[21.10.2009.] Қуыршақтай баладан Құранның сөзі табылды
10:34
Дағыстан Республикасының Кизляр қаласында осыдан тоғыз ай бұрын дүниеге келген Әли есімді сәби әп-сәтте әлемге танылды десек те болады. Ол шыр етіп өмір есігін ашысымен, ата-анасы денесіндегі арабша жазуға ұқсас дақтарды байқапты. Жазулар ең алдымен қаріптер секілді көрінгенімен, уақыт өте келе бас-аяғы бүтін сөйлемдерге ұласқан. Отбасының ұсынысымен осы мәселеге ден қойып, көз жүгірткен жергілікті имамдар денедегі дақтардың Құраннан үзінді екендігін анықтап, қайран қалыпты. Қызық әрі таңғалдыратын жағдайға ғалымдар да толық түсініктеме бере алмай отыр. Әзірше оң мен солын тани қоймаған Әлидің аяғындағы жазуларға өз беттерінше баға беріп, нақты мәлімет беруші имамдар мұны «Құранның аяттарынан үзінді» деген байламға тоқтады. Қасиетті кітаптағы үзінділердің бала бойына қалай біткені, расында да ғажап болып тұр. «Жазу ең алдымен баланың самайында пайда болды. Ол - «Аллах» деген жазу болатын» дейді сәбидің анасы Мәдина Якубова. Әу баста бұл жағдайға қайран қалған отбасы өз көздеріне өздері сенбеген. Содан соң нақты дәлел болу үшін бейтаныс жазуды суретке түсіріп алған. Жұмбақ қаріптер нәресте жетілген сайын анық көрініп, жазу айшықталған соң, отағасы жергілікті мешіттен имам шақырған. Имам Абдулла да нәресте денесіндегі жазуларды көргенде, есінен танып қала жаздапты. Сол күні көзге бірден шалынатын жазулар баланың аяқтарында да пайда болған. Осылайша тоғыз айда томпаңдап жүруге талпыныс білдірген сәбидің денесіндегі жазулар аптасына екі рет - дүйсенбі және жұма күндері анығырақ байқалса, одан кейін біртіндеп тұманданып кетеді екен. Бәрінен де қызығы, әлгі жазулар көрінген сайын күрделеніп, өзгеріп тұрады. Жазулар пайда болғанда қуыршақтай балақан түнде ұйықтамай, жылап, қызуы көтеріліп, мазасы қашатын көрінеді. Жеме-жемге келгенде, мұндай түндері Әлиге ата-анасы ғана емес, қандай шара қолдануды білетін дәрігерлер де көмектесе алмайды. Қуаты күшті дәрі-дәрмектер де балақайдың дене қызуын түсіруге келгенде қауқарсыз болып шыққан. Тек таңға жуық денеде жаңа хадистер мен аяттар пайда болған соң барып, сәби тынышталады екен. Дүниеге сегіз айлық болып келген Әлидің бойындағы құбылыс дағыстандықтарды аяғынан тік тұрғызды. Жұрттың аузында Әли туралы әңгімелер. Алғашында дәрігерлер қызылшақаның денсаулығына алаңдаушылық білдіріпті. Өйткені жүрек дертінің ақауы және сал ауруының белгілері анықталған. Алайда нәресте бойында жаңадан пайда болған жазулардан соң, әлгі дерттер жойылып кетіпті. Қазір еш жері ауырмайды. Мұны жергілікті педиатр-дәрігер Саида Расулова растап отыр. Өткен Ораза айы қарсаңында, бүкіл мұсылман қауымы ауыз бекітуге қамданып жатқанда, Әли айналасындағы адамдарды тағы бір таңдандырыпты. Баланың балғын денесіндегі жазулардың тегін еместігін жүрегімен түсінген ата-анасы жастығына қарамастан Ислам дінін қабылдап, Аллаһ жолында жүруге мықтап бекінген. Қазір Красно-Октябрьскідегі Магомедовтер отбасындағы ұлы оқиғадан хабардар болған жұрт ғажап баланы көру үшін құлшылыққа баратындай қамданып, жолға шығатын болыпты. Олардың бәрі де баланы өз көздерімен көріп, жағымды жаңалыққа көңіл сендіргісі келеді. Алайда көз тиюден немесе түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін әке-шешесі Әлиді жұрт алдына алып шығуды доғарыпты. Жергілікті билік өкілдері жұрттың арасында дүрбелең тумас үшін Магомедовтер үйін тәулік бойына күзетуді қолға алған. Кизлярдағы қызық оқиғаға қазір дағыстандық ғалымдар да ерекше назар аудара бастапты. Бірақ Ресей ғылым академиясының республикадағы Физика институты балақайдың денесіндегі жұмбақ араб жазуларының пайда болуына баға беруден бас тартып отыр. Осыған қарағанда, қазіргі ғылым жетістіктерінің өзі тосын құбылысты толық ашып бере алмайтын сыңайлы.
