Осыдан бес жыл бұрын халал асханалар, халал азық-түлік сататын дүкендер ілуде біреу болатын. Құдайға шүкір, жылдан-жылға олардың саны көбейіп келеді. Әйтсе де, халық халал стандарты туралы көп нәрсені біле бермейді. Тұтынатын тауардың сапалы болуы өз алдына, оның адал зат екені, халыққа адал қызмет көрсететіні мұның бәрі – халал стандартына тән нәрсе. Сонымен, халал стандарты дегеніміз не? Біз оны қандай белгілері арқылы ажырата аламыз? Осыған тереңірек тоқталып өтсек. «Халал» сөзі араб тілінен аударғанда (аl-һalal) рұқсат етілген деген мағынаны білдіреді. Аты айтып тұрғандай, бұл – мұсылмандар тұтына алатын тауар немесе мұсылман баласы жеуге болатын тағам. Халал стандартымен шығатын өнімдер ислам дінінің талаптарын қатаң сақтайды. Мысалы: • Мал және құс-тауық еттері алдын ала құран, намаз, дұға оқылып бауыздалады. Бұған шошқа еті кірмейді. • Халал шұжықтар арнайы қатырып мұздатылған емес, тек салқындатылған еттен жасалады. • Өндіріс орнынан ең соңғы сауда нүктесіне жеткізілгенге дейін халал өнімдер басқа өнімдермен араластырылмай, өз алдына бөлек жеткізіледі.
Халал өнімдерге қойылатын негізгі талаптар: құрамында химиялық қоспалар болмауы керек; тек табиғи таза компоненттерді ғана пайдалану керек; малды сойған кезде ереже қатаң сақталуы тиіс. Қазіргі таңда халал өнім шығаратын өндірістер әлемдік нарыққа батыл қадам басты. Олардың тұтынушылары тек мұсылман дінін ұстанатындармен шектеліп қалмады, жер бетіндегі тазалық сүйгіш барша халық өкілдері бүгінде халал тауарды сүйсіне сатып алады. Стандарттардың алғашқы үлгісі – киелі кітаптар, «Құран» мен «Библия». Халал – түбірін «Құраннан» алып тарататын халықаралық стандарттардың бір түрі. Есіңізде болсын, егер сатушы сізге халал деп тағам ұсынып тұрса, мынадай өрнектерге назар аударыңыз; МS 1500:2004 «НАLАL-ҒООD». Мемстандарт бұл стандартты осылай тіркеген. Тауар сипаттамасында мұндай жазу жоқ болса, тағам күмәнді. Бүгінде еліміз бойынша 100-ден астам мекеме өз өнімін «Халал» стандартына сай өндіреді. Олардың ішінде ет-май өндірістері, сүт, кондитер, нан, тоқаш комбинаттары, сондай-ақ балабақша мекемелері, спорт, сауықтыру орталықтары, клиникалар мен фармакологиялық мекемелер, тігін цехтары, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында халал стандартын енгізген 12 меншік иесі бар екен. Олардың бесеуі қоғамдық тамақтану орындары, төртеуі дүкен, екеуі кәсіпорын (сыр өнімдерін шығарушы «Кашар-Пейнир» мен құрылыс мекемесі) және бір мұсылман моншасы. Дәурен ӘБДІРАМАНОВ, Шымкент. www.alashainasy.kz
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.