір-түкпірінен Құранның негіздерін жақсы меңгерген, намаз оқи білетін талапкерлер ауызша әңгімелесуден кейін қабылданбақ. Рас, бұрындары медресе ашпақ түгілі, бар мешітті қиратқан заман болды. Солай десек те, шүкір, Кеңес өкіметінің “құдай жоқ, дін апиын” деген тұсында да жайнамазымыз жиналмай, иманымызды жүрегімізде ұстап келген ел едік. Енді егемендік алғаннан кейін дінге шынайы бет бұрып, мемлекетіміздің қолдауының арқасында ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарылғаны ақиқат. Соның бір дәлеліндей, осыдан жүз жылдай бұрын орталық мешіттің жанынан ашылып, 1930-1940 жылдары ғимараты бұзылған Искакия атындағы медресе қайта жанданып, орнына дәстүрді жалғастыру мақсатында республикалық медресе ашу мәселесі қолға алынды. Бір айта кетерлігі, бұл ғимарат 1950 жылдары салынған бұрынғы діни басқарманың бас кеңсесі екен. ҚМДБ жаңа кеңсе салынған соң оны өз қаржыларына қазіргі заманға сай жөндеуден өткізген. Медресе – діни арнайы орта білім беретін оқу орны. Осындай алты медресенің еліміздің батыс өңірінде, Ақтөбе қаласында, оңтүстік және солтүстік аймақтарда ашылуы халықтың дәстүрлі дінге деген сұранысын өтеуден, діни білімін жетілдіру мақсатынан туындаса керек.  – Жалпы діни істерді дұрыс жүргізетін имамдар, дін мамандары,– деді салтанатты жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. – 2001 жылы мемлекеттің көмегінің арқасында “Нұр-Мүбәрак” университетін аштық. Онда жыл сайын 30-40 имам оқу бітіріп шығып жатыр. Олар еліміздің әр облыстарына барғанмен, ол өте аз, республика үшін теңізге құйған тамшыдай. Сондықтан медреселер қатарын көбейтіп отырғанымыз, осы мәселелерді шешудің бірден бір жолы. Рас, бұрын біз кадрларды, яғни имамдарды Пәкстан, Өзбекстан, Иран және тағы басқа шет мемлекеттерде дайындататынбыз. Қазір шетелдерге жіберудің қажеті жоқ. Өйткені, өзіміздің азаматтарымыз да дәріс беруге дайын. Олар өзіміздің діни мәзһабымыз бойынша дайындалған азаматтар. Әрине, медресені үздік бітірсе, әрі қарай жоғары білім алу үшін “Нұр-Мүбәрак” университетіне түседі. Ал университетті үздік бітірсе, Каирға барып магистратураға, докторантураға түсе алады. Сондай-ақ, төраға елімізде діни бағыттағы атқарылып жатқан игі шараларға, оларға мемлекет тарапынан көрсетіп отырған қолдауға, нақты көмекке тоқтала кетті. Мәселен, өткен жылы елордада Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен әрі қаржылай көмегімен медресе салынса, Ақтөбеде ашылған “Нұр-ғасыр” мешіті мен оның жанынан салынған медресенің ашылуына Қазақстан мен Ресей Федерациясының басшыларының қатысуын мақтаныш сезіммен жеткізді. Медресенің ашылу салтанатында сөз алған Алматы қаласының әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов шаһар әкімдігі ҚМДБ және Алматы қаласы орталық мешітімен тығыз қарым-қатынаста екенін айта келіп, барлық мұсылман қауымын жаңа медресенің ашылуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Парламент Сенатының депутаты, ҚМДБ жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі, академик Ғарифолла Есім жиналған қауымды алдағы Рамазан айымен, оның қарсаңында ашылып отырған медресенің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, “Президент және халық” газетінің редакторы, белгілі қаламгер, ҚМДБ жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі Марат Тоқашбаев ауылдық мешіттердегі арнаулы діни білімсіз молдалардың әлі барын тілге тиек ете келіп, діни басқарманың осындай арнайы орта білім беретін медреселер, жоғары оқу орындарын ашуы халықтың игілігіне қызмет жасайтынын айтса, т.б. дін жанашырлары бұл оқиғаның ерекше жаңалық, қуанышты оқиға екенін атап өтті. Жиын соңында жиынға қатысушылар оқу орнының ішін аралап көріп, ондағы кітапхана, асхана, жатын бөлмелермен танысты. Медресе Алматының орталық мешітіне келуші жамағаттың қайырымдылық қаржысына жұмыс істемек. Оқу мерзімі 2 жыл 10 ай. Авторы: Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. http://www.egemen.kz
|
|
|
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.
© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
|
|
|
|