Өткен сенбіде орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде 100 бала сүндеттелді. Бұл шара жайлы алдын ала жұма намаздардағы насихаттардан құлағдар болған көпшілік өз балаларына мұсылмандықтың алғашқы жолын Алланың ақ үйінде жасауды қуана құптаған. - Бұндай жоба Ақтөбе қалалық ер балалар пансионатында бірнеше жылдан бері үрдіс боп келеді. Біздің мешітте алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға балаларын әкелуге ниет еткен ата-аналар көп болды. Ислам шариғатына сай, дінімізге сай 100 баланы бір күнде мешітте сүндеттеуге арнайы Шымкенттен хирург маман келді. Сүндетке отыратын әр баладан 2000 теңгеден ақша жиналды. Ол қаражат мешіт үшін емес, ақ халатты мамандардың жол-пұлына жұмсалады. Өз мешітіміздің қаржысынан балалардың әрқайсысына сүндет киімі мен тақиялар тіктірілді. Сонымен қоса «Намаз оқып үйренейік» атты кітапты естелікке беріп отырмыз,- дейді «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметінің маманы Асқар Жұбаназаров. Сүндетке отырғызылғандардың арасында 1,5 жасар балалар да кездесті. Хирург мамандар ол балғындардың денесінде аллергиялық аурулар болмаса, еш қауіп болмайтынын айтты. Мұсылмандық ережесіне сай сүндетке отырғызылған 100 баланың ата-аналары осындай жобаны іске асырып отырғандарға зор алғысын білдірді. www.aktobegazeti.kz
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.