АБАЙ УАҺҺАБИ МА? немесе Әзірет Барболдың жалаларына жауап
11:35
Біраз уақыттан бері «Қазақстан» газетінде Әзірет Барбол деген біреу ҚМДБ-ның қызметі мен қызметкерлеріне қарсы сүйкемелерін қарша боратуда. Олардың мазмұнынан Барболдың ешқандай діни білімінің жоқ екені анық байқалды.Тіпті қарапайым діни кітап оқыған қатардағы мұсылманнан да сауаты әлдеқайда төмен. Оның жаптым жала, жақтым күйе ниетінде жазылған мақалалары назар аударуға да тұрмайтындықтан, осы уақытқа дейін қарсы жауап беруді уақыт ысырабы деп жүрдім. Бірақ біздің осындай ниетпен үнсіз отыруымызды айтылған орынсыз сындарды мойындағаны деп қабылдаса керек, оның ғайбатшыл шабыты шалқып, жала жабуға деген құмарлығы одан әрі жалындай түскен сияқты. Аталмыш басылымда жарық көрген сүйкемелерінің бірінде «ғұрыптың да озығы мен тозығы бар», «әдет әдет емес, - жөн әдет» деген шындықтарға қарамастан ол жаппай барлық әдеттер мен ырымдарды қорғауға тырысыпты. Сөйтіп кей ырымдар мен әдеттердің шариғатқа қайшы екенін білдірген адамдардың бәрін уаһһаби деп, айдар тағыпты. Бұл ғылыми пікір емес. Белгілі бір халықтың барлық әдет-ғұрыптары мен ырым-тыйымдарын түгелдей жоққа шығарып, ислам дініне қайшы санау қандай астамшылық болса, оларды исламның жалпы қағидаттары елегінен өткізбей озығы мен тозығын ажыратпастан арашалауға тырысу да сондай асыра сілтеу. Шынтуайтында, Ислам діні жаппай барлық әдет-ғұрыпқа қарсы емес. Алайда ислам Құран мен хадиске, дін негіздеріне қайшы ғұрыптар мен ырымдарды мансұқтайды. Еліміз сан ғасырлардан бері Ханафи мәзһабын ұстанады. Ханафи мәзһабының, тіпті басқа барлық дәстүрлі мәзһабтардың негізгі қайнаркөз кітаптары мен белді ғалымдары әдет-ғұрыпқа қатысты мына қағиданы басшылыққа алады: «Егер ғұрып шариғатқа қарсы келмесе ғана негізге алынады». Ал Әзірет Барбол Қазақстан газетінде (2009 жыл, 3 желтоқсан): «Сондай қарсылыққа ұшырап жүрген салтымыздың бірі - келін үйге жаңа түсіп, табалдырық аттап кіргенде «Отқа май тамызу» ырымы. Оны да жоққа шығарып, ол бұрынғы шаманизмнен, тәңіршілдіктен, от құдайына табынушылықтан қалған күнә іс деп оны да жоққа шығарып, оған мүлдем тыйым салды. Ал оның негізгі мағынасы: сен үйге келмей тұрғанда, ошағымыз жанып, қазанымыз қайнап тұрған. Енді сен осы жанып тұрған ошақтың отын өшірмей одан бетер майша лаулат» деу емес пе еді» деп өзінше тәпсірлеп алады да, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің журналистің сұрағына: «Отқа май құю шаманизм қалдығы болуы мүмкін» деген жауабына сын айтыпты. Сондай-ақ менің «Ырымға сенуге бола ма?» деген мақалама «Ата жолынан адасқан Қайрат Жолдыбай» деген тақырыппен «Қазақстанның» тұтас бір бетін арнаған. Ондағы менің: «Қайтыс болған кісінің түнеген бөлмесіне шырақ жағып қою немесе береке орнасын деген ниетпен астына дән шашу секілді ырымдар - мүлдем қате, негізі жоқ күнә ырымдар» деген сөзіме: «Сенің сөзіңмен айтсам негізі жоқ күнә іс істейтін сен бе, әлде қазақ па?» деп шүйлігіпті. Аталмыш сүйкеменің бас жағында «Дін терісін жамылған дүдәмәл дүмшенің айтайын деген ойының ар жағында аса қатерлі «уәһһабилік» идеяның ұшқыны бой көрсетіп тұрғаны анық», «Енді әлгінде тізбеленген Қайраттың қаламынан туған уаһһабилік идея оранған пікірсымақтарды сау ақылмен сынға алсақ» деп мені ешбір діни ереже-қағидаға сүйенбестен адасқандардың қатарына қосып, «уаһһаби» етіпті. Ал енді Әзірет Барбол бауырым! Сенің «сау» ақылың бойынша сынға алар болсақ, өзің әр сүйкемеңде атын бет перде ететін қазақтың ұлы ойшылы Абай да уаһһаби болып шыға келмей ме? Хакім Абай өзінің қырық бесінші қара сөзінде: «Сол уақыттарда арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан бақсы-балгерге инанып, отқа, табынатын әдеттерімен исламға тез түсініп кете алмапты. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса - оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен. Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «От ана, май ана, жарылқа!» дегізіп, бас ұрғызғаны секілді, «өлген әруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым әуел бұлт күркүрегенде, қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «Сүт көп, көмір аз» деген секілді. Бұған ұқсайтын ырымдар көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» (Абай, 2-том, 154-бет. «Жазушы» баспасы, Алматы, 2005), - деп сен арашалауға тырысқан жоғарыдағы кейбір ырымдардың шаманизмның сарқыншағы екенін ашық айтып отыр. Ал енді Абайды «уаһһаби» деп көрші. Маған «уаһһаби» деп жала жабатындай мен Абай айтқаннан өзге не жазыппын? Әзірет Барбол! Сен әлгіндей негізсіз ырымдар мен әдеттің тозығын қорғасаң да, қорғамасаң да Абай айтпақшы, қазақ қоғамынан, құдайға шүкір, бірте-бірте жоғалып барады. Әсілінде, сенің ниетің оларды арашалау емес, амалын тауып менің аяғымнан шалу, жолын тауып түрлі тәсілдеріңмен қаралау ғана. Әйтпесе, менің «келіннің сәлем салуының ширк еместігін», «домбыра тартудың харам еместігін», «мәулітті атап өтудің бидғат еместігін», «Өліге Құран бағыштаудың сауаптылығын», «Әлем Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың құрметіне жаратылған деген сөздің қате еместігін», «Әнбиелер мен аса тақуа әулилердің құрметіне тәуассул жасаудың ширк еместігін» Құран, хадистермен негіздеп жазған мақалаларымды көрместік жасап, маған «уаһһаби» деп жала жаппас едің. Абайдың:
«Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде», - дегеніндей сенің өз мақсатың, қаралау ниетің болған соң солай істемегенде қайтесің?!. Әзірет! Сенің таяз танымың бойынша, өзің секілді ойламайтындардың бәрі уаһһаби, экстремист болып шыға келеді. Бір кісі айналасындағы бар нәрсені қап қара түсте әрі қисық кейіпте көреді екен. Сөйтіп әр нәрсеге бір шүйлігіп, үнемі маңайындағыларға кінә тағып, аузына келгенін айтатын көрінеді. Бір күні досы оған: «Айналайын, бауырым! Маңайыңдағы дүниелер сен көргендей қап қара, әрі қисық емес. Оны олай етіп тұрған сенің көзіңе таққан сынық қара көзілдірігің» деген екен. Міне, Әзірет Барбол бауырым! Менің де саған