Жұртшылық қызыға тамашалайтын елімізге атышулы «Шаншар» әзіл-оспақ театрының «Ақтырна» деп аталатын көрінісін бәріңіз де көрген боларсыздар. Қата-рындағы қыздарын «аққуға», ұлдарын «сұңқарға» балайтын қазіргі «Ата жолы», «Ақ жол» секталарының тірлігін әртістер әзіл-қалжыңмен болса да, жер-жебіріне жеткізе ашып көрсеткен. Өкінішке орай, дәл сондағы «Ақтырнадай» арамза әрекеттерімен аңқау елді дегеніне көндіріп, ойына келгенін істетіп жүрген адамдар шынайы өмірде де бар екен. Жуырда ғана көзіммен көрген оқиғадан кейін «Шаншардың» «Ақтырнасы» мен қазіргі күні әулие аралап жүрген «аққу-сұңқарлардың» бір-бірінен бәлендей айырмашылығы жоқ екенін аңғардым. Орал қаласы мен Сырым ауданының орталығы Жымпиты селосын жалғап жатқан күре жолдың бойында Дәдем атаның жатқан зираты бар. Бұл кісі сонау 18 ғасырда өмір сүрген, үш рет қажылыққа барған, кейін сынықшы болып, кісі емдеп, заманының құрметіне бөленген адам екен. Оның жатқан қабірінің басынан кейін мөлдір бұлақ шығыпты. Бүгінде сол жерге ауруына шипа тілеген сырқат жандар барып түнейді. Бұның Шариғатқа сәйкес не сәйкес еместігін қайдам, оның басына арнайы келген адамдар түнейтін үй де тұрғызып қойған. Жуырда біз 4-5 адам болып, Дәдем атаның басына жолымыз түсті. Мақсатымыз - түнеу емес, зиярат ету. Кезінде қаншама жанды ауруынан сауықтырған бабамыздың әруағына арнап дұға оқысақ деген ниетпен, жолай өтіп бара жатып соққан бетіміз еді. Мұнда бізден басқа тағы бірнеше кісі келген екен. Бір кезде «Газель» көлігімен әйел-еркегі аралас жиырмаға тарта адам зират басына тоқтап, опыр-топыр түсе қалды. Бұларды жасы елулерді алқымдаған, қараторы өңді бір қартаң әйел бастап жүр екен. Әп дегеннен олардың әулие аралауға шыққан «ақжолдықтар» екенін аңғардым. Не керек, әлгі қартаң әйелдің келуімен зират басындағы тыныштық күрт өзгерді. Ол осы жердегі өзге адамдардан біресе қонуға арналған үйді, біресе бұлақтың суын қызғана бастады. Бұл ара өзінің басыбайлы мекеніндей, басқалардың келгеніне наразы болып, шыж-быж етеді. Әсіресе, менің қыр соңымнан қалмай, артымнан түртпектеумен болды. Зираттың басында екенімізден ғана сабыр сақтауға тырыстым. Кейін білуім бойынша, ол мені де адамдарды бастап келген өзі секілді біреу деп ойлап қалыпты. Сөйтіп, жоқ жерден «конкуренция» табылғанына іші күйген екен ғой. Біз: «Апа, бұныңыз не, сізге біреу бірдеме деп жатыр ма? Өз жөніңізбен жүрсеңізші»,- десек, ол: «Сен, маған бұлай деп сөйлеме! Мен әруағы бар әулие адаммын. Сен, «Надежданы» оқыдың ба? (Бұл айтқаны жергілікті орыстілді газет) Сонда мен туралы жазылған. Оқымасаң, оқы! Сонда менің кім екенімді білесің!»- деп доқ көрсетіп қояды. Оған еріп келген жиырма шақты адам әлгінің дегенін істеп, «ғибадаттарын» мүлтіксіз орындап жүр. Қайтсін, сырқатының жазылуы үшін, мына кісінің «молдалығы» көмектесіп қалар деп, көніп жүрген қарапайым ауыл адамдары ғой. Алайда, мұның бәрі ештеңе емес, бір кезде адам сенбестей бір жағдай орын алды. Зират басынан әріректе бұл кісілер өздерімен әкелген қойларын сойып жатқан. Бір қарасақ, жаңа сойылған қойдың терісін үстіне жамылып алған тырдай жалаңаш ер адам түнейтін үйге қарай тәлтіректеп жүгіріп келе жатыр. Бұл жерде әйелдер жүр деп қымсынар емес. Сол қалпында үйге кіріп кетті. Сұрастыра келсек, бұл әлгінде өздерін бәрін бастап келген әйелдің өзіндік «емдеу әдісі» екен. Еріксіз жағамызды ұстадық та қалдық. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Біраздан соң мен араларындағы бір әйелді сөзге тарттым: - Мына кісіге не себепті еріп келдіңдер?- десем, ол: - Бұның мінезінің мұнша қадірсіз екенін білмеуші едік, өзіміз де таң қалып жатырмыз. Біз: «Дәдем атаның басына түнейміз» деген соң ғана келгенбіз,- дейді. Осы келіншектен әлгі әйелдің аты «Оля» екенін білдім. Сонда ғана мен оны бұған дейін де көргендігім есіме түсті. Бағанадан бері бұл «емшінің» жүзін шырамытып, қайдан көргенімді есіме түсіре алмай жүр едім. ...Осыдан бірнеше жыл бұрын базарда алма сатушы едім. Сол кезде қасымда осы Оля апай да алма сатып, сауда істеді. Шын аты кім екенін білмеймін, әйтеуір, аты Оля болғанымен, заты қазақ. Базарда тұрған кезде де оның мінезі шатақ болатын. Айналасындағы саудагерлермен сыйыспай, айдың-күннің аманында ұрыс шығарып тұратын. Маған талай рет: - Алманы өлшегенде, 200 граммнан таразыдан қақ. Қақпасаң, өзіңе ешқандай табыс болмайды. Орныңа төлейтінің бар, басқа бар. Ұр 200 грамнан,- деп қалш-қалш еткені есімде. Бірақ, оның бұл «ақылын» орындауға менің арым жібермеді. Міне, сөйткен саудагер Олямның бүгін қалың жұртты соңынан ертіп, әулие аралатып, «емші» болып жүргенін көргенде, басымды шайқап отырдым да қалдым. Қасына еріп келген адамдардың айтуынша, олар әрқайсысы Дәдем атаның басына түнеп, «емделу» үшін екі жарым мың теңгеден жинаған. Сол үшін Оля апам оларды «Газельге» тиеп апарып, зират басына бір күн түнетеді екен. Бар «шипасы» осы ғана! Міне, осы бір оқиғадан кейін еліміздегі «аққулар» мен «сұңқарлардың» қайда самғап бара жатқанын пайымдай беріңіз. «Шаншардың» «Ақтырнасына» қара да - Оля апама қара! Халықтың әлі де соқыр сенімнен бойларын аулақ сала алмай жүргеніне налисың. Бір жағынан, жергілікті тұрғындар арасында Оля секілді кісілерге еріккеннен емес, ауруына дауа болып қалар ма деп амалсыз еріп жүргендер қаншама. Ал адамдарды алдып-арбап, «Сенің әруағың бар», «Сені әруақтар шақырып жатыр», «Әулие араламасаң, ауруыңнан жазылмайсың» деп сендіріп, оларды отқа да, суға да салған Оля апайлардың көздегені - пайдакүнемдік екені бесенеден белгілі. Басқа дәнеңе жоқ. Ел арасында қазіргі «Ата жолы», «Ақ жол» деген секталардың жолын қию үшін нақты шаралар қабылданса екен деймін. Халық оларға әлі де көптеп еріп жүр. Газет-журналдар, әсіресе, теле-арналар мұндай ағымның іс-әрекетін әшкере етіп, көбірек ақпарат берсе, жақсы болар еді. Елдің, әсіресе, жастардың санасы оянуы керек. Әйтпесе, бұл дінімізге де, мемлекетімізге де, ертеңгі ұрпақ үшін де қауіпті құбылыс. Д.НЫҒМЕТҚЫЗЫ, Орал қаласы. http://muftyat.kz
Дурыс айтасыз, бул сектага менин кайн журтымнын уй-иши кирип кетти, енди аелим мени угиттеп жур, клай кутыламыз халайык????? омир не болып бара жатыр, Казахстаннын мусылмандарынын басшылары неге токтатуга ат салыспайды????
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.