[22.08.2009.] Біздің кез келген теріс пиғылды дүниелерді елімізге енгізіп алғаннан кейін тыйым салуымыз ненің белгісі? - 22 Августа 2009 - Бала-Бүргемге қош келдіңіз
Негізгі бет » 2009 » Тамыз » 22 » [22.08.2009.] Біздің кез келген теріс пиғылды дүниелерді елімізге енгізіп алғаннан кейін тыйым салуымыз ненің белгісі?
[22.08.2009.] Біздің кез келген теріс пиғылды дүниелерді елімізге енгізіп алғаннан кейін тыйым салуымыз ненің белгісі?
23:51
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын: – Мұның себебін, ең біріншіден, мен біздің ұлт ретінде әлсіреп, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасымыздың өзгергендігінен деп білемін. Екіншіден, идеологиямызға салғырт қараудан дер едім. Кезінде біз экономикамызды, сол арқылы материалдық жағдайымызды түзеп алайық деп рухани кеңістігімізді қорғансыз қалдырдық. Қай салаға болсын қаржы салам деп келген елдердің, не болмаса қалтасы қалың, қарны жуан байлардың меселін қайтармай, қайта арқасынан қағып, бергенін алдық. Соның кесірінен діни секталар да қаптады. Мен түрлі облыстарда болғанда, тіпті бір отбасы мүшелерінің бірнеше сектаға кіріп кетіп, бір дастарқан басында бірге тамақ ішпейтінін көріп, жағамды ұстадым. Содан соң ар-ұяттан жұрдай кинолар мен бағдарламалар, қазақы менталитетімізге жат нәрселерді тықпалайтын психологиялық кітаптар, айта берсек, рухымызды әлсіретуге бағытталған теріс пиғылдағы дүниелер өте көп. Не керек, нарық келді де, адамдардың бойындағы көптеген асыл қасиеттер жойылып, құндылықтың ең үлкені ақша секілді болып қалды. Қорыта айтқанда, барлығының болары болып, бояуы сіңіп алғаннан кейін қолымызды мезгілінен кеш сермеуіміздің сыры – ұлттық иммунитетіміздің әбден әлсірегендігінен.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заңгер: – Теріс пиғылдағы, ұлтаралық араздықты қоздыратын дүниелер кейінгі кезде көбейіп кетті. Оның себебі тәуелсіздікті алған алғашқы жылдары бізде ешқандай тәжірибе болған жоқ. Біз қайдан, кімнен қандай қауіп төнетінін ол кезде білген де жоқпыз. Сондықтан бейқам қарадық, тіпті сырттан еніп жатқан дүниелерге еш мән бермедік те. Содан олар алдымен мәдени сипатта қарапайым халықтың сеніміне кіріп алды да, кейін күшіне енгендігі сонша, ұлтаралық, дінаралық жіктерге бөліп, солайша мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіре бастады. Біз өзіміздің қай жерден қателік жібергендігімізді сонда бір-ақ білдік. «Ештен кеш жақсы» деп, қазір енді ресми түрде елімізде ондай жат пиғылдағы дүниелерді таратуға тыйым салып, шектеу қойды. Оның нақты тізімі баспасөзде жарияланды да. Бұдан былай сол тізімдегі дүниелер кеден арқылы да, басқа жолдар арқылы да шектеледі. Енді оны халыққа жайлап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.
Сайдулла ҚОЖАБАЕВ, кәсіпкер: – Біріншіден, болмысымыз қазақ болған соң, барлық нәрсеге бейжай қараймыз. Және өзгенің «қаңсығын» таңсық көріп тұратынымыз да жасырын емес. Енді ғана ненің жақсы, ненің жаман екендігін біліп жатырмыз ғой, ал бірақ осыған дейін де қаншама нәрсе бүлініп үлгерді. Мәселен, мен тұратын кіп-кішкентай Кентаудың өзінде қаншама ағымдар қаптап кетті. Одан «желілік бизнеспен» айналысатындар да қалысар емес. Неге оларды да айтып отырмын? Себебі түрлі психологиялық кітаптар мен дискілерді тарататын, сол арқылы ақшаны сүюдің, адамның іші-бауырына кірудің жолдарын желілік бизнеспен айналысатын саудагерсымақтар аямай тоғытып жатыр. Одан кісі өлтіру, алаяқтық, ақша үшін ағайын-туысты да алдап кету, біреудің құжатымен несие алу, оны қайтармай «лақтырып» кету дегеннің бәрі қазақтың бойына сырттан енген. Кеш те болса арнайы заң қабылдап, құзырлы органдарды соған жұмылдырсақ, көп қауіптің алдын алуға мүмкіндік туар еді. "Алаш айнасы".
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.