айтарым осы. Ең әуелі өзіңнен басқаның бәрін уаһһаби, экстремист етіп көрсетіп тұрған қара қиялың мен сынық санаңды түзе! Сен ҚМДБ қызметкерлерін жаппай уаһһаби етіп көрсетіп, ел сенімінен айыру үшін бар айлаң мен зымиян тәсілдеріңді қолданып жүрсің. Тіпті ҚМДБ-ны экстремист етіп көрсету үшін күллі мұсылман ғалымдарының бірауыздан Құраннан кейінгі арқа сүйейтін екінші кітап деп баға берген аты әлемге мәшһүр имам Бұхаридың «сахих хадистер жинағынан» өзің шала түсінген бірнеше хадистерді теріп алып, оны эктремистікке уағыздайтын кітап деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпсың. Әзірет, дін ғылымы аузыңа келгенді айта салатын еріккеннің ермегі емес. Имам Бұхаридің «сахих хадистер жинағында экстремистік, лаңкестік әрекеттерге үндейтін аса қауіпті хадистер бар» дегеніңді өзге әлем мұсылмандары естісе, сен үшін қазақ халқы ұятты болады. Имам Бұхариге жапқан жалаңды Алла елшісінің (с.а.у.) хадистерін қабылдамайтын еліміздегі «Құраниттердің» өзі ашық айтпаған болатын. Ал сенікіне жөн болсын?! Имам әл-Бұхаридың хадис іліміндегі дәрежесін күллі мұхаддис ғалымдар «Мүміндердің әміршісі» деп бірауыздан бекіткен. Хадис ғылымы - терең ғылым. Әр хадисті талдаған уақытта оның кімге, қай уақытта, қандай жағдайда айтылғанына назар аударып, басқа да хадистермен ұштастыра отырып бүтіндей түсіну қажет. Ал бұдан шариғат ғылымына жайдақ кез-келген адам өз бетінше пікір түйіп, қорытынды жасай алмайды. Міне, сондықтан имам Бұхаридың «сахихына» көптеген көлемді түсіндірме жазылған. Ханафи мәзһабының белді де белгілі мұхаддис ғалымы Бәдруддин әл-Айни Бұхаридың «сахих хадистер жинағына» он алты томдық аса құнды «Ғұмдатул-Қари» атты ауқымды түсіндірмесін, ал шафиғи мәзһабының мәшһүр ғұламасы ибн Хажар әл-Асқалани он сегіз томдық классикалық «Фатхул-Бари» атты кең түсіндірмесін жазған. Сондықтан сен сахих Бұхариде экстремизге үндейтін көптеген хадистер бар деп білімсіздікпен үкім шығаруға асықпа! Мысалы, сен экстимисттікке үндейді деген хадистердің ішінен «Кім Аллаһтың сөзі асқақ болу үшін соғысса, сол Аллаһтың жолында» деген хадисті талдап көрелік. Біріншіден исламда қажет жағдайда қарулы соғысқа да рұқсат етіледі. Құранда: «Өздеріне қарсы соғыс ашылған мұсылмандарға мүшріктермен соғысуға рұқсат берілді. Өйткені, олар зұлымдыққа ұшырап, жәбір көрді. Әлбетте, Алла Тағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді. Олар ешбір себепсіз тек «Раббымыз - Алла» дегендері үшін отандарынан қудаланды...» («Хажж сүресі» 39-40 аят). Басқа бір аятта: «Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Алла Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді» («Бақара» сүресі, 190 аят.) - делінеді. Яғни, Исламда өздеріне ешбір себепсіз зұлымдық жасап, сан-алуан қиыншылықтарға душар етіп, елінен-жерінен кетуге мәжбүрлеп, мал-мүліктерін талан-таражға салған адамдарға қарсы соғысуға рұқсат етіледі. Ескерте кетейік, Исламда соғыс - дипломатиялық жолдар түгелдей іске аспаған жағдайларда