Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.) Абу Муса ал-Ашъариден (р.а.) хат алды. Онда Әбу Мұса ал-Ашъарий: «Омар маған сенен хаттар келеді. Тарихы белгісіз. Мерзімін көрсетіп жазсаң жақсы болар еді»,– деген өтініш білдірді. Сосын, тағы бірде Омар ибн Хаттабтың (р.а.) өзі хат алды. Хатта шағбан айы деген сөз бар еді. Бірақ, қайсы шағбан? Өткен жылғы ма, әлде биылғы шағбан ба? Осыны біле алмай қиналды. Кейін Яманнан, Яъла ибн Умайядан Омар ибн Хаттабқа (р.а.) хат келді. Хатта оның жазылған мерзімі көрсетілген болатын. Бұл хазреті Омардың (р.а.) ойынан шықты. Ол кісі мәслихат ашып, онда мұсылмандарға ғана қатысты тарихи жыл санауды шешуі мәселесін қойды. Ислам мемлекеті басқаларға ұқсамайтын өзінің жыл санауын жариялауы керек еді. Мәжілістегі бірінші мәселе – мұсылманша тарихи жылнаманы қашаннан бастау керек, деген сұраққа жауап табу болды. Сахабалардың бірі Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден өткен жылды жылбасы етіп алуды ұсынды. Талқа ибн Убайдуллаһ (р.а.) Расулуллаһқа (с.ғ.с.) пайғамбарлық келген болған жылды бірінші жыл деп есептейік деді. Әли ибн Әбу Тәліп (р.а.) Пайғамбар (с.ғ.с.) һижрат еткен жылды алғашқы жыл деп санауды ұсынды. Һижрат хақ пен нақақтың арасы ажырауына, Ислам дінінің өркендеуіне үлкен себебі болған оқиға,– деді. Енді біреуі: «Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) туылған жылын ең бірінші жыл етіп алайық»,– деп шықты. Көпшілік Әлидің (р.а.) ұсынысын мақұлдап, жақтап дауыс берді. Сонымен һижри жыл пайда болды. Екінші мәселе, он екі айдың қайсысы алғашқы ай болады, жыл есебі қай айдан басталады, соны анықтау керек болды. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): «Ережеп айын бірінші ай етіп алайық, ол харам айларының біріншісі»,– деді. Талха ибн Убайдуллаһ (р.а.): «Рамазан айы бірінші ай болсын, ол Ислам үмметінің ең шарапатты айы»,– деді. Әли (р.а.): «Мұхаррамды бірінші ай етіп алайық, ол көп заманнан бері жылдың бірінші айы боп келеді»,–дегенде. Бұл сөзді барша құп көрді. Содан Ислам үмметі хазреті Омардың (р.а.) бастауымен 16-һижрий жылда өзінің жыл санауына ие болды. Бұл Иса (ғ.с.) пайғамбар туылғаннан басталатын милади жылдың 638-жылына тұспа-тұс келді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Меккеден Мәдиенаға көшіп барғанға орай жаңадан пайда болған Һижри жыл санаудың басы болып 622-жылдың 16-шілдесі жұма күні, яғни 1-мұхаррам болып бекітілді. Деректі жинастырған: Б.ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ, С.Ғылмани мешітінің Бас имамы.
|