Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылындағы мұсылмандар мешіті аудан әкімі Рахман Кариннің қолдауымен ретке келтірілді. Мешіт имамы Мұратбек қажы Жақатовтың айтуынша, аудандағы көп мекеме мешіттің жөндеу жұмысына қолғабыс беріп, біраз іс тындырылды. Мешіттің шатыры ауыстырылып, жаңа жабын жабылды. Есік-терезесі түгел ауыстырылды. Аллаһ үйінің іші-сырты еуропалық үлгімен жөнделді. Аспалы төбе жасалып, төрт шамшырақ орнатылды. Электр желісі қайта жаңартылып, жылу жүйесі орнатылды. Сырты қызыл күрең түске боялып, кіре берісі де өзгеше түрге енді. Ауласы қаңылтырмен қоршалып, бетон плиталар төселіп, жамағаттың жүрер жолының тегіс болуы қамтамасыз етілді. Осылайша көптің көмегімен, әкімнің қолдауымен мешіт жарқырап шыға келді. Бұл жұмыстардың басы-қасында Сайқын ауылы округінің әкімі Жаннұр Батырханов, сәулетші Қоблан Жанғалиев және басқа да азаматтар жүрді. Сондай-ақ Оралдағы белгілі кәсіпкер Алексей Василец басқарған ұжымның көп көмегі тиді. Жеке кәсіпкерлер Хабиб Қазиев, Әбухан Исалиев, Талғат Оспанов, Айболат Дүйсенғалиев, ордалық Бақытнұр Сұңғатов, бисендік Шынтемір Лайықов сияқты азаматтардың қолдарындағы барын аямағанын айта кеткен жөн. ҚазАқпарат.
|