ғана амалсыз баратын ақырғы шара. Ал бейбітшілікке, келісімге қайтадан мүмкіншілік туған жерде соғысқа жол жоқ. Яғни, қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге жүгінгені абзал. Қасиетті Құранда: «Егер олар келісөзге, бейбітшілікке (ниет білдірсе) жақындаса, сен де жақында» («Әнфал» сүресі, 61-аят) - делінген. Байқағанымыздай исламда соғыс мүлдем жоқ емес, елді, жерді, дінді қорғау мақсатында қажет жағдайда соңғы шара ретінде рұқсат етіледі. Осы мақсатта бүгінде өзге елдер секілді мемлекетіміз де әскер ұстап отырған жоқ па? Екіншіден, Алла Елшісі (с.ғ.с.) «Кім Аллаһтың сөзі асқақ болу үшін соғысса, сол Аллаһтың жолында» деген хадисі бейбіт жатқан елді шауып, оларды күштеп исламға кіргіз деген сөз емес. Керісінше еліңді, жеріңді шабуға келген дұшпандарға қарсы соғысу ең әуелі дініңді қорғау болмақ. Бодан болған халықтың мұнарасы азансыз, үйі Құрансыз қалу қаупі бар. Сондай кезде кімде-кім атақ, абырой үшін, яки олжа иемдену мақсатында емес, тек Алланың сөзі, азаны, Құраны, діні асқақ болуы үшін соғысса, ондай ниеттегі кісі нағыз Алла ризалығы үшін соғысқан болады. Абай өзінің отыз бесінші қара сөзінде: «Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт - соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ақыретке бола, бір ғана Құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді», - деп сый, құрмет, атақ-абырой яки дүниелік басқа мақсаттар үшін емес, тек Алла тағаланың ризалығы үшін шайқасып, шейіт болғандардың Жаратқанның ризалығына бөленетіндігін түсіндірген. Ал енді Абайдың осы сөзін негізге алып оны да экстремист дейсің бе? Әзірет Барбол, егер «усулул-хадис» (хадис негіздері), «усулут-тафсир» (тәпсір негіздері), «усулул-фиқһ» (фиқһ негіздері, үкім шығару әдіс-тәсілдері) сынды шариғи ғылымдарды оқымастан өзіңше үкім шығарар болсаң, онда Құрандағы: «Оларды қайда ұстасаңдар, сонда өлтіріңдер», «Алланың діні үстем болып, фитна тоқтағанға дейін олармен соғысыңдар...» деген аяттардың бас-аяғын, түсу себептерін, қандай мақсатта, нендей мағынада айтылғанын білмегендіктен қасиетті Құранды да экстремизм кітабы деген тұжырымға келіп тірелетініңді ұмытпа! Біз білетін сопылық - адамның тұла бойын лас мінездерден тазалап, тілін жала мен ғайбаттан, өтірік пен өсектен арылтатын, жүрекке Жаратушыға уә һәм барша адамзатқа, тіпті жалпы жаратылысқа деген махаббатты ұялататын рухани тәрбие мектебі. Сөз сарыныңнан, жазған мақала мазмұндарынан сопылық жолын дәріптейтініңді аңғардық. Сөйте тұра мені «уаһһаби» етіп көрсету үшін сопылық жолын былай қойғанда, қарапайым тәрбиесі түзу мұсылман баласы да бара бермейтін өсек пен өтірікке, жала мен сайқымазаққа жол бергенсің. Жоқ әлде сенің дәріптеген сопылығың Қожа Ахмет Яссауи бабамыз:
«Сопылық та сондай ма еді? Дәйім ісің ғафлатпенен
Қолыңдағы дана тәспих, Тілдерің ғайбатпенен»
