Өйткені, саған қойылар бүгінгі уақыт талабы күшейді. Сынақтан неге сүрінді? Қызылорда облыстық «Ақ мешітте» Сыр өңіріндегі Дінбасының бұйрығынан өтпеген 21 ауыл имамы мен молдасы екі күн бойы діни басқарманың аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлы бастап келген жеті кісілік сараптау комиссиясының сынағына түсті. Алғашқысы Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі Тілеуқабыл ишан мешітінде 16 жылдан бері молдалық етіп келе жатқан 69 жастағы Тыныштық ақсақал Иманғазиев еді. Ол кезінде жергілікті мешіттің жанындағы сауат ашу курсында аз-кем тіл сындырған. Мамандығы бойынша веттехник, яғни кіші мал дәрігері. Қазалы зооветеринарлық техникумын бітіріп, көп жыл мал шаруашылығында қызмет еткен. Соңғы қызмет орны Сексеуіл коммуналдық шаруашылығының директоры екен. Әлбетте, Алланың разылығы үшін дінге қызмет еткенге не жетсін?! Оған да, жалпы сараптауға қатысқан өзге де ауыл имамдары мен молдаларына негізінен күнделікті қызметіне тікелей байланысты сауалдар қойылды. Атап айтқан-да, Құран оқу, жаназа дұғасы, дәрет алу мен намазға қатысты. Жауабы ойдан шықпады... оның әрбіріне жеке-жеке тоқталмай-ақ қоялық. 13 мың тұрғыны бар кілең қандастарымыз мекендеген кентте діни істерді бүгінгі талап деңгейінде жүргізу үшін бұл молданың тәжірибесі жеткенімен, білімінің жеткіліксіздігі тайға таңба басқандай айқын көрінді. Кентте ислами өзге бір ағым жамағаты көбейген. Ал, жалпы жамағатты ол ағымнан сақтандырып, іргесін аулақ ұстауға үндеп, шақырады дейтін діндарымыздың деңгейі болса... төмен. Сондықтан, сараптау комиссиясы кент мешітінің имамдығына білімді де іскер, талапшыл жас маман жіберуді ұсынды. Осы ауданның орталық мешітінің наиб имамдығына уақытша ұсынылған 26 жасар Нұржан Кеңесхановтың ынта-ықыласы мен талпынысын сезінген сараптау комиссиясы шешімімен ол республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының алдағы кезекті тобына жіберілетін болды. Бұл жігіт осы мешітте 6 жылдан бері молда екен. Әлбетте, Дінбасының бұйрығынан өтпеген. Алматыдағы діни басқарма жанындағы сауат ашу курсында оқып, Аралқұм ауылдық мешітінде Дінбасының бұйрығынсыз қызмет етіп келген 42 жасар Жеткербай Алдабергенов алдыңғы екі әріптесімен салыстырғанда біршама білімділік танытты. Құранды да, жаназа дұғасын да әжептәуір, сауаттырақ оқыды. Қазалы ауданы, Ақтам батыр ауылдық мешітінде қызмет ететін Қуаныш Есенқұлов Қызылорда мен Таразда аз-кем діни сауатын ашқан. Әйтсе де, бүгінгі талап жоғары. Білімді көтере түсу қажет. Жұма намазына ауыл бойынша 10-15 жамағат қана қатысады екен. Осы ауданның Бекарыстан би ауылдық мешітінің имамы 30 жасар Ерболат Қалиев Алматыдағы діни сауат ашу курсында 6 ай оқыпты. Ал, Басықара ауылдық мешітінің молдасы 33 жасар Болатбек Әлібеков болса өз кезінде діндар әкесінен отбасында діни сауатын ашқан. Әкеден алған білімі діни қызмет атқаруы үшін кәдеге асқан. Әкеден мал емес, білімі мен тәлім-тәрбиесін алуы өзгелер үшін ғибрат емес пе?! Енді ол республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында дәріс алатын болады. Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылдық мешітінде бұйрықсыз қызмет етіп келген 27 жасар Құдайберді Медетбаев Түркіс-тандағы медреселерге шәкірттер дайындайтын курста 8 ай білім алған. Әйтсе де сараптауға дайындаған құжаттарында мұны дәлелдейтін сол оқу орнының анықтамасы жетіспеуіне байланысты ол ... келесі сараптамаға қалдырылды. Қармақшы ауданы, ІІІ интернационал ауылдық мешітінде 3 жылдан бері бұйрықсыз имам қызметін атқарып келген Сүлеймен Біләловтің діни білім деңгейінің төмендігі соншалық - дүниеден өткен марқұмдардың жаназасын кәдуілгі «Лә илләһа илла Аллаһ», «Рәббанна әтина фиддуния» деген дұғалармен ғана... шығарып