Облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында республикалық «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаммеджан Тазабеков жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. Жүздесуде ол елімізде тұңғыш рет Ислам діні ерекшелігі мен имандылық жайында хабар тарататын телеарнаның алдағы мақсаттарына тоқталды. Бұл телеарна Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қолдауымен және басшылығымен 2007 жылы қыркүйек айында құрылды. Ол исламның ақиқи қағидаларын насихаттау және Қазақстан мұсылмандарының береке-бірлігін арттыру мақсатында өз жұмысын аталмыш басқармамен, басқа да құзырлы органдар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып жүргізу қажеттілігінен туындаған болатын. Телеарнаның мақсаты - бейбітшілік пен төзімділіктің, мейірім мен бірқұдайшыл сенімнің діні ретінде Исламның ақиқи қағидаттарын көрермендерге жеткізу, ұлттық және адамзатқа ортақ адамгершілік құндылықтарды, мұсылмандық ұстындарға сүйенген моральдық негіздерді насихаттау болып табылады. ТМД елдері арасындағы ислами бағыттағы тұңғыш телеарна бастапқы кезеңде өз өнімдерін «Alma TV» кабельді жүйесі арқылы Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағына таратады. Болашақта көрсетілімдерді Қазақстан Республикасының барлық аймақтарына тарату жоспарланған. Хабарлар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Таратылу уақыты тәулік бойына. Біздің облыс бойынша ислами хабарлар әдеттегідей «Қоғам ТВ» телеарнасы арқылы таратылады. Көрсетілімдер таңертең 2 сағат, кешке 1 сағат уақытты қамтиды. Бақтыбай БЕРДІБАЕВ, «Сыр бойы». Қызылорда қаласы. www.e-kyzylorda.kz
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.