Би-Би-Си ақпарат орталығының жуықта жария еткен ақпарына қарағанда, Мысыр билігі Рафах бекеті маңында Газа секторымен шектесетін шекара аймағында екі елдің арасын бөлетін биік темір қабырға қорғанын салуға кіріскен көрінеді. Қуатты техникалармен қаруланған мысырлық жұмысшылар темір қабырға қоршауды салуға жедел кірісіп кетсе керек.
Бұл жоба билік шешіміне сәйкес, бір жарым жыл ішінде аяқталуы тиіс екен. Аталған жобаны жасаумен американдық әскери инженерлер айналысыпты деседі. Бір қызығы, білетіндер бұл темір қабырға қорған не үшін, қандай мақсатқа байланысты салынып жатқаны жеті қат жер астындағы құпия дейтін көрінеді. Дегенмен, барлау саласында істейтін қайсыбір лауазымды тұлғалардың әлгі Би-Би-Си ақпарат орталығына берген сұхбатына сенсек, құрылысы бір жарым жылға созылатын осынау биік темір қоршаудың ұзындығы он шақырымға дейін созылса, оның іргетасы жер астына 18 метр тереңдікке дейін көміледі екен. Израильдік «Haaretz» газетінің мәліметіне қарағанда, құрылыстың тереңдігі одан да артық болмақшы көрінеді, яғни ол 20-30 метрге дейін жететін сияқты. Басылымның айтуынша, темірқабырға қоршауына кессе кесілмейтін, жақса ерімейтін аса төзімді құрылыс материалы пайдаланылып жатқанға ұқсайды. Естеріңізге сала кетсек, аталған Газа секторынан израильдік әскер мен осы өңірді мекендеген еврейлік тұрғындар 2005 жылғы қанқұйлы қарулы қақтығыстан кейін кеткен болатын. Содан бері Израиль осы Газа секторымен шектесетін шекарасын қатаң бақылауда ұстайды.
Ал, Газа секторында қазіргі күні әскерилендірілген палестиналық ХАМАС тобы билік құрып отыр. Бұл қарулы қозғалыс өздерінің жарғылық ережесіндегі басты мақсат — қазіргі Еврей мемлекетінің көзін құрту деп жариялағаны күллі әлемге әйгілі. Газа секторының оңтүстік шекарасын Израильмен арадағы қол жеткізілген арнайы келісімге сәйкес, Мысыр шекарашылары қорғайды. Бірақ, бұл шекара аймағы территориясын көптеген шым-шытырық жерасты тоннельдері кесіп өтеді. Сол тоннельмен контрабандашылар заңсыз жолмен өте көп мөлшерде әр түрлі тауарларды алып өтеді екен. Израиль жағының айтуы бойынша (егер ол шындыққа жанасса, әрине), олардың ішінде қарапайым халықтың тұрмыстық қажетін өтейтін тауарлардан басқа адамдар мен қару-жарақтар және жарылғыш заттарды алып өту өте жиі кездеседі.
Аталған құрылыс жобасының қаншалықты құпия екендігіне Мысыр қауіпсіздік қызметі өкілдерінің сөздерін дәйекті дерекке келтірген Рейтер агенттігінің хабары дәлел бола алатын сынды. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Мысырдың қауіпсіздік қызметіндегілер шекараның өн бойында әр жерде жер астына болат құбырлар түсірілетіндігін мәлімдепті.. Бірақ, оның не үшін қажет екендігі туралы жан-жақты талдап, қажет болса, толығырақ түсіндіріп беруден бас тартқан көрінеді. Мысырлық Рафах қалашығы кеңесінің өкілі Сүлеймен Аввад та мәселенің бүге-шігесінің бәрін ашып салмай, тек осы құрылыс жұмыстары басталардан біраз уақыт бұрынырақ шекараның өн бойында өскен ағаштардың бәрі қырқылып, әбден тазартылған жерге жол салынып, осы аймақта шекарадағы жағдайға қырағы бақылау жасауды қамтамасыз ететін арнайы әскери қондырғылар орналастырылғанын мәлім етіпті. Ал, ресми Каир билігі болып жатқан оқиғаларға байланысты әлі күнге не журналистерге, не басқадай әлемдік қауымдастық жұртшылығы мен алыс-жақын шет елдер өкілдеріне тіс жарып ештеңе демей, «тымпи» ойынын ойнап отыр. ХАМАС қозғалысының басшылары болса, аталған ақпаратты тексерумен енді ғана айналысып жатқандықтарын алға тартыпты. Егер қос ел арасын бөлетін биік темір қабырға қоршауы Мысырдың Тель-Авивпен келісуі арқылы салынып, ол Газа секторын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған радикалдық көзқарастағы қозғалыстың қарулы содырларына қарсы қолға алынған құпия әскери операция екені анықталса, қит етсе қаруға жармасатын ХАМАС пен Израиль арасындағы қарым-қатынас ыстығы қайта көтеріліп, Таяу Шығыс тағы да от құшағына орануы ғажап емес. Одан Таяу Шығыс елдері ғана емес, күллі әлем қауымдастығы елдерінің зардап шегері анық. Себебі, Жер атты планетада ғұмыр кешіп жатқан елдердің экономикасы мен тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен ұлттық құндылықтары бір-бірінсіз толыққанды өмір сүре алмайды. Ал, көздеріне қан толып, тек өшпенділігін бірінші орынға қойған елдер арасында бейбіт келісімге келу мүмкіндігінің қиындай берері сөзсіз. Олай болса, соғыс өрті қайта тұтанбасын деп тілейік...
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.