Бүгін Алматыда Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы ҚР
Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Ислам конференциясы ұйымы және
Қазақстан: ынтымақтастықтың болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел
өткізді.Аталмыш орталықтың президенті, саяси ғылымдар докторы Есенжол
Алияров Қазақстан 2011 жылы «Ислам конференциясы ұйымына» мүше-елдердің
сыртқы істер министрлері кеңесінің 38 сессиясына төрағалық ететіндігін
айтады. «Бүгінгі шараның мақсаты Қазақстандағы діндердің,
мемлекеттердің және қоғамның өзара әрекеттестігі сияқты көкейкесті
мәселелерді талдау, сондай-ақ Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымының
төрағасы ретіндегі сыртқы саясаттағы бастамаларына талдау жасау болып
табылады», дейді ол.
Дөңгелек үстелге қатысушылар экономикаға ислам қағидаларын енгізу,
әсіресе, әлемдік экономикалық дағдарыстан кейін өзекті бола түскендігін
айтты. Ислам экономикасының құндылығы, оның әлеуметтік бағдарында, пайда
табуды емес, халықтың мүддесін көтеруді бірінші орынға қоюында болып
отыр. Дөңгелек үстелде ислам қағидаларын экономикаға енгізу мен
Қазақстандағы ахуалы да қаралды.
Сонымен қатар шара барысында Қазақстанның және оның сыртқы саяси
бастамаларының 2011 жылы ИКҰ төрағасы қызметін атқарған кездегі
міндеттері қаралып, «Мұсылмандар құқығы», «Экономикадағы ислам
принциптері», «Діни радикализмге қарсы әрекет» тақырыбында баяндамалар
оқылып, талқыланды.
Жиынға қазақстандық және шетелдік тәуелсіз және мемлекеттік
ғылыми-зерттеу мен талдау құрылымдарының өкілдері, дінтанушы-сарапшылар,
шығыстанушылар, саясаттанушылар, БАҚ және мемлекеттік емес ұйымдардың
өкілдері қатысты. Әділет Мұсахаев, inform.kz
|