[30.10.2009.] “ҚазАқпарат” өз хабарларын төте жазумен тарата бастады
17:57
ҚазАқпарат ұлттық компаниясы өткен аптадан бастап өз хабарларын төте жазумен (араб қарпімен) де тарата бастады. Қазақ тілді ақпараттың өрісін кеңейтуге айтулы үлес қосатын бұл жаңалық жөнінде агенттіктің Қазақ редакциясының бас редакторы Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ әңгімелейді. – “ҚазАқпарат” агенттігінің 2004 жылдың көктемінен бері қазақша хабарларды латын қарпімен де тарата бастағаны көпке мәлім. Түркия мен Еуропада тұратын қандастарымыздың Қазақстан жаңалықтарымен сол мезетте хабардар болып отыруын көздеген бұл мақсатымыз шеттегі қазақтардың да көңілінен шыққан еді. Агенттіктің академик Ә.Қайдар жүйелеген нұсқа негізінде дайындаған бұл латыншамен беру бастамасы қазір өзге де құрылымдардан қолдау тауып, үкіметтік сайттарымызға дейін пайдаланылып жүр. Сол латыншаны іске асыру кезінде Қытайдағы бір жарым миллиондай қазақ жұрты үшін де төте жазумен ақпарат тарату мәселесі ойда болған-ды. Алайда, араб қарпінің жеке тұрғанда және бір сөз ішінде (басында, ортасында, соңында) әртүрлі таңбаланатындығы, яки латынша сияқты бірден автоматты түрде ауыстыруға келмейтін ерекшелігіне байланысты, бұл іс тежеліңкіреніп қалған еді. Дегенмен, ол атқарылуы тиіс бір шаруа ретінде үнемі қаперде жүрген. Бүгінде Қытай елінің технологиясы озық дамыған мемлекет екені баршаға белгілі. Бүкіл ел дамуымен бірге, онда тұратын қазақ халқының да ілгерілеу үдерістері жүруде. Шығыстағы алып көрші мемлекеттегі қандастарымыздың осы тұрғыда қол жеткізген игіліктерінің бірі – ғаламтор (интернет) әлемін емін-еркін игеруі дер едік. Қытайда компьютерлік құрылғылар мен интернетті пайдалану бағасының арзандығы себепті, ондағы қазақтардың көп бөлігі аймақ, аудандардың өзінде ғаламторды кеңінен шарлайтын мүмкіндікке ие болып отыр. Осы орайда, әдетте, олардың ең алдымен іздейтіні – атажұрт, Қазақстан жаңалықтары боп келеді екен. Қытайда көптеген қазақша интернет тораптары жұмыс істейді. Олардың беттерінде қазақстандық – “ҚазАқпарат”, “Егемен Қазақстан” сияқты бірқатар ақпарат құралдары мен басылымдарының ғаламторлық сайттарының мекен-жайлары да көрсетілген, оларды сол жақтан ашып оқи беруге болады. Дегенмен, ғаламтордың сол мол мүмкіндігін қытайлық қандастарымыз кирилл әрпін еркін танымайтындықтан, кеңінен пайдалана да алмайды екен. Бұл елде қазақ тілі Ахмет Байтұрсынұлы ыңғайлаған төте жазу әліппесіне негізделгендіктен, біз пайдаланып жүрген кирилл әрпіндегі дүниелерді оқу көп қиындық тудырады. Соған орай, қазақстандық сайттарды ашып оқу жағы да мардымсыз. Әріп бөлектігінің өзі, қытай қазақтарының атажұрттағы жаңалықтардан жан-жақты хабардар болуға деген ұмтылысына кедергісін тигізетін көрінеді. Биылғы жылдың жазға салымында Қытайдағы көп қазақ сайттарының бірінен, кирилл әрпіндегі материалдарды арабша төте жазуға тұтасымен тікелей көшіретін бағдарламаны табуымыз да, көптен көкейде жүрген осы мақсаттың орындалуына тікелей қозғау салған себеп болып еді. Содан бері төте жазу сайтын “ҚазАқпараттың” бір өнімі ретінде дайындау жұмыстары қолға алынып, соның нәтижесінде өткен аптадан бастап, бұл жоба да іске асырылды. Алғашқы нәтижелер жаман емес, төте жазу сайтына кірушілердің саны күннен-күнге көбейіп келеді. Осылайша “ҚазАқпарат” қазіргі кезде әлем қазақтары қолданып отырған үш әліпбимен бірдей хабар тарататын, күллі алаш жұртының оқырманына Қазақстан жаңалықтарын жеткізіп отыратын бірегей агенттікке айналып отыр. “ҚазАқпараттың” қазақ редакциясының әзірлеуімен ғаламторға шығарылған төте жазу сайтының латынша сайттан өзгешелігі бар. Латынша сайт қазақтың кирилл қарпімен шығатын негізгі нұсқасындағы материалдардың бірден әріптері айырбасталып түсірілетін айна-қатесіз нұсқасы болса, төте жазу сайты олай емес. Ол жаңа айтылғандай, араб қарпінің автоматты түрде тікелей ауыстыруға келмейтін әртүрлі жазылу ерекшелігіне сәйкес, негізгі сайттың материалдары арасынан іріктеліп, сұрыпталып көшіріліп беріліп отырылады. Яғни, Қытайдағы қазақ оқырманының назарын аударуға тиіс дүниелер ғана салынады. Сонымен бірге интернеттік сайттары бар басқа қазақ басылымдарында жарияланған әдебиет пен өнер тақырыптарындағы айтулы мақалаларды, сұхбаттарды, Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің ынтымақтастық байланыстарына қатысты ақпараттар мен талдауларды да беріп тұрмақпыз. "Егемен Қазақстан".
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.