[20.09.2009.] Өзбекстанда Рамазан айт мерекесі демалыс күні деп жарияланды
21:57
Уақыт белдеуінің айырмасына қарай Өзбекстанда Рамазан және Құрбан айт мерекесі өзге мұсылман елдерінен 1 күн кейін аталып өтеді. Ал алдағы Рамазан айт мейрамы мемлекет басшысының қаулысымен демалыс күні деп жарияланды. Ислам дінінің имам-ағзам мазхабындағы өзбекстандық мұсылмандар қасиетті Рамазан айын айрықша қадір тұтып, діни құндылықтарына зор құрметпен қарайды. Әсіресе 30 күн оразаның соңғы 10 түнінде «Алланың ақ үйіне» ағылған елде есеп болмайды. Жамағат сахар туғанша құдайға құлдық ұрып, ғибадат жасайды. Ал мың айға татитын «Ләйлі түн-Қадірде» үлкендер түгіл балғын балаға дейін мешітке түнеп, тілеуін тілеп шығады.
Қаримулла қажы, «Хазірет имам» мешітінің имам-хатибі: - Құран-Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған Рамазан айы 12 айдың сұлтаны болса, қасиетті Қадір түні - Құдай сүйген құлдарына нұр шашатын түндердің ұлығы. Сондықтан бұл түні иманын бекітіп, тәубесіне келген пендеге тәңірі тілеуін береді.
Бүгінде Өзбекстанда ресми тіркелген 1 мың 800-дей жәми мешіттер бар. 27 миллион халқының 80 пайыздан астамы – мұсылмандар. Биылғы Рамазан айында олар 600 сум, яғни, 50 теңгеден «пітір садақасын» береді. Ал өзбекстандық әйелдер өз үйінде ғибадат қылады, өйткені, мұнда әйел баласының мешітке баруы «харам» деп саналады. Мусбахитдин Мұхитдинұлы, «Рамадан» жәми мешітінің имам-хатибі: - Кешегі кеңестік кезеңде де қаймағы бұзылмаған қастерлі ислам діні еліміз тәуелсіздік алғалы қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде бір Ташкенттің өзінде 200-дей жәми мешітіміз бар. Діни ілімге құштар жастардың қарасы да күрт көбейе түсуде. Бала жастан медреседе сауатын ашып жатқандар да аз емес.
Әбдіразақ Бұқарбаев, тыл және еңбек ардагері: - Өзбекстанда ислам дініне өте үлкен құрметпен қарап, зор мән береді. Қазір үлкен-кіші демей мешітке жиналып, бірге намаз оқимыз. Тіпті қазір жас балдардың өзі бізге Құран оқуды үйретіп жүр ғой.
Алайда алуан түрлі діни ағымдардан аяғын тартқан Өзбекстанның саяси билігі сақтық шараларына да аса мән беріп отыр. Қазір мектеп оқушылары мен лицей, колледж шәкірттеріне оқу орнына хиджап киіп келуге тыйым салынған. Кәмелетке толмағандарға мешітке барып, Айт және жұма намазын оқуға да ішінара рұхсат етілмейді. "Хабар агенттігі"
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.