Желтоқсан айының бас кезінде Брюссельге кезекті мәжіліске жиналған Еуроодаққа мүше 27 елдің сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге байланысты Тель-Авивтің талап етуімен сәл жұмсартылған сөз тіркесімен Швеция Сыртқы істер министрі Карл Бильдтің ұсынысы бойынша резолюция қабылдады. Карл Иерусалимді екіге бөліп, оны екі мемлекеттің — Израиль мен Палестинаның астанасы етуді ұсынды.
Бірақ, бұл идея сонау 1980 жылдың өзінде-ақ Киелі қаланы өзінің «жалғыз әрі бөлінбейтін» астанасы деп жариялаған Еврей мемлекеті ұстанымына сай келмесе, 1967 жылғы алты күндік соғыс кезінде израильдіктердің қол астына өтіп кеткен Иерусалимнің шығыс бөлігін өзінің астанасы ретінде көргісі келетін палестиналықтар қойып отырған талапқа дөп келеді. Сонымен, Иерусалия бөліне ме, жоқ па?
Киелі қала мәртебесін анықтау не үшін қажет?
Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге қатысты Еуроодаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері қабылдаған резолюция Израиль мен Палестинаның болашақ астанасы ретінде Иерусалимнің мәртебесін айқындауға байланысты екі ел арасындағы келіссөздерді қайта бастауға шақырады. Сөйте тұра, әлгі құжатта: «Еуроодақ Шығыс Иерусалимді Израильдің күшпен тартып алғандығын (аннекциялауын) ешқашан мойындаған емес. ЕО 1967 жылғы шекараның (соның ішінде Иерусалим шекарасының да) қандай да бір өзгеріске ұшырағанын мойындамайды. Онда тек екі жақтың келісімімен өзгерген шекара ғана танылуы мүмкін»,— делінген. Сондай-ақ, Еуропалық елдер кеңесі өз резолюциясында Израиль билігін Шығыс Иерусалим мен Йордан өзенінің Батыс жағалауындағы басқа аудандардың бәрінде мекен-жай салу іс-әрекеттерін дереу тоқтатуға (оған халықтың табиғи өсіміне сәйкес құрылыстарды жүргізу де жатады), 2001 жылдың анурыз айынан бері қарай тұрғызылған барлық бекіністерді (форпосттар) бұзуға шақырды. ЕО Тель-Авивтің Батыс жағалауда тұрғын үйлер салуды кейінге қалдыруға қатысты шешімін «дұрыс бағытқа жасалған алғашқы қадам» деп бағалады. Бірақ, шын мәніне келсек, Тель-Авив бұл шешімді палестиналықтарға жаны ашғандықтан, иә болмаса БҰҰ-ның қаһарынан қорыққандықтан қабылдамаған болатын. Мәселен, бұрынырақ Израильдің Ішкі істер министрлігі Батыс жағалауда орналасқан Гило ауданында тағы да 900 үй салуды мақұлдаған еді. Бірақ, осыдан біраз уақыт өткеннен кейін ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяху палестиналықтармен бейбіт келісім жүргізуге кедергі жасап, шет елдердің қысым көрсетуінен құтылу мақсатымен құрылыс жүргізуге 10 айлық мерзімге жартылай мораторий енгізген-тін. Бұған наразылық білдірген Батыс жағалаудағы еврей тұрғындарының кәріне ұшыраған ол ақырында әскери-саяси кабинет мәжілісінде: «Мұның бәріне ПА басшылары айыпты, өйткені, олар Израильмен келіссөздерден бас тарту «стратегиясын» жүргізіп отыр»,— деп, сүттен ақ, судан таза бола қалған-ды. Палестиналықтар болса, Израиль тарапынан жасалып отырған жеңілдіктің диалогты қайта жалғастыруға жеткіліксіз екендігін айтып, еврей жағынан тұрғын үйлер салу іс-әрекетін (соның ішінде Иерусалимнің тыныш кварталдары да бар) толық тоқтатуы талап етіп отыр. Сондай-ақ, ПА басшылары істің тұрғын үйлерді салуды тоқтатумен де бітпейтіндігін, өйткені, Израиль тарапынан Батыс жағалау мен Иерусалимді жаулап алу әрі