[29.08.2009.] Қағазда екі жолақ шықса, ет халал емес
18:32
Қазір мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері де халал азық-түлік ала бастады. Оларды қанның етте қалып қоймай ағызылып бауыздалғаны, денсаулыққа зиянды қоспалардың болмағаны қызықтырады. Біз нарықтағы халал өндірісі үлесін анықтап білуге тырыстық. Бес жігіт күніне арнайы сүре оқып, әр тауықтың тамағына пышақ кезеген сайын «Бисмилләсін» айтып, күніне 30 мыңға жуық құс сояды. Бұл тауықтарға малдың қан-жынынан жасалған жем емес, таза дақылдар берілген. Сертификат беру үшін «Халал» техникалық комитеті осындай талаптар қойған. Шортанды ет комбинатының бас технологы «Халал мен халал еместі қатар қойсаң, алғашқының өтімділігі 70 пайызға жоғары» деген пікірде. Ел аумағында 12 дүкені бар «Апрель» супермаркеттер желісі арнайы куәлік алу үшін халал комитетіне өтініш түсіріпті. «Рахат» кондитерлік фабрикасы да халал сертификатын алуға қамданып отыр екен. Халал комитеттің мақұлдауынан өтсе, спирт пен тыйым салынған 71 түрлі қоспа қосылмаған конфеттер шығарады. «Халал» техникалық комитетінің төрағасы Марат қажы Сәрсенбаев «бірқатар кәсіпкерлер тақуалығынан емес, нарық талабы сондай болған соң халалға өтіп жатыр», – дейді. Қазақстанда шығарылатын еттің 30 пайызы, құс етінің 95 пайызы халал екен. Халалға сұраныс болғанымен, осы істі қолға алған шағын кәсіпорындар шаш-етектен табысқа кенеліп отыр деуге келмейді. Мәселен, Лейла Мұрсалованың кәсіпорны халал еттен манты, түшпара, жайма нан, хачапури, чебурек, хинкал әзірлейді. «Тапсырыс көп, күніне соның жартысын, 100 келісін әзірлеп үлгерсек, қуанамыз» дейді ол. Бес адам ғана жұмыс істейтін цехтың өркендеп кетуіне екі жыл бұрын алған несие кедергі болып отыр екен. Осы түшпаралар сатылатын дүкен үйлестірушісі Ұлтуар Мәмбетова «Рамазан айында сауда 60 пайызға артты» деп шүкіршілік етеді. Мұнда елімізде шығарылған шұжықтар мен ет өнімдерінің 50 шақты түрін көрдік. Ал өзге конфет, печенье, шай, сүт, май шығарушылар сертификат ала қоймағандықтан, құрамында құмырсқа қышқылы, глицерин, шарап тұнбасы тәрізді «Е» қоспалары жоқтары таңдалып алынған. Ислам ғұламалары осы қоспалардың 71 түрін денсаулыққа зиян деп таныған. Айта кетейік, кәдімгі «Сникерсте» Е-442 (аммоний тұздары фосфаты) қоспасы бар. Ірімшік тезірек ашу үшін мәйек ретінде доңыз асқазаны қолданылуы мүмкін. «Ерке» дүкенінің қожайыны Елдар Бадалов «3 жыл бұрын күніне 300-500 келі ет сататынбыз, қазір сауда 30-40 келіге, печенье-конфет саудасы 50 келіден 10 келіге дейін түсіп кетті» дейді. Кәсіпкер мұны халал дүкендердің көбеюімен байланыстырады. Қазақстандағы халал өндірісінде қанша қаржы жүргені белгісіз. «Халал» комитетінің төрағасы Марат қажы Сәрсенбаевтың айтуынша, мұндай есеп жүргізілмейді. Бүгінге дейін 362 кәсіпорын халал сертификатын алған. Оның 37-сі дүкен, 65-сі кафе, 86-сы ет шығаратын кәсіпорын екен. Қонақ үйлер мен демалыс орындарының саны 9 ғана. Алайда сұранысқа орай отельдер сәресі мен ауызашар бере бастаған. Мысалы «Интерконтинентальда» швед дастарханы түрінде жайылатын ауызашар құны 7500 теңге. «Астана» қонақ үйі менеджері 10-15-ке тарта қонақтың сәресіге тұратынын айтты. Асхана-мейрамханалар рамазан кезінде ауызашарға тапсырыс қабылдап, бір байып қалатын. Біз тілдескен «Тәтті», «Халал» кафелеріне осы оразада әзірге тапсырыс түсе қоймапты. 400-ге тарта кәсіпорын Қазақстан үшін аз ба, көп пе деген сауалға келсек, Ресейде сертификат иеленген кәсіпорындар саны 200, Қырғызстанда 20 ғана екен. Елімізде сертификат алған бір халал монша, бір стоматологиялық кабинет бар екен. Азық-түлік нарығынан өзге мұндай жеке-дара салалардың дамуы халқымыздың тақуалығына байланысты болмақ. Өтімді болсын деп өніміне «халал» деген таңба басып сататын пысықайлар туралы да көп айтылды. Ұлттық стандарттау және сертификаттау орталығында ет бойынша малдың адал бауыздалғанын немесе арам қатқан соң сойылғанын анықтайтын әдіс бар. Ал Ұлттық биотехнологияларды тестілеу орталығының жаңалығы кез келген адамға тамақта доңыз еті бар-жоқтығын анықтауға мүмкіндік береді. Аз ғана суға салынған етке бір тілім қағазды батырсаңыз, доңыз еті болса, екі жолақ шығады. Бұл қарапайым әдісті асхана-мейрамханаларда да қолдану жеңіл болғандықтан, халал стандартының негізін қалаған Малайзия өкілдерінің өзі қызығып отырған көрінеді. Ақпарат көзі.
Аллах разы болсын, мусулмандар ушин осындай женилдик жасагандарын ушин, Аллах сиздерге еки дуниенин де бакытын берсин!!! Менин бир сурагым бар, Каганат асханасынын тагамдары халал ма?
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.