[21.10.2009.] Ислам дінін қабылдаған адам міндетті түрде сүннеттелуі керек пе?
23:13
Егер ер адам басқа бір ұлт өкілі бола тұра ислам дінін қабылдаса, міндетті түрде сүннеттелуі керек пе? Бексұлтан ӘЛІМБЕТОВ, Батыс Қазақстан облысы.
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шариғат, пәтуа бөлімінің қызметкері: – Сүннетке отырғызу – аты айтып тұрғандай, кең таралған сүннет. Хадистерде сүннетке отырғызу – хазіреті Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың 80 жасында сүннетке отыруымен басталғаны жайында айтылады. «Хазреті Ибраһим (ғ.с.) 80 жасында Каддум ауылында сүннетке отырды» (Бұхари, әнбия 8). Сүннетке отырғызу – барлық пайғамбарлардың сүннеті. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеттерінен: сүннетке отырғызу, әдемі иіс қолдану, мисуак қолдану, үйлену». Жалпы, сүннетке отырғызу – Исламның символдарының бірі. Өйткені ғалымдар соғыста шейіт болған әскерлерді кәпірлерден ажыратып, мұсылман мазарына жерлеу үшін сүннетке отырған, соған қарап ажыратамыз деген. Сонымен қатар, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 80 жасқа келіп мұсылман болғандардың да сүннетке отыруын әмір еткен. Бұл жайында бір хадисте Усаим бин Калибтің атасы былай баяндайды: «пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп мұсылман болдым. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған: «Денеңдегі түктерді алып таста және сүннетке отыр» деді. Сондықтан басқа ұлттың адамдары Исламды қабылдаса, сүннетке отырғаны абзал. Бірақ сүннетке отырмаймын десе, зорлық жоқ. Өйткені бұл амал – аты айтып тұрғандай, парыз емес, сүннет. Алаш айнасы.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.