қарай жалғасып отырғандығын айғақты дәлел ретінде алға тартады. Әлгі резолюцияда кеңестің ақырғы мәртебеге қатысты, соның ішінде шекара мен Иерусалим мәртебесі, босқындар жағдайы, қауіпсіздік пен су ресурстары, алдыңғы келісімдер мен уағдаластықтарды құрметтеу тәрізді барлық мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуді қайта бастау жөніндегі американдықтар тарапынан жұмсалып отырған күш-жігерге қолдау көрсететіндігі айтылған. Атап өтер болсақ, Вашингтон сонау мамыр айында-ақ астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды ұсынған болатын. Б.Обаманың жоспарына сәйкес, Киелі қала БҰҰ-ның бақылауына өтуі тиіс еді. Кеңес өз елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Израиль тарапынан қойылып отырған талаптардың толық заңды екендігін мойындай отырып, Газа секторында зорлық-зомбылық көрсетудің барлық түрін және заңсыз жолмен контрабандалық қару-жарақ әкелуді толық тоқтатуға, ПА басшысы Махмуд Аббасқа, палестинаішілік жағдайды реттеп, Газа секторы мен Батыс жағалауды біріктіруге ықпал ету мақсатында Мысыр мен Араб мемлекеттері лигасы жұмсап отырған күш-жігерге қолдау көрсетуге шақырды.
Резолюцияны кім қалай қабылдайды?
Қалыптасқан жағдайды М.Аббас өз мүдесіне пайдаланып қалуды ойлайды. Оның сонау қараша айының бас кезінде 2010 жылдың қаңтар айында ПА-да болатын президенттік сайлауға қатыспай, саясат сахнасынан мүлдем кететінін жария етуі соның бір дәлелі десек болады. Ол 2003 жылы да осындай шешімін ресми түрде жария етіп, бірақ онысы орындалмаған болатын. Десе де, оның осы жолғы шешімі әлем елдері ғана емес, еврейлерді де әбіржіткен болатын. Өйткені, әлем елдері, әсіресе Израиль Аббасты «шектеулі бағытты шынымен жақтайтын» саяси қайраткер деп таниды. Содан да болар, еврей елінің қорғаныс саласының кейбір беделді өкілдері Үкіметке Аббасты билік басында қалып, тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды көздейтін шешім қабылдайтын келіссөздерді қайта жалғастыруға мүмкіндік беретіндей жеңілдіктер беруге шақырып отырғанға ұқсайды.
ЕО-ның Иерусалимді екіге бөлуге шақыруын «заңдылық пен халықаралық құқықтың салтанат құруы» деп бағалаған Палестина Үкіметінің басшысы Салам Фаяд: «Бұл — палестиналықтарға үміт шырағын жағатын жеңіс. Мұның маңызды кезең болатын тағы бір себебі, ол — халықаралық қауымдастық елдері өкілдерінің 1967 жылы Израильдің Палестина жерін жаулап алуына қатысты тікелей жауапкершілікті бірте-бірте өз мойындарына ала бастауының белгісі. Бұл жеңіс палестина халқына өз тағдырын өзі шешіп, астанасы Шығыс Иерусалимде болатын тәуелсіз, толық егеменді мемлекет құруға мүмкіндік береді»,— деді. Дегенмен, ЕО резолюциясы Рамалладағылардың бәріне бірдей жақпағаны байқалады. Мысалы, автономияның Насихат министрі Мұстафа Баргути: «Маған бұл резолюциядан гөрі Швецияның бұрынғы жеке өзі ұсынған жоба көбірек ұнады, өйткені, онда Шығыс Иерусалим тікелей Палестинаның астанасы болуы тиіс делінген-ді»,— деді. Мұстафа сөзінің жаны бар. Себебі, Швеция ұсынған алғашқы резолюцияның мәтіні Израильге қатысты айтарлықтай қатқыл ескертулермен берілген-ді. Мәселен, онда ЕО Шығыс Иерусалимді болашақ Палестина мемлекетінің астанасы деп жариялап, ПА-ны жай ғана «Палестина» деп атауды ұсынған болатын. Бірақ, соңғы терминді Германия мен