Әлһамдулилаһ, егеменді елімізде күн санап, «Аллаһтың – бір, Оның елшісі әрі құлы – Мұхаммед» екендігін жүрегімен ұғынып, хақ дін туралы дұрыс түсінікті түйсігіне түйген, санасы сергек жастар қатары қалыңдап келеді. Жалпы, олар ислами ілімнің ізгісін іздеуде көбінесе интернет сайттарына кіріп, мойынсұнады. Алайда, мұндай ізденіс нәтижесі әркезде жақсылыққа жетелей бермейтіні анық. Себеп: интернет жүйесінен бір ғана «Ислам» сөзін теріп зер салсаңыз, бір мезетте 4,5 млн. мақала беріледі. Ал, мұндай топан судай тасыған ақпараттар ағыны жастардың таңдауына кәдімгідей-ақ кедергі келтіреді. Тіпті, жас ұрпақтың әлемдік ғаламторды шарлаймын деп экстремистик бағыттағы сайттардың шылауына түсіп қалу қаупі қатты алаңдатып отыр. Міне, осындай керексіз интернет беттеріндегі келеңсіз жағдайға душар болмас үшін Аллаһтың қалауымен Қазнетте ресми сайттар жұмыс істейді. Бұл ислами сайттардағы жайттар Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қадағалауынан тыс қалмайды. Мүфтияттың ең басты беттерінің бірегейі әрі ең бірінші қазақ тілді мәлімет беретін ресми сайты www.muftyat.kz . Бұл сайттың әкімшілік жүйесі қызметкерлері берген мәліметтерге қарағанда, күн сайын 1000-ға жуық адам кіріп, өздеріне қажетті материалдармен танысады екен. Оған қоса, алыс-жақын шет елдердегі отандастарымыз да сайт жаңалықтарынан құр қалмайтын көрінеді.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы уағыз-насихат және интернетпен жұмыс жүргізу бөлімінің меңгерушісі
Бұл www.muftyat.kz сайтында Мүфтияттың барлық бөлімдері мен аймақтардағы өкілдері жөнінде толыққанды мағлұмат беріледі. Мына айдардан адамдар бөлімдердің жұмысымен танысып, сұрақ-ұсыныстарын меңгерушілерге, тіпті тікелей Бас мүфтидің өзіне жолдауға мол мүмкіндіктері бар.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы уағыз-насихат және интернетпен жұмыс жүргізу бөлімінің меңгерушісі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ақпараттық қорын небәрі бірнеше әкімшілік жүйе және барша Мүфтият қызметкерлері ұстап отыр. Сонымен қатар, еліміздегі мұсылман бауырларды мазалаған маңызды сұрақтарға арнайы мамандар әркез жауап беруге дайын. Сайтта мүминдерге қажетті мәні бар мәліметтер топтастырылған. Намаз дәрістері мен құлшылық уақыты, белгілі қарилардың қырағатын келтіре оқыған Құран сүрелері мен аяттары да енгізілген. Сайттың әкімшілік жүйе қызметкерлері келтірген мағлұматқа сүйенсек, жастар арасында аудио және бейне материалдарға деген қызығушылық басым. Оларды жаңартумен Абдулазиз Махмұтов айналысады. Мамандығы веб-дизайнер Абдулазиз сайтты безендіруден бөлек, бейнеуағыздарды түсіріп, құрастыра біледі. ИншАллаһ! Алдағы уақытта барлық дәрісті дискіге жинап, шығару ісі жоспарда тұр.
Ұтысхан АЛТЫНБЕК - Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы уағыз-насихат және интернетпен жұмыс жүргізу бөлімінің қызметкері
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтындағы мәліметтер мен ақапараттар тек мемлекеттік тілде таратылады. Ал, орыс тіліндегі нұсқаның тетігін басқан мезетте сіз, www.meshit.kz веб-порталына тура түсесіз. Бұл ерекше сайт Алматы қаласының Орталық мешітіне тиесілі. Аллаһтың қалауымен биыл сәуір айының 30-ы күні ашылған орыс тілді порталды бүгінде 10 000-ға таяу адам күн сайын қарайды.
