[25.08.2009.] «Бұл мектепке биік өкшемен кіргізбейді»
21:08
Мұндай мектеп елімізде екеу-ақ екен. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сыннан нәтиже шығарылып жатса, нұр үстіне нұр. Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде Шымкенттегі №63-ші мектептегі жөндеу жұмыстарына байланысты аздаған сын айтылған еді. Мақала «Бұл мектепке биік өкшемен кіргізбейді» деген тақырыппен жарық көрген болатын. Біз өткен аптада сол мектепке барып, жазылған жайдан шыққан қорытындымен танысып қайттық. Мектептің мұғалімдер ұжымы аз уақыттың ішінде жөндеу жұмыстарын сапалы түрде аяқтап үлгеріпті. Қалалық оқу бөлімі, әкімшілік, «Нұр Отан» партиясының мүшелері мектеп дайындығын көріп, жақсы баға беріп кетіпті. «Осының барлығы мұғалімдердің арқасы, менің оларға рахметтен басқа айтарым жоқ, – дейді мектеп директоры Күлзада Молдабекова. – Бір есіктің үлкен, екіншісінің кішкентай болып шығуына байланысты үш реттен базарға барған кездері болды. Сырлаған да, линолеумды төсеген де өздері. Комиссия көптеген мектепті оқу жылына дайын емес деп шешкенде біздің жұмысымызға жоғары баға бергені ұжым ұйымшылдығының арқасы. Облыстық білім басқармасының 2006-шы жылғы бұйрығымен мектеп облыстағы бірінші ғылыми-практикалық, этнопедагогикалық тірек мектебі болып бекітілді. Мұндай мектеп тек Алматыда ғана бар. Алдағы жылдары аймақтарда ұлттық мектеп моделін жасауға көмектесуіміз керек. Мақсатымыз – оқушыларымызды өзінің қазақ екенін мақтан тұтатындай дәрежеде тәрбиелеу. Сондықтан мұғалімдер барлық сабақты халықтық педагогикамен байланыстырып өтеді. Оның жемісін де көріп отырмыз. Осыдан 6 жыл бұрын мектептің 14 оқушысы полицияда «қиын балалар» тізімінде тұратын, қазір ол тізімнен бір оқушымызды да таппайсыз. Мектеп ғимараты осыдан 50 жылдай бұрын тұрғын үйге арналып салынған. 9 жылдық болса да қазір сынып бөлмелері жетіспейтіні рас. Соған қарамастан жоқтан бар жасап, жаманды жақсы қылып отырған жайымыз бар. Мұғалімдер жыл сайын өз ақшаларына едендегі линолеумды алмастырады. Сіздердің сындарыңыздан кейін шындығында биік өкше кигізбеуді қолға алғанымыз дұрыс па деген ой келді. Оның жас қыздардың денсаулығына кері әсер ететіні медицинада дәлелденген. Ендеше, қыздар биік өкше аяқ киім кимесе тіпті дұрыс болады. Бұл, біріншіден, денсаулыққа пайдалы, екіншіден, линолеумды жыл сайын алмастырмайтын боламыз». Күлзада Зиятқызы бізге мектепті аралатып көрсетті. Барлық бөлмелер ұлттық нақышта безендірілгенін көрдік. Бір қуанышты жайт, мектеп қасынан қосымша ғимарат салу мәселесіне жоғарыдағылар түсіністікпен қараған. Егер бұл ұсыныс өз шешімін тапса алдағы жылдары аталмыш мектепте сынып бөлмелерінің жетіспеушілігі де өз шешімін табатын секілді. "Замана" газеті.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.