немесе, «Сопымын деп лепіресің, сөз жалының кәні? Есекке ұқсап ақырарсың, өз албырың кәні?» (Диуани Хикмет, 158-159-беттер, «Эверо» баспасы, 2007ж) - деп мінеген жалған, көзбояу сопылық па? «Ата жолынан адасқан Қайрат Жолдыбай» деген сүйкемеңде «Бұған қоса Жолдыбай мырза түрлі жиындарда өзінің ұшқары пікір, тиянақсыз байламдарымен жеке басын ғана масқара етпей, тұтас Қазақстан сияқты елдің атына кір келтіріп жүргенін өзі сезбейтін сияқты. Жақында өзбекстандық дінтанушы ғалымдар бас кейіпкері Қайрат Жолдыбай болған анекдотқа бергісіз хикаяны жыр қып жүргенін көзбен көрдік. ҚМДБ бөлім бастығы ретінде Қайрекеңнің Ташкентке сапарының бірінде өзбектер одан: «Осы сіздер пәтуаны қалай дайындап, шығарасыздар»- деп сұраған екен, Жолдыбай мырза көп ойланып жатпастан: «Пәтуаны ма, пәтуаны біз интернеттен көшіреміз» - деп жауап берген көрінеді. Күлкісін тыя алмаған көрші елдің дінтанушы-ғалымдары Қазақстан дінбасыларына «интернетқұмар мүфтият» - деген ат қойып, айдар тағыпты...» - деген өсек пен жалаңды жаудырыпсың. Әзірет-ау, біріншіден, Исламда бір адамның артынан сайқымазақ етіп анекдот айтпақ түгілі көңіліне кірбің салатын негізсіз әңгіме айту мен тыңдаудың, оны газет арқылы көпшілікке таратудың Құран үкімі бойынша «өз бауырының етін өлідей жегенмен тең» ғайбат екенін әлі күнге дейін білмейтін бе едің? Ал ғайбат айтқан адамды ғайбат етілген жан кешірмейінше, Алланың да кешірмейтіндей ауыр күнә екенін білмесең, енді біліп жүр. Ал мүлдем болмағанды болды деп ойдан шығару бұл барып тұрған қып қызыл жала. Ал жаланың күнәсі... Әзірет, егер сенің көкірегіңде титтей де адамгершілік пен ұятың болғанда, жоғардағы өсекті жерден жеті қоян тапқандай сүйкемеңе кіргізіп, газетке бастырмас едің. Мұнымен сен мені қаралап, деңгейімді түсірген жоқсың. Керісінше, өзіңнің бетпердеңді, қай дәрежедегі пенде екеніңді айшықтап бердің. Әр адам өзінің ішкі дүниесіне қарай әрекет етеді. Құранда: «Әркім өзінің мінез-құлқына қарай әрекет етеді» - делінген емес пе? Ал енді сенің жазған өсегің мен жалаңа жауап берер болсам, біріншіден мен Өзбекстанға барып, өзбек дінтанушылармен кездесіппін бе, әуелі соны анықтап ал. Екіншіден, сенің жазғаның ойдан шығарылған жала емес, әлде біреулердің айтып жүрген өсегі болса, оларға менен дұғай-дұғай сәлем айт. Дін адамына жараспайтын ойдан шығарған анекдоттарымен бірге махшар күні Жаратқанның алдында кездесетінімді жеткіз. Үшіншіден, менің оқырман сауалдарына берген жауаптарымды исламның классикалық қайнар көздерінен пайдаланып дайындайтынымды сен білмесең, жұрт біледі. Күрделі сұрақтарға жауап ретінде жазылған бір ғана «Дін мен діл» кітабымды жазу барысында сексенге жуық әрқайсысы ондаған томдардан тұратын исламның классикалық қайнар көздерін пайдаланғанымды сен білмей-ақ қой, оған әр ісімді бақылап тұрған Ұлы Жаратушым мен бөлмемнің бүкіл қабырғасын жауып тұрған жеке кітапханам куә. Әзірет! Діттегеніңді дәлелдеп, мені «уаһһаби» етіп көрсету үшін айтпаған сөзімді айтты деп, тіпті тақырыпты ашып тұрған кейбір сөйлемдерімді қасақана қысқарту арқылы ғылыми алаяқтыққа да баруды ұмытпапсың! Аталмыш мақалаңда: «Қазақ салт-дәстүр, ырым-тыйымын Құран аятынан, Пайғамбар хадисінен артық қояды, Жаратқанға серік қосады» деп бүтін бір ұлттың хақ исламға деген сенімін, құрметін жойып, ислами түсініктегі ең кешірілмейтін күнәні бүкіл дәстүрлі дүниетанымы етіп көрсеткен. Яғни дәстүрлі дүниетанымға «уаһһабилік» көзбен қараған»-деп менің айтпаған сөзімді айтты депсің де, тақырыпты ашып тұрған кейінгі сөйлемімді қасақана қырқып тастап, өзіңше теріс «тәпсір» жасағансың. Ал енді оқырман менің жазған жауабым мен сенің жазған жалаңды салыстырып өз көздерімен оқысын. Менің «монтаждалмаған» жауабым: «Қазіргі таңда кейбір ырымдар мен негізсіз тыйымдарға бәзбір танымы таяз жандардың құлай беріліп, оған қатты сенгендігі соншалық - оны Құранның үкімдері мен пайғамбарымыздың тыйымдарынан да жоғары қояды. Мысалы, жаңа түскен келіннің жүзіне ұн жағылмай қалса, «жаман боладыға» салып, сол ырымды орындатпай қоймайды. Ал бірақ сол үйлену тойда арақ ішіліп, небір харам нәрселер істеліп жатса да, оған жаны ауырып, көңілі құлазымайды. Сонда ешбір негізі жоқ ырымның Алланың шариғатынан да жоғары болғаны ма? Адамға пәлекет пен кесір келсе, мұндай негізсіз ырымдардың орындалмай қалуынан емес, әлгіндей харам нәрселердің кесірінен болатыны сөзсіз»( «Ислам және Өркениет» 1-10 қазан, 2009 ж). Байқағандарыңыздай, мен «қазақ халқы» деп көпшілікке топырақ шашқан емеспін, керісінше, «бәзбір танымы таяз жандардың» дегенмін. Сондай-ақ, Әзірет Барбол жазғандай қазақтың барлық «салт-дәстүр, ырым-тыйымын» емес, «кейбір ырымдар мен негізсіз тыйымдарға» дегенмін. Ал тақырыптың мәнін ашып тұрған «Мысалы, жаңа түскен келіннің» деп басталатын сөйлемімді түгелдей қасақана бермеу арқылы оқырманды жаңылдыруды көздеп, алаяқтық жасаған. Әзірет, бұл алаяқтығың бірінші рет емес. «Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 24 желтоқсанда жарық көрген «Әулие білгіш айтты деп, жазылған талай қате көп...» деген мақалаңның аяқ жағында реті келмесе де маған да бір сүйкеніп өтіпсің. Мен «Айқын» газетіне берген сұхбатым арқылы елімізде бас көтере бастаған пайғамбар хадисін мойындамайтын ағымның тарихта қайдан шыққанын, олардың артында кімдер тұрғанын, қандай уәждерге сүйенетінін тарқатып түсіндіріп, олардың әрқайсысына ғылыми тұрғыдан аят, хадистермен, тарихи деректерге сүйене отырып жеке-жеке жауап берген болатынмын. Құраншылардың бет пердесін ашып берген «Сүннетті мойындамау - дін бұзудың амалы» деген тақырыппен жарияланған бұл сұхбатыма зиялылар мен дінтанушылардың көбі ризашылық білдірген-ді. Ал Әзірет Барбол бұлардың бәріне көз жұмып қарап, мені бұл ағымды қорғап, қолдап отырғандай, журналистің «Пайғамбар сөздерін қабылдамайтын бұл топ қазақ еліне қаншалықты қауіпті?» деген соңғы сұрағына берген жауабымның аяқ жағын тағы да қасақана қысқарту арқылы оқырманды жаңылдыруға ұмтылған: «ҚМДБ-ның өкілі, өзін исламтанушы деп таныстарған Қайрат Жолдыбай: «Әуелі Қазақстанда бас көтере бастаған бұл жаңсақ пікірдің жақтаушыларының бәрінің ниеті дін бұзу деп жалпылай айту қате...Қазақ жерінде бұл ағымның анау айтқандай ықпалы болады деп айта алмаймын» деп жауап беруінен ҚМДБ-ның уаһһабилермен қаншалықты «ойнап» жүргендігін аңғаруға болады»-деп өзінше тұжырым жасап, менің берген жауабымның ішінен өзіне керекті сөйлемді ғана таңдап алу арқылы мені жазып отырған тақырыбыма мүлде қатысы жоқ ағымды қолдап, қорғап отырғандай көрсеткен. Ал енді оқырман менің берген жауабымның толық нұсқасын тағы да өз көздерімен оқып көрсін: «Әуелі Қазақстанда бас көтере бастаған бұл жаңсақ пікірдің жақтаушыларының бәрінің ниеті дін бұзу деп жалпылай айту қате. Олардың көпшілігі діни ілімі таяз болғандықтан, орианталистердің уәждері мен бұрмалауларына алданған адамдар болуы ықтимал. Себебі олар сүннеттің бізге дейін жетуі мен жазылу тарихын сенімді қайнар көздерден оқыған адамдар емес. Керісінше, сүннетке қарсы субъективті сыңар езу пікірлерді ғана тыңдаған немесе оқыған жандар. Мұндай адамдар ақиқатты түсінген кезде дереу әлгіндей қате ойларынан бас тартып жатады. Қазақта: «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демей ме? Ал іштеріндегі серкелері көп жағдайда қоғамға таңсық пікірлерді айту арқылы назарын өздеріне бұрғысы келетін «лидерлікке» құштар пенделер. Мұндай адамдардың жасап жүргені «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері. Сондай-ақ мұндай пікірлерді жақтаушы секілді көрінетін кейбір жандар - олар діннен үнемі жеңілдік іздеп жүрген, құлшылыққа құлықсыз әрі кейбір күнәларына ақтау іздеп шыққан нәпсіқұмар пенделер. Олар өздерінің іздегенін осы хадистерді мойындамау пікірінен тапқан соң, оның дұрысы мен бұрысын анықтап жатпастан, дереу жақтап шыға келеді. Қазақ жерінде бұл ағымның анау айтқандай ықпалы болады деп ойламаймын. Себебі бұл адасқан ағым тарихта ешбір ислам әлемінде кең ауқымды қолдау таппаған. Оның үстіне қазақ елінің әдет-ғұрпы мен болмысы хадистермен біте қайнасып, санасына сіңіп, тамырына тарап кеткен. Қазақтың көптеген мақал-мәтелдерінің мазмұнына көз жүгіртсек, қайнарының пайғамбарымыздың хадистеріне барып тірелетініне куә боламыз. Қазақ даласында да пайғамбар сөздері мен сүннетіне деген құрмет пен қастерлеу ерекше орынға ие. Мұны Абайдың: «Аят, хадис емес қой, Күпір болдың демес қой, Қанша қарсы келсеңіз» және «Әуелі аят, хадис - сөздің басы, Қосарлы бәйітсымал келді арасы. Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы» - деген өлең жолдарынан да байқауға болады. Абай бұл жыр жолдарында аят пен хадиске қарсы келудің күпірлік екенін әрі Құран аяты мен пайғамбар хадисінің сөздердің ішіндегі ең қастерлісі екенін әрі олардың қисынмен қиысатынан жеткізген. Сөз соңы ғасырлар бойы қалыптасып, халқымыздың жүрегіне бекіген сүннетке деген шынайы сенім мен құрметтің мұндай тамыры жоқ таяз тұжырымдармен шайқалмасы анық» . Міне, бұл менің берген жауабымның толық нұсқасы. Ал Әзірет ҚМДБ қызметкерлерін «уаһһаби» етіп көрсету үшін тағы да түрлі зымиян тәсілі мен айласын асыруға тырысқан. Сондай-ақ әр мақаласы арқылы өзінің діни білімінің жоқтығын, адамдық деңгейінің тым төмендігін көрсетіп алады. Байқасаңыздар, менің сүннетті мойындамайтындарға байланысты берген жауабымды жоғарыдағыдай қасақана қысқартқаннан кейін «...деп жауап беруінен ҚМДБ-ның уаһһабилермен қаншалықты «ойнап» жүргендігін аңғаруға болады» - деп өзінің Құраншылар мен уаһһабиліктің парқын білмейтін сауатсыз екенін тағы көрсетіп берді. Қазақ мұндайларға «Мен не деймін, домбырам не дейді?» демеуші ме еді? Әйтпесе, титтей де діни сауаты болса, менің хадисті мойындамайтындарға байланысты берген жауабымды «уаһһабилікпен» мүлде байланыстырмас еді. Әзірет! «Қазақстан» газетінде жариялаған әр сүйкемеңе жеке-жеке қарсы жауап жазуыма болар еді. Бірақ түкке тұрғысыз, ғылымилықтан алшақ, өсек-аяң мен жалаға, алаяқтыққа толы дүниелерге жауап жазып отыруға менің уақытым жоқ. Газет бетінде бір мұсылман бауырыммен тартысып жатуға моральдық тұрғыдан да жан дүнием разы емес. Ешбір діни ереже-қағидаға сүйенбей сыңаржақ пікірлерге жауап беру, діни ғылымнан мүлде хабары жоқ адаммен таласып жату, оған бола уақытымды ысырап ету - бұл менің таңдаған жолым емес. Сенің жала жауып, өсек айтуға бос уақытың көп болса, менікі мүлдем жоқ. Бұл менің саған жазған алғашқы әрі соңғы жауабым! Ит үре береді, керуен көше береді. Алаңда сауатты футбол ойнау үшін де екі жақтың келіскен ереже-қағидалары болады. Әйтпесе, алаң футбол ойынына емес, қып қызыл дауға, соғысқа айналады. Сол секілді сенімен ғылыми пікір таласқа баруым үшін сен әуелі жоғарыда аты аталған шариғи ғылымдарды оқы. Онда айтылған діни үкім шығаруға қажетті ереже-қағидалар мен әдіс-тәсілдерін меңгер. Әрине, арабша сауатың, аят-хадистің нәзік тұстарын білуге деңгейің жетіп жатса! Сөз соңында, Әзірет Барбол бауырым! Дін әркімнің шала түсінігімен әр жаққа тартатын еріккенің ермегі емес екенін әманда естен шығарма! Алла Елшісі білдіргендей: «Көкірек сарайында титтей де ұятың жоқ болса, онда қалағаныңды істе», аузыңа келгенді жаз дегеннен басқа айтарым жоқ. Бірақ сенің қаралап, жала жапқан әрбір мұсылман баласының ғарасат майданында сенен ақысын алу үшін жағаңа жабысатынан да әсте ұмытпа! http://abai.kz/content/abai-ua-abi-ma
Қайрат Жолдыбайұлы мырза! мен Сіздің атыңызды көп естимін. Бірақ жазғандарыңызды бірінші рет оқып отырмын. Сөз қайтарымың, ұстанымың жақсы. Мен Нахшбандия мектебінде тәрбие көрген затпын ғой. Артық сөз сенен көрмедім. Алла сұхбаналлаһ діндеріңді қиындатпаңдар деген ғой. Біздің ұстаздарымыз жақсы ұстаз діннен жұртты бездіруші емес, дінге жүртты үміттендіруші деген. Сенің "Уаһһабилер" туралы ұстанымың өте көркем және парасатты. Сондықтан біз сендей азаматқа зәруміз. Оның есесіне өздерін "Яссауия тарихатындағы сопылармыз" дейтін топтың мақсатын түсіну маған өте ауыр. Мен Әзірет барбол дегеннің де атын естімесем, оқымадым. Уақыт ысырап, Аллаһ қажетсіз ілімнен сақтасын. Саған Аллаһ разы болсын.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.