Мәди АХМЕТОВ – Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы
Интернетті пайдаланушылар арасында орыс тілді аудиторияның мұндай легі - Хақ дін Исламға деген қызығушылықтың артқандығын аңғартады. Ақиқат дін туралы ақпарат іздеушілер бұрынғы посткеңестік елдердегі барлық ислами сайттарды қарап шығатыны анық. Meshit.kz сайтының әкімшілік жүйе қызметкерлері мен интернетке кірушілердің ойлары ортақ пікірге тоқайласып отыр. Яғни, мұнда орналасқан мәліметтер Ислам дінінің тура әрі хақ, бейбітшілік пен жақсылықтың жаршысы болғандығын көрсетеді. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімге шақыратын бірден-бір ынтымақтастық діні екендігін айқындайды. Қазақстандық ислами сайттардың әр аймақтар мен халықты жаппай қамтуы бұған дәлел болмақ. 19 жастағы Әділ Өтеуов техникалық лицейдің оқушысы. Ол аталған сайтта ашылғалы бері жұмыс істейді. Оның айтуына қарағанда, Алматы қаласы Орталық мешітінің ақпараттық порталын пайдаланушылар саны ауыз толтырып айтарлықтай артып отыр. Олардың ішінде аса қызығушылық тудырған «Сұрақ-жауап» айдары.
Әділ ӨТЕУОВ - www.meshit.kz сайтының техникалық маманы
Meshit.kz сайты негізгі басымдықты кітапханаға беріп отыр. Әлһамдулилаһ, ислами мағлұматтар орыс тілінде жетерлік. Ал, кейбір әкімшілік жүйе қызметкерлері кітапқа басылған еңбектердің электронды нұсқасын жасап, оны сайтқа енгізеді. Бұдан бөлек, танымал мақалалар мен жаңалықтар дер кезінде жаңартылса, бейне және аудио материалдар толықтырылып отырады. Сайт беттерінен алматылық мұсылмандар ең қажетті деген ақпараттарға қаныға алады. Мәселен: Намаздың ай, жылға арналған уақыттарын көріп, біледі. Құран оқу курстары және Верный қаласындағы Ислам дінінің тарихымен танысуға зор мүмкіндік бар. ИншАллаһ, Орталық мешіттің интернеттегі ағартушылық жұмысы өз жемісін беріп келеді. Алдағы уақытта Қазнетке жоғарыда аталған сайттың көкжиегін кеңейту үшін ағылшын тіліндегі нұсқасын енгізу жоспарланып отыр.
Әділ ӨТЕУОВ - www.meshit.kz сайтының техникалық маманы
Жуырда Қазнеттегі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми екі сайтының қатарына «Асыл арна» телеарнасының бейне-порталы қосылды. www.asylarna.kz сайтының ерекшелігі сол, ислами телеарнаның эфирі арқылы берілген барлық бейне материалдар енді сайтты пайдаланушылар үшін де қол жетімді. Сонымен бірге, интернетті қарайтын қалың бұқара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Хақ дін Ислам турасында айтқан телегей сөздерімен таныса алады. Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қазіреттің уағыздарын тыңдауға болады. Айта кетерлігі, Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға бағытталған мемлекет пен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының бірлескен жұмысы Әділет министірлігі мен ресми сайттарда баннерлер арқылы бейнеленген.
Жомарт БАТЫРБЕКОВ – www.asylarna.kz сайтының әкімшілік жүйе қызметкері
Қандай игі іс болмасын бәрі де Аллаһ тағаланың қалауымен жүзеге асатыны айдан анық. Сондықтан біздің бірлескен ағартушылық қызметіміздің шарапат шапағаты - Қазақстанның және әлемдегі ғаламдық жүйені пайдаланушы барша мұсылманның жүрек түкпірінен орын алып, ұялайтынына сенім мол.
Алмат ӘБДІРАМАН, Орманбек ОРЫНБЕКОВ, Мұхтар МҰҚАНОВ, Серик АСҚАРОВ, «Асыл арна».
|