Израиль, Франция және бірқатар Шығыс Еуропа мемлекеттері, мысалы, Литва қатты сын тезіне алғандықтан, ЕО оны пайдаланудан бас тартқан еді. Сондай-ақ, резолюцияның алғашқы нұсқасы ЕО-ның 1967 жылға дейін өмір сүрген Израиль шекарасының (Иерусалимнің де) өзгергенін ешқашан да мойындамайтынын, Палестина мемлекетін Батыс жағалау мен Газа секторында және Шығыс Иерусалимде құруға шақырған болатын. Бірақ, бұл жерде де неміс жағының талабына сәйкес, Палестина мемлекетінің болашақ шекарасы туралы ұсыныстар ол құжаттан алынып тасталған еді. Германия Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле сонда: «Біз келіссөздердің дәл қай күні аяқталатынын білмейміз, ендеше, жаңа Палестина мемлекетінің территориясы қай меже бойынша өтетінін де тап басып айқындау мүмкін емес. Бұл — бейбіт келісімге зиянын тигізеді»,— деген уәжді алған тартқан-ды. ЕО резолюциясына ХАМАС-тың да көңілі толмайды. Осы қозғалыс өкілі Сами Абу Зухридің айтуынша: «Бұл шешім талап етілген деңгейден бір саты төмен, сол себепті, ол палестина халқының арман-тілегіне толық жауап бере алмайды».
Өз кезегінде, Израиль президенті Шимон Перес даулы мәселелердің шешімін әр жаққа телуге болмайтынын айта келіп: «Мұндай келіспеушіліктер келіссөз үстелінің басында шешілуі тиіс»,— деген пікір айтты. Еврей елінің Сыртқы істер министрі Авигдор Либерман ЕО үндеуіне реніш білдіріп: «Бұндай декларациялар аймақтық бейбіт процестердің қайта басталуына ықпал етпейді. Оған қоса, қорытынды құжат ЕО-ның шиеленісті бейбіт жолмен шешуге қатысты ұстанымының өзгермегенін көрсетеді. Мәлімдеме Израиль мен Палестина арасындағы қарым-қатынасты реттеудің басты кедергісі — палестиналықтардың келіссөз үстелінің басына отырудан қашқақтауын ескермейді. Диалогты бастауға израильдіктер тарапынан жасалып отырған күш-жігер аясында Тель-Авив ЕО-ның келіссөздердің тез арада қайта басталуына ықпал етпейтін құжат қабылдағанына өкініш білдіреді. Швецияның Шығыс Иерусалимді Палестина мемлекетінің астанасы деп жариялауға ұсыныс жасауы — өзіне көңіл аударту әрекеті ғана»,— деген мәлімдеме жасады. Ұзақ уақыт бойы нақты шешімін таба алмай келе жатқан бұл даулы мәселе енді қаншаға дейін созылады, оны ешкім тап басып айтып бере алмайды. Оның үстіне Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу үшін Иерусалимнің мәртебесі мен Палестина мемлекетінің шекарасын анықтаудан басқа, босқындар мәселесі де бар ғой. Бұл мәселені шешу үшін де әлем елдеріне алда сандаған резолюция қабылдауға тура келері хақ. Бірақ, оны Тель-Авивтің «ләппай, тақсыр» деп бірден қабылдай қоюы күмән тудырады.. Себебі, Израиль билігі өзіне жақпаған БҰҰ резолюциясын еш қымсынбастан кеудеден кері итеріп, «қыларыңды қылып ал» деп, тек осы халықаралық ұйымға ғана емес, күллі әлемдік қауымдастық елдеріне қасқайып қарсы тұрып келе жатқаны жасырын емес қой. Ендеше, Палестинаның тәуелсіз ел ретінде Шығыс Иерусалимде туын желбіретіп егемен мемлекет боларына сену қиындай түсері кәміл. Тек алдағы оқиғалар желісі бұл күмәнімізді сейілтіп, ғасырлар бойы тағдырдың қатал соққысына ұшырап келе жатқан, маңдайының соры бес елі палестина халқының жарқын болашаққа артқан үміттері ақталып, тәуелсіз мемлекет болып жатса, құба-құп, әлбетте...
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.