Бүгінде Шымкентте алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне орай қойылған бірнеше алып шыршалар бар. Солардың бірі «Ордабасы» алаңындағы облыстық мешіт алдында тұр. Бұл 20 метрлік шыршаны тамашалаушылар баршылық. Дегенмен осы шыршаның мешіт алдына қойылғаны дұрыс еместігін айтып жүргендер де бар.
«Мешіт – Алланың үйі, мұсылмандардың құлшылық жасайтын орны, ал әл-Қаттани мешіті – Оңтүстік Қазақстан облысының басты ғидабатханасы. Бұл жерге жамағат көп келеді, құлшылықтарын жасайды. Осындай Алла үйінің алдында жаңажылдық шыршаны орнату кімге керек? – дейді облыстық мешіттің баспасөз хатшысы, найб-имам Мұхамеджан Естеміров (суретте). – Былтыр мешіт алдында осы алып шырша айлап тұрды. Сол кезде келеңсіз жайттар көп орын алды. Көптеген адамдар ішімдік ішіп, мас күйінше мешіт ішіне кірді. Өткен Жаңа жылда жастар босаған бөтелкелерін мешіт ауласына лақтырып, біздің мазамызды әбден кетірген еді. Тіпті мешіт ішіне кіріп, былапыт сөздер айтып, әжетханамызды ластап, оның есіктерін теуіп бұзақылық жасағандар да болды. Сол кезде полицейлердің өздері оларға тосқауыл қоюға үлгермеді, ешнәрсеге жауап бере алмады. Жаңа жыл болған соң жұрт тойлайды, арақ-шарап ішеді. Ішкен адам қандай болатыны белгілі, ақ пен қараны ажырата алмайды. Биыл да осындай келеңсіз жайттар орын алмасына кім кепіл? Оған ешкім кепілдік бере алмайды.
Былтыр қала әкіміне ауызша өтініш айтқанбыз. Олар келесі жылы мұнда шырша болмайды деп уәде берген. Бірақ биыл тағы да мешіт алдына шырша орнатылды. Жұрт қазірдің өзінде көп келіп, жамағатқа кедергі болуда. Енді біз қала әкіміне жазбаша хат жолдағалы отырмыз. Бір нәтиже болуы керек. Өйткені бұл тек имамдардың ғана емес, мешітке келетін иісі мұсылмандардың талап-тілегі».
Біз аталған мешіт алдындағы жаңажылдық шыршаны тамашалап жүрген бірер адамды сөзге тарттық. Олардың кейбірі бұл шыршаның осы жерде тұрғанын жөн санаса, ал өзін Айдар Байжігіт деп таныстырған ақсақал: «Ордабасы» алаңына, мешіт алдына осы шыршаны орнатқаны ақылға қонымды емес. Қалада басқа көрікті жерлер құрып қалған жоқ қой. Біз Ислам дінімізді, мешітімізді құрметтеуіміз керек. Алла қаласа, еліміз келер жылы Ислам елдері ұйымына төраға болғалы отыр. Елбасымыз діни ауызбірлікті, татулықты жиі насихаттайды. Бірақ әкімдер мұсылмандарды ренжітіп, жаңажылдық шыршаны ай-шайға қарамай, мешіт алдына орната салады», – десе, қала жастарының бірі Мейіржан Құсайынов (суретте): «Мешіт алдына жаңажылдық шырша орнатқаны дұрыс емес. Өйткені мереке күні адамдар ішеді, анайы сөздер айтады. Жаңа жыл түні көпшілік оттық шашып, мешітке келушілердің мазасын алады. Мен Жаңа жыл мерекесінде бұл жерге келмеймін. Өйткені мешітті құрметтеймін, өзім де апта сайын жұма намазға келіп тұрамын», – дейді.
Биыл 31-желтоқсанның кеші, яғни жаңа жылдың алғашқы тәулігінің басталуы жұма күніне тура келеді екен. Мұсылмандар қасиетті күн деп санайтын сол күні былтырғыдай келеңсіз жайттар орын алып, тағы да мұсылмандардың ренішін тудырмасын деңіз. Ақпарат көзі.
|