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ Күләш қажы Оразбекова, педагогика және психология ғылымдарының докторы: - Мұндай оқиға бұрын да жиі ұшырасатын. Бірақ оған еш мән бермедік, тосын жағдай бола қалса, оны тісімізден шығармадық, айтуға батылымыз жетпеді. Қазір заман, уақыт басқа. Елдің бәрі дерлік тәубесіне келіп, Алланың ризашылығы үшін құлшылық ететін болды. Осылайша жалпы жұрт рухани тазаруға, әр күннен жақсылық күтуге шынайы бет бұрды. Ал Дағыстандағы оқиғаны сол жердегі дағдарыспен байланыстыруға болады. Ол жерде де Құдайға құлшылық баршылық. Алайда кейбіреулер одан аттап кетіп жатыр. Алла деген жазудың тауық жұмыртқасында, қозының жүнінде көрініс берген оқиға Қазақстанда да әлденеше рет қайталанғанына ел куә. Мұның бәрі ел ішінде қандайда бір қиын жағдай, әділетсіздік көбейсе, сол кезде Алла түрліше жолдармен өзінің барын еске салып қоятын секілді. Сондықтан бұған жай нәрсе деп қарауға болмайды. Естеріңізде ме, ғарышқа көтерілген америкалық бір азамат ғарышта жүріп Азан шақырған дауысты естіпті. Жерге оралған соң, ол азанды мешіттен естігенін есіне түсіріп, бірден мұсылмандықты қабылдаған. Алла осылайша қай жерде де өзінің барын дәлелдеп келеді. Өкінішке қарай, Құранды оқымайтын, шала білетіндер жаман жолға түсіп, артық әрекеттерге барады. Осындай астамшылық болған жерде рахымы мол Алла пенделеріне өзінің бәрін көріп отырғанын естеріне салып қояды. Адамдар үшін ең жоғары мүмкіндік - Алланы тану. «Әлі де болса маған сену аз, құлшылық ету аз, сол себепті тезірек тәубелеріңе келіңдер» деген пікірді Жаратқан Иеміз әлгіндей белгілер арқылы сездіреді. Ендеше, Алланың барына шүбә келтірмеу керек. Дағыстандықтарға да Алла өз жерінде жаратқан иемізге құлшылық етуді, сенімді күшейтуді, бірлік пен ынтымақ керектігін мұсылман бауырларымыздың есіне салып отыр. Баланың денесіндегі Құран аяттары тегін емес және оны жақсылыққа жорыған дұрыс. Бұл - Алла өзінің барын тағы да дәлелдеп жіберген белгі. Мұсылман бауырларымыз осы бала арқылы тәубеге келіп, Алланың барына мойынұсынуы керек. Жолдасбек ДУАНАБАЙ. "Айқын" 17.10.09.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.