келіпті. Мұнысына қарап бес уақыт намазды қалай өткізіп жүретінін іштей шамалай беріңіз. Халықты дінге шақырып, имандылыққа ұйытады деген діндарымыздың бар деңгейі мен бүгінгі өмірдің ащы шындығы - осы. Күлесіз бе, жылайсыз ба? Осындай себептер мен діни білімдерінің төмен деңгейіне байланысты сынаққа түскен 21 имам мен молданың 6-уы өтпеді, кейінге қалдырылды. Бұл жасырып-жабары жоқ, еліміздің өзге де бірқатар ауылдық және кенттік мешіттерінің имамдары мен молдаларына тән ортақ жағдай. Құдайға шүкір, діни орта және жоғары білімді мамандардың біршама бөлігі кезінде ауыл мешіттеріне қызметке жіберілді және жіберіліп те жатыр. Әйтсе де, онда жас маманға тиісінше әлеуметтік жағдай жасалмағандықтан (тұрақты жалақы берілмейді, үй немесе пәтер бөлінбейді), көп тұрақтамай, күнкөріс жағдайын күйттеп, бұл күндері өзге салаларда қызмет етіп жүр. Ауылдық жерлерде мешіт салдырған жекелеген дінжанды, ұлтжанды қалталы азаматтар осы жағдайды ескеріп имам үшін мешіт жанынан арнайы тұрғын үй тұрғызып, жалақы да беріп тұрады. Тіпті, күзетші мен үй сыпырушы да ұстап, оған да тиісті жалақы беретіні мешіт салдырушы өзге ағайындарымыз үшін үлгі-өнеге болса керек. Жалпы, еліміздегі өзге салалармен, басқа дін, ағым, секта, топтармен салыстырғанда, тұрақты жалақы алмайтын, қаржылай қолдауға барынша мұқтаж мешіт қызметкерлері екенін жасырып-жабудың қажеті бола қоймас. Сондықтан, Дінбасы еліміздің әр аймағындағы ашылған медреселерге әр ауылдан дінге бейім жастарды оқуға тарту мәселесін күнтәртібіне қойып отыр. Сол талапқа орай, түптің түбінде әр ауылдан бір-бір жас медресе қабырғасынан арнаулы орта білім алып шықса, асыл дініміздің бүкіл еліміз бойынша күрт өсіп, жаңа сапалық деңгейге көтерілері хақ. Келесі жылы екі медреседен алғашқы түлектері ұшып шығып, ауыл мешіттеріне жол тартады. Мешіттің күтімі мен онда қызмет ететін діндардың күнкөрісі халық үстінде екенін дінімізді құрметтеп, қастерлейтін жамағатымыздың тиісінше біле, сезіне түскені абзал. Білмегенді сұраған абзал «Қызылорда қалалық «Айтбай» мешіті жамағатының арасында өзге ағым жетегінде жүргендер де бар» дегенді естіп, осы сапар барысында ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі, діни уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы құптан намазы-нан кейін намазхандармен еркін сұхбаттасып, олардың толғандырып жүрген сауал-дарына жауап берді. Алдымен жамағатқа уағыз айтты: «Алла тағала Адам (ғ.с.) атаны жаратқаннан кейін бүкіл періштелерге Адамға (ғ.с.) сәжде етуге әмір етті. Сол кезде тек Ібіліс ғана сәжде етпей, Алла әміріне бойсұнбады. Осы тәкаппарлығы үшін Алла тағала оны жәннаттан қуды. Сонда шайтан Алла тағалаға: «Сен жаратқан бүкіл адам баласын алдарынан да, арттарынан да, оң жақтарынан да, сол жақтарынан да азғырамын»,- деп серт береді. Лағынеті шайтанның адамды азғырғаны соншалық - бір мұсылман екіншісін жеккөретіндей дәрежеге жеткізді. Бір-біріміздің арамызға от салып, кішкентай болмашы істерді үлкен етіп көрсетіп, ынтымағымызды бұзды. Алла тағала Құран Кәрімде бізге: «Шын мәнінде, мүміндер туыс. Туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Алладан қорқыңдар! Мүмкін, игілікке бөленерсіңдер» («Хужрат» сүресі, 10-аят),- деп әмір етті. Дәуіт (ғ.с.) былай мінәжат етіпті: «Ей, барлық мақтау-мадаққа ие Алла тағала! Саған лайықты түрде мақтау-мадақ айта алмадым». «Әлхамдулиллаһ» деп айтқан сөзімде де сенің берген тіліңді қолданамын ғой»,- деген екен. Сонда Алла тағала: «Ей, Дәуіт (ғ.с.)! Сен, расында да, шүкіршілік еткен құлдардан болдың»,- деген. Діндар ғалым хадис термин-дері мен түрлеріне, сондай-ақ оның шарттарына да кеңірек тоқталды. Оған көптеген сауал қойылды. Соның бірқатарын келтірелік. - Мешітке келгенде кейбір намазхан қолын көтеріп, тәкбірді қайта-қайта алады, бірақ біздің үйренгеніміз бойынша, тәкбірді бір-ақ рет аламыз. Сонда қалай болғаны, бір рет алуымыз керек пе, әлде қайта-қайта алуымыз керек пе? - Ибн Масьуд (р.а.) мешітке келіп отырған жамағатқа: - Сендерге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай намаз оқығанын көрсетейін бе?- деп екі рәкат намаз оқиды. Сонда бір-ақ рет тәкбір алады. Имам Ағзам Әбу Ханифаның бұл хадисті алған себебі, ибн Масьуд (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында көп жүрген және де фиқһ мәселесін жақсы меңгерген. - Біз алақанымызды жайып дұға етеміз, ал кейбір бауырларымыз қолын жайып, бет сипамайды. Бұл екеуінің айырмашылығын түсіндірсеңіз? - «Бет сипама» деген хадис жоқ. Бірақ, көп ғалымдар қол жайып, бет сипауға тоқтаған»,- дей келе Омар ибн Хаттабтан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға еткенде қолымен бетін сипамай тұрмаған»,- делінген. - Қаладағы кейбір мешіт-терде құбыла тарапын өлшеп бұрып еді, бірақ іле оны қайтадан бұрынғы қалпына келтірді. Қазіргі таңда құбыладан ауытқып, намаз оқудамыз. Бұл мәселеге қалай жауап бересіз? - Егер сіздердің имамдарыңыз құбыланы өзі бұрған болса, онда соған ұйып намаз оқисыздар. Өйткені, жауапкершілік имамда. Тақуалық - ол батысқа, не шығысқа қарау емес. Ол - жүректе, көркем мінезділікте, кішіпейілділікте, пайғамбарларға деген құрметте, Аллаға деген сүйіспеншілігімізде. - Мешітте намаз оқығанда парыз намазынан кейін сүннетті оқымастан бірден тәсбих қайтаратындар бар. Ал, мешітте намаз оқудың тәртібі бойынша оны соңынан қайтару керек. Айырмашылығы неде? - Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сахабалар келіп: «Иә, Алланың елшісі! Байлар болса, зекеттерін, садақаларын беріп жатыр. Біз болсақ, пақырмыз, қолымызда ешнәрсе жоқ»,- дегенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер үшін ең қайырлы да сауапты амал - намаздан соң тәсбих қайтару»,- деді. Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша, сүннет намазынан кейін тәсбих тартылады. Біздің мешіттеріміз Ханафи мәзһабы бойынша амал ететіндіктен, жамағат оның тәртібін сақтауы тиіс. - Құран бағыштауға бола ма, әлде болмай ма? - Құран бағыштауға болады. Көп ғалымдар бұл мәселеге тоқталмай өтпеген. Соның ішінде «Құран бағыштауға болмайды» деп жүргендердің ғалымдары ибн Таймия, ибн әл-Қаюм (Аллаһ оларға рахмет етсін): «Болады»,- деген. Бұлардың «Әр-Рух» деген кітабында Құранды марқұмдарға бағыштауға болатындығы жан-жақты дәлелденген. Екі сағатқа созылған бұл кездесуде жамағат өзге де сауалдарына тұщымды да дәлелді жауаптар алды. Абзалы, білмсіздікпен адасқанша, кө-ңілде күдік қалмас үшін, біл-мегенді білетіннен сұрап, сол бойынша амал ету. Жалпы, түрлі ағымдар жетегінде білімсіздікпен жүрген бауырларымыз үшін мұндай көкейтесті мәселелерге қатысты сұрақ-жауап кездесулері мен сұхбаттардың мән-маңызы зор. Жер-жерде өз нәтижесін бере бастаған бұл тиімді іс-тәжірибе алдағы кезде де өз жалғасын таба бермек. Әкімдіктегі қабылдау Облыс әкімінің орынбасары, профессор Мұрат Бақтиярұлы Мұхаметов пен әкімдіктің аппарат басшысы Рзақұл Сәденұлы Нұртаев, облыс әкімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уаис діни басқарманың сараптау комиссиясының төрағасы, ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбайұлы мен ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы, «Иман» журналының Бас редакторын (осы жолдардың авторы) қабылдап, сыр өңіріндегі діни ахуалға қатысты мейлінше пайдалы пікір алысты. Лауазым иелерінің ата-бабаларымыздың асыл дініне деген ерекше құрметі мен қамқорлығы айқын сезілді. Бұл үшін оларға Алла тағаланың нұры жаусын! Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы. Алматы - Қызылорда